Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылым мен техниканың тілі

Ғылым мен техниканың тілі

Латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылданған үш жылдан аса уақыт ішінде көптеген мәселелер көтеріліп, түрлі жоба да ұсынылды. Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шара өткізіліп келеді.
Бұған дейін зиялы қауым өкілдерінің, тіл майталмандарының, тарихшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың, жалпы бұқараның ой-пікірі ортаға салынды. Латын әліпбиінің түрлі нұсқасы сараланды, әліпбиді жасау барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің сақталуы, сонымен қатар ғылыми принциптер негізге алынды. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі, латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.
Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көпұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.
Жаңа әліпбиге көшу үрдісі бір күндік шаруа емес екені белігі. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс. Өткен жылдан бастап әліпбиді енгізу бойынша білім беру ұйымдарында арнайы кесте бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ең әуелі елімізде жаңа әліпбиді жетік меңгерген білікті кадрлар даярлану қолға алынды. Соған орай түрлі оқулықтар да басылып шығып жатыр. Білікті мамандар даярланып болған соң ғана латын жазуы барлық білім беру ұйымдарында жаппай оқытыла бастайды. Бұдан бөлек халықтың көзін үйретіп, дағдыландыру үшін көрнекі құралдар мен ғимарат атауларын да жаппай латын қарпінде жазу қолға алынған.
Тұтас түркі еліне белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Мырзахметұлы латын жазуына көшудің бес артықшылығын былай көрсетеді: «Біріншіден, қазақ тілі жасандылыққа ұрынған артикуляциялық базасынан арылып, табиғи қалпына түсер еді. Екіншіден, әріп сандары 42 әріптен 28-34-ке дейін қысқарып, жазу сыйымдылығы артып, машинкаға да, компьютерге де сыйымды болады. Интернетке де кедергісіз шығар едік. Үшіншіден, латын жазуына өтуге біздің тәжірибеміз де бар. Қазіргі аға ұрпақтың бәрі де латын жазуын қиналмай оқи береді. Ал жастар болса шет тілдерін оқығандықтан, латын әрпімен таныс болғандықтан, тез меңгеріп кетеді. Төртіншіден, біз латын әрпін біркелкі ортақ таңбамен алсақ, түрік халықтары бірін-бірі оқи алатын мүмкіндікке келеді. Бесіншіден, ең бас­тысы, санамызға күнде әсер етіп отырған кеңестік идеология мен дүниетанымның тұтқынынан босаймыз». Міне, осыдан-ақ жаңа әліпбиді жатсынбай, керісінше жоғалтқан дүниемізді қайта тапқандай қауышу қажет екенін ұғуға болады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

07 ақпан 2020 ж. 519 0