Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асхат Аймағамбетов ата-аналарға хат жазды

Асхат Аймағамбетов ата-аналарға хат жазды

BAQ.KZ. Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады, делінген министрдің Kundelik.kz-те жарияланған хатында.

Асхат Аймағамбетов балалардың көктемгі каникулы 16 наурызда басталағанын айта келе, үйде отырған оқушылардың демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге ата-аналар көмектесе алатынын жазды.

Менің ұлым – төртінші сынып оқушысы. Өзі кітап оқығанды жақсы көреді. Мысалы, оқу жылы басталғалы "Робинзон Крузо", "Том Сойердің бастан кешкен оқиғалары", "Менің атым – Қожа", "Көшпенділер" трилогиясы кітаптарын бірге оқып шықтық. Сүйікті кітабымыз – "Капитан Гранттың балалары". Сондай-ақ, ежелгі грек және мысыр мифтері мен аңыздарын қызыға оқып шықтық, - деп жазды министр.

Сонымен қатар, ол ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды екенін айтады. Егер бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады.

Маған бала кезімде ғылыми фантастика жанрында жазылған туындылар ұнайтын. Айзек Азимовтың, Рэй Брэдберидің, ағайынды Стругацкийлердің, Клиффорд Саймактың, Роберт Хайнлайнның еңбектері қиялымды оятатын. Осы авторлардың туындыларын оқып, күні бойы хикаялардың мазмұнын ойлап жүруші едім, - дейді ол хатында.

Осылайша, есейе келе, ғылыми әдебиеттерге деген қызығушылығым артанын айтады. Сондықтан, балаларды осы жанрға баулу өте маңызды деп ойлайды.

Бала кезде оқыған сүйікті туындыларыңызды балаларыңызға ұсынып көріңіздер. Ең бастысы, бала үйде кітапты неғұрлым көп оқитын болса, мектеп бағдарламасын соғұрлым жеңіл меңгеретінін ұмытпаңыздар. Кітап оқудан бөлек, отбасымен танымдық видеоларды қарауға болады. Мысалы, видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын және т.б. Біздің министрліктің сайтынан білім беру ресурстарының тізімін таба аласыздар. Айтпақшы, қазіргі кезеңде білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық. Бұл қосымша білім беру орталықтары, курстар мен секциялар жұмысын тоқтатқан кезеңде өте ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, бұл – балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, болашақта пайдасы тиетіні де сөзсіз, - делінген хатта.

Сондай-ақ, ол бұл – министрдің емес, жағдайға байланысты балаларымызда кенеттен пайда болған бос уақытты тиімді өткізуді және осы кезең бізді балаларымызбен жақындастыра түсуді қалайтын әкенің ұсыныстары ғана екенін айтады.
25 наурыз 2020 ж. 305 0