Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік бәрімізге ортақ

Жауапкершілік бәрімізге ортақ

Дүниені дүр сілкіндірген коронавирус індеті дендеп елімізге де жетті. Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия 19 наурыздан бастап аты жаман аурудың таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына індеттің таралып кетпеуінің алдын алу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына карантин режимін енгізгені белгілі. Он сегізінші наурызға дейін әлемнің 116 елінде 200138 адам коронавирус жұқтырып, оның 7993-і қаза болыпты, 82037 адам жазылған екен.

Мемлекетіміз дер кезінде шешім қабылдап, ақпарат құралдары арқылы халықты күнделікті ақпараттандырып отырды. Қазір де таңнан кешке дейін ауру жайлы құлақтанып жатырмыз. Ойлана келе қолыма қалам алдым. Өйткені, біздің ауданның халқы түк болмағандай, ештеңе естімегендей көшеде жайбырақат әлі жүр. Ауылдарда ас беру, қыз ұзату тойлары тоқтар емес. Бірін-бірі біраздан бері көрмеген әйелдер, қыз-келіншектер құшақтасып, беттерінен сүйісіп, мәз болуда. Ер кісілер де аналардан қаламыз ба дегендей, айқара қауышып, «Ой, әкесінің.. коронавирусы құрысын, Шиеліге келмейді» деп, тарқ-тарқ күліп жатқаны. Ауыздарына май, келмегені жақсы. Дегенде «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, оған салғырт қарамағынымыз дұрыс. Қарап отырсақ, бұл ойнайтын, қалжыңдайтын, әзілдейтін, күлкіңді келтіретін, әндетіп билейтін ауру емес. Тұмаудан жиырма есе жылдам тарап жұғатын індет көрінеді. Сонда тажалдан шейіт болған дұрыс па, ажалдан өлген дұрыс па? Бүгінде көптеген үйлерде жаңалық еститін теледидарлары да болмауы әбден мүмкін. Сондықтан мен ең болмаса «Өскен өңір» газетін алатындар, газет оқитындар назарына көргенімді, естігенімді, оқығанымды мақала ретінде жеткізгенді жөн санадым. Біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың нақты тапсырмалары мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен гигиеналық шараларды бұлжытпай орындауға тиіспіз. Бұл аурудан қорқу керек. Коронавирус ерлік көрсететін соғыс емес, көрінбейтін вирус, яғни тілсіз жау. Батырлық жасаймын деп, басқалардың обалына қалуға болмайды. Ауруды сіз жұқтырсаңыз, айналаңызға таратасыз. Одан қаншама адам зардап шегеді. Одан да үйімізде тыныш отырғанымыз абзал болмақ. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой. Дерттің жұғуы ауалы-тамшылы екен. Яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде, түкіргенде, сөйлегенде жұғып, тыныс алу жүйесі тез зақымданады. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлап, температура 38 градус және одан да жоғары болып, тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады екен. Содан басы ауырып, әлсіздік пайда болып, өкпесі қысылып, адам естен танып, өліп кетуі де ғажап емес. Қазіргі таңда коронавирус індетінің алдын алу үшін қолданылатын вакцина әзірге жоқ. Науқастарға жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Жазылып кетіп жатқандар да жеткілікті. Сонда да болса, одан қорғанудың қарапайым әдістері: қолды сабындап жуу, сосын спиртпен сүрту, антисептик пайдалану, жөтелгенде, түшкіргенде ауызды, мұрынды орамалмен жауып тұру, адамдармен көп араласа бермеу, үй жануарлары мен жабайы аңдарға жақындамау, үнемі ауызға мас­ка, қолға қолғап киіп жүру. Сонымен қатар тазалық, тәртіп сақтап, дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің айтқандарын орындап, нұсқауларын екі етпеу – аурудан сақтанудың алғы шарттары екенін естен шығармауымыз керек. Дертті жұдырықтай жұмылып, ауызбірлік, шыдамдылық, төзімділік танытып, үйден шықпай, тәртіпке бас ие отырып жеңеді екенбіз. Оңай нәрсе жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия отырысында халық үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар атына шынайы алғысын білдіріп, оларға бір айлық көлемінде сыйақы беруді тапсыруы да бекер емес. Бұл індет тәуекелі жоғары, Қытайдан тараған коронавирустың ошағы кеңейе түскендігін көрсетеді. Расында, біздің ауданның дәрігерлері мен полиция қызметкерлері де күндіз-түні көз ілмей, дерттің алдын алу жолында ерен еңбек етуде. Осындай сын сағатта уақытпен санаспай жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін мақтаныш етуіміз керек сияқты. Әшейінде «Осы полицейлер не бітіреді?» дейтіндерге Президент бағасын берді де қойды. Полиция қызметкерлері – Отан үшін, елі үшін, халықты қорғау үшін жанын пида етуге ант берген азаматтар. Олар оны аты жаман аурумен күресте дәлелдеді. Біздің аудандық полиция бөлімінің ардагерлері жеке құрамды мақтан ете отырып, үйлерінде, көшелерінде халықты сабырға шақырып, аты-жөні жоқ жүре бермеуді, отбасын, жан-жақтағы ұл-қыздарын, туыстарын, көршілерін індеттен сақтандырып, ақыл-кеңестерін айтып, «Құдай да сақтансаң сақтайды» қағидасын жеткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жатырмыз.
Қадірменді де құрметті ағайын, Шиелі тұрғындары! Бәрі де өзімізге байланысты. Неғұрлым жоғарыда айтылғандарды тыңдап, орындасақ, соғұрлым індеттің де ауылы алыстай түсетінін естен шығармайық. Елімізге сіздердің әрқайсысыларыңыздың амандықтарыңыз ауадай қажет. Қоғамның капиталы адам болғандықтан, Қазақстанның болашағы үшін Сіздер алтыннан да қымбатсыздар. Өмірде тірі жүргенге, тіршілікке ештеңе жетпейді. Өздеріңізді құрметтей біліңіздер. Ауырмаңыздар, сырқамаңыздар. Айтылған талаптар орындалса, бұл індетке де тосқауыл болады. Оған қазақ халқының жігері де, қайсарлығы да, ақылы мен айласы да жетеді. Оның үстіне аузымызда шариғат, бойымызда имандылық бар. Иә, халқымызды Алла Тағала бәле-жаладан, қауіп-қатерден сақтасын! Елімізге тұлпардың шабысын, қазағымыздың намысын тілейік.

Өркен Исмаил,
аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы

31 наурыз 2020 ж. 290 0