Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық емі дертке дауа

Халық емі дертке дауа

Тарихқа көз тастасақ, жер бетіне 100 жылда бір індет тарап отырғанын аңғарамыз. Нақтырақ айтар болсақ, 1720 жылы – оба, 1820 жылы – тырысқақ, 1920 жылы – испан тұмауы өршіген. Ал 2020 жылы коронавирустың салдарынан әлем халқы қайғылы жағдайға ұшырауда. Демек қазақ халқы бұған дейін де түрлі ауру-сырқаумен күресіп келді. Бірақ қалай?

Ұлы дала емінің пайдасы жайында ғалымдар да түрлі пайымдар айтады. Мысалы құрт, сүт, ешкі майының емдік қасиеттері жетерлік. Оны байырғы ата-бабаның әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен байқауға болады. Бір ғана 1643 жылы Орбұлақ шайқасын айтайықшы. Тарихты тереңінен зерттеген аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет өзінің фейсбук парақшасында былай деп жазады: «Батур хонтайшы мен Салқам Жәңгірдің Орбұлақтағы әйгілі шайқасы көпшілік есінде. Жоңғардың қалың 50 мың әскеріне қазақтар 600 қолмен қарсы шығыпты. Самарқандтан 20 мың қолмен Жалаңтөс Баһадүр көмекке жетіп үлгергенше қазақтар аталған шатқалда жоңғардың 10 мың сарбазын сеспей қатырыпты. Бұрын соңды бұндайды көрмеген, білмеген, естімеген Батур хонтайшы есінен тана қорыққан деседі. Тарихшылардың жазуынша, Салқам Жәңгір жоңғарға химиялық қарудың ежелгі әдісін қолданған. Тауда өсетін «Сасықтеке» деген шөптің түтінімен улапты. Аталған шөптің гүлін суға қайнатып, кептіріп, тұнбасын шүберекке орап, өртесе, улы түтін пайда болады екен. Алатаудан асып, арындап келген 50 мың жоңғарға азғантай ғана 600 қазақ осы тәсілді қолданып, тоқтатқан. Ал өздері ешкі майы жағылған шүберекпен бет-ауызын тұмшалап алып, удан қорғанған деседі. Ешкі майы жағылған шүберек улы түтінді сүзіп, ұстап, өкпеге таза ауаны ғана жібереді екен. Бұндай қаруды ежелгі гректерде қолданған деген дерек бар. Соған қарағанда 300 спартандықты бастап, парсының 20 мың әскеріне қарсы шапқан ­Леонид те осы тәсілді қолданған-ау шамасы. 1649 жылы Самарқан, Бұқар билеушілері Жалаңтөс Баһадүр мен ­Абдулазиз тізе қосып, Үндістан, Ауғанстан, Иранға қарсы соғыс ашқанда Салқам Жәңгір 100 мың қазақ әскерін бастап Жалаңтөс Баһадүрге қолдау білдіріп, Орбұлақтағы жасаған жақсылығын еселей қайтарған екен. Осылайша сол замандағы алдыңғы қатарлы елдерді тізе бүктірген көрінеді». Бұл жоғарыда атап өткен ешкі майының бір қасиетін аңғартса керек. Бүгінгідей қорғаныш бетпердесін таппай әлекке түскен ағайынға керек дерек болар деп ойладық.
Адыраспанмен аластап, жусанмен ем жасаған қазақ халқы пиязды да емдік қасиетте қолданады. Алайда, бүгінгі күні көзден жас ағызатын пияздың тағам дәмін кіргізумен қатар емдік қасиеті де бар екенін көпшілік біле бермейді. Пияз құрамында түрлі дәруменге бай минералды тұз, органикалық қышқыл, зиянды микробтарға қарсы төтеп беретін көзді ашытатын ұшпалы фитонцид деген зат бар. Ол ауадағы ауру тарататын микроб-бактерияларды жояды. Пияздың сөлі емге пайдалы. Мәселен, пиязды спиртке қосып жасаған аллачеп деген дәрі асқазан, ішек науқасына, сондай-ақ атеросклерозға да ем. Коронавирус қазақ еліне жеткелі дәріханаларда да дәрілер азая бастады. Ал пияз ауадағы вирусты өзіне тартып, зияннан қорғайды. Сондықтан үйдегі әр бөлменің ішіне пияздың қабығын ашып, турап ыдысқа салып қойсаңыздар, індеттен сақтанудың таптырмас бір амалы болмақ. Жалпы ауру иммунитеті төмен адамға тез жұғады. Сондықтан дұрыс тамақтану, тазалықты сақтау, сабырлылық пен емдік шараларды тиісінше қолдана білгеніміз абзал. Ауырмаңыздар!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


28 наурыз 2020 ж. 661 0