Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиінің мүмкіндігі мол

Латын әліпбиінің мүмкіндігі мол

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп жазған еді.

Расында, латын тілін толықтай меңгеріп, өз қажеттілігімізге жарата білсек, әлем елдерімен иық тіресетіндей жағдайда боламыз. Ана тілдің тамырына қан жүгіртіп, бабалар аманат еткен тілін ұрпағына таза қалпында жеткізуге жол сілтейтін бұл бастаманы көпшілік сарыла тосқан болатын. Сәйкесінше, ел ішінде латын қарпінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шара өткізілуде. Зиялы қауым өкілінің, тіл майталманының, тарихшы мен ғалымның, сарапшының, жалпы бұқараның ой-пікірі ортаға салынып та жүр. Бүгінге дейін латын әліпбиінің түрлі нұсқасы сараланып, әліпбиді жасау барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесі сақталып, сонымен қатар ғылыми принциптер негізге алынса да, әліпбиді тіл мамандары әлі де жіті зерттеу үстінде.
Жаңа әліпби бізге жаңа мүмкіндік беріп, зор жетістікке бастайтыны сөзсіз. Иә, бұл әліпби тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарға да ортақ әліпби болмақ. Қазаққа тән құндылықты сақтай отырып, әліпбиді өзгерту қазақ тілінің халықаралық аренаға шығуына мүмкіндік беріп, ғылыми-техникалық прогрестің заманауи­ жетістігіне айқара жол ашып, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтады. Одан әрі ақпарат алу мүмкіндігі кеңейтіліп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшелікке қарай икемделетінін, көпұлтты қазақ халқының бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да айта кеткен жөн болар.
Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 проценті меңгерген. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың 70 проценті осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын қарпімен таңбаланатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге мол мүмкіндік туғызады. Латын жазуына көшу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін қажеттілігі. Осы тұрғыда саналы ұрпақты тәрбиелеп, санасына сапалы білім құюда мұғалімдерге артылар жүк те жеңіл емес. «Шәкірті зейінді келеді. Ұстазы бейілді болса» деген бар. Сол үшін алдымен ұстаздар қауымы латын әліпбиін толықтай әрі сауатты меңгеруі керек-ақ. Ал солай болуы үшін сала мамандарына арнайы курс жүргізіліп, жалпыхалықтық диктант та алынып жатыр.
Айта кетейік, наурыз айында латын әріпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы мақұлданбақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба айтқан болатын.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма берілгеннен бергі 3-4 айдың ішінде ғалымдар 4 отырыс өткізді. Сол отырыстарда әліпбидің бірнеше нұсқасы қаралды. Жалпы бүгінге дейін 40-тан астам әліпби жобасы келіп түсті. Оның ішінде ғалымдардың ресми түрде қарағаны 30 жоба болды. Барлық жоба назардан тыс қалған жоқ. Барлығын талдап, талқыладық, қажетті дүниелері ескерілді. Авторларына жауап бердік, – деген болатын.
Комитет төрағасы орынбасарының сөзіне сенсек, аталған жобалардың ішінен төртеуі іріктеп алынып, талқыланыпты.
– Ғалымдардың пікірі тоғысқан бір мәселе, бұрынғы кириллицада қанша әріп болса, сонша дыбыс мұнда да болуы керек деген қағида жарамайды. Тілімізде еш қажеттілігі жоқ кірме дыбыстар да болғаны мәлім. Латынға көшудің бір мәні де сол – кезінде еліміз басынан кешкен бодандық заманда еркімізден тыс енген дыбыстардан құтылу, тіл тазалығына қол жеткізу. Бұрын 42 қаріп болса, енді 31 немесе 32 қаріп болуы мүмкін. Алайда, бұл қаріптер қазақтың әр дыбысының өз үнін, әуезін, айту, оқу, жазу ерекшелігін толық бере алады, – деді Ә.Қаба.
Топшылайтын болсақ, латын графикасына көшу көптеген мүмкіндікке, кеңістікке жол ашпақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

17 наурыз 2020 ж. 493 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9302)

12 мамыр 2025 ж.

№34 (9301)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031