Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркениеттің жазуы – өмірдің талабы

Өркениеттің жазуы – өмірдің талабы

Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатынын байқау қиын емес. Бүкіл дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер секілді біраз дүниелер латын әліпбиімен байланысты. Жаһандану заманында өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру сатылары мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайтынын қоғам дәлелдеп отыр. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білу қажет.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі арқылы – ғылым мен техниканы терең зерттеп, интернет пен IT-технологияларды жетік меңгеруге мүмкіндік зор. Латын әліпбиі рухани болмысты байытып, қоғамдық ой-сананы жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.
Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына мүмкіндік береді. Еліміздің үштілділікке көшу үдерісі жылдамдап, ғылым саласын қарыштап дамытуға таптырмас жол болмақ. Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады. Латын жазуына көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, латын жазуы әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс.
Латын әліпбиіне көшу үрдісі бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын, зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс. Бұл бағытта Шиелі ауданы да көштен қалмай келеді. Арнайы шаралар мен түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде латын әліпбиімен жазылған жарнамалар мен мекеме атаулары, ақпараттық маңдайшалардың саны күн санап артуда. Бұл ең әуелі қоғамның назарын жаңа әріптерге үйретіп, бейімдеу үшін қажет. Дегенмен, елді мекендер арасында атауын латын қарпіне ауыстырған Бала би ауылынан басқа мекенді байқай қойған жоқпыз. Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, қаржыны, әжептәуір еңбекті қажет ететін дүние. Дегенмен, «Қалауын тапсаң қар да жанады» деген қазақпыз ғой, ретін тауып, ептесек қолдан келмейтін дүние болмас.
Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет. Ол үшін уақыт оздырмай, қазірден бас­тап білек сыбана іске көшкеніміз дұрыс. Өйткені алдымызда 2025 жылы күллі қазақ жұрты кириллицадан латынға көшіп, жаңа қаріптің жаңалығын сезініп, меңгерген елдер қатарында боламыз деген мақсат тұр.

Гүлхан ЯХИЯ

01 қазан 2019 ж. 830 0