Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны жайсаң Жағыпар

Жаны жайсаң Жағыпар

Өткен ғасырдың 80 жылдарының басы болса керек. Ашқұрсақтау жүретін сыбай-салтаң кезіміз. Түс әлетінде ағам Оразбектің үйіне кірген бетте мол асылған еттің бүлк-бүлк қайнағандағы кеңсірікті қытықтаған иісін алып елтігендей селтиіп тұрып қалдым. Тәбішкесін тырпылдатып шыға келген жеңгем иегімді көтеріп, амандасу ишарасын жасағанымда «Ауылдан келген ағаң ғой...» деп күбір етіп шәй-суын көтеріп үлкен бөлмеге кіре берген-ді. Тумысынан аяқ-қолы жеңіл жеңгемнің түр әлпетінен бір өзгешелеу ілтипаттың бар екені сезіліп тұр.

«Зал» деп аталатын бөлме есігінің еппен ашылып жабылғаны да, қонақтың зәуде бір ауылдан келуші көп ағайынның бірі емес екенін аңғартқандай еді. Түйсігім алдамаған екен. Бөлмеге оза бергенде «Дұрыстап амандас, ағаң білдей заврайОНО» деп соңғы сөзге екпін сала сыбырлап та үлгерген. Сол кездері қырықтың қырқасына енді ілінген ауылдас ағаның кескін келбетіне еріксіз назар аударар едіңіз. Шалқасынан тараған қалың да қайратты шашы онсызда бойшаң адамның еңсесін одан сайын көтеріп тұр. Құлжаның тұмсығындай дөңестеу біткен мұрын, қалың қас пен жарқабақ астындағы үкі көздерінен бір қарағанда суықтау сұстың қылаң етер белгісіндей болған ішкі бір тегеурін күштің, ал байыппен, сақтықпен қарайтын ерекше нұрлы жанары, күмбірлеп, құмығыңқырап шығатын жағымды дауысынан шынайылық пен жұмсақтау жан дүниесін жазбай тануға болар еді. Ағамыздың мейлінше жұмбақтау болып көрінер мінез болмысын танып, тап бастым деу қателік болар. Миығынан ғана күліп отырып, тереңіне бойлатпас тас-түйін берік те бекем мінез болмысында әкесін соғыс жалмаған жалғыз ұлдың өмір жолының тым жеңіл болмай балалық бал дәуреннің ойынына да, тойымына да мелдектеп мейірінің қанбаған, өзіне ғана сеніп өскен адамның секемшіл сезімталдықтың, өмірінде орын алған бізге беймағлұм қайсы бір өкініштері мен сағыныштарының сары табы жататынын ол кісімен кейіннен жақын араласа келе көз жеткендей еді. Қалай болғанда да «Мен Жағыпарды жүз процент білемін» дейтін мейлі замандастары, мейлі басқа да жақын-жуықтарға дау айтуға бармын. Ол кісінің көпшілік ойлайтыннан әлдеқайда күрделірек, тереңірек, өз мүмкіндігін көрсете алмаған рухани әлеуетінің өте зор болғанында дау жоқ. Әрине, бұл – өзіміз біраз жасты еңсеріп тастаған кейінгі көрген-түйгенді пайымдаған бүгінгі көзқарас.
Әлқисса, сол жолғы екі дос, екі ағайын арасындағы пейілді де зейінді әңгіме-дүкен, сыр-сұхбаттарының егжей-тегжейі есімде жоқ. Әйтсе де, достық пейіл, белгілі бір дәрежеде ілім-білімді қажет ететін қоғамдық өмір иірімдері мен әдебиет, мәдениет тақырыптарындағы ортақ көзқарас, рухани жақындыққа негізделген шынайы сыйластықты екеуі де өмірлерінің соңына дейін сақтап қалғандары ақиқат еді. Сол ұзақ жолдың бастауында орын алып, өзімнің бірді-екілі назар аударып жадымда қалғаны ағамыздың кірпігінен қылау іздейтін тазалығы мен барынша кірпияз кербездігі болатын. Қасын керіп, ернін дөңгелектеп «Өй-и, өзі-і былаий ғооий...» дегенді жай ғана созып, ерінгендей болып зорға дыбыстайтын кездері көп. Өзі де сұлу, артық ет байламаған сұңғақ сымбатына әрбір қимыл-қозғалысы жарасып-ақ тұратыны да шындық. Шағын қол шабаданы (дипломат) мен сөмкесінде бірнеше көйлек пен соған түстес галстуктер, кемінде екі пар костюм, сыңар шалбар, соңғы модадағы жалтыраған аяқ киімі болады екен. Киерінде оларын үтіктеп тазалаушы – мен. Ол кісінің өтінішімен бәрін бітіріп үстел басына іліп қойсаң, дәл шығар алдында айнып, «­Оразбек анандай костюм киіпті, басқасын үтікте» дейтінін қайтерсің? Және осы бір оншалықты ықыласты емес жұмысымды қадағалап, дәл желкеңде тұратыны бар. Диктант жазғанда еңкейіп қатеңді тексеріп тұратын мұғалім сияқты. Осындайда мына бір оқиға оралады: «Сен кетпе» дейді кешкісін. «Ертең орталық паркке қыдырамыз. Бұлардың тал түске дейін ұйықтайтын жаман әдеті бар екен (онысы рас және үй иесі тұрғанша теледидар қою немесе ас үйге барып ыдыс-аяқ сылдырату, бұл шаңырақтың бұзуға әсте де болмайтын қалыптасқан ежелгі дағдысы), бұларың тұрғанша таксилетіп әлгі ЦУМ-ңа барып қайтайық, балдарға киім-кешек алу керек. «Е, мақұл...»-дан басқа амал не? Ертеңіне заулатып ЦУМ-ға келдік. Ерте келіппіз, біраздан соң ашылған сауда орталығына бірінші болып кірдік. Ағам еш асығар емес. Екі-үш қабатты түгел аралап шықты. Сипап та, ұстап та, киіп те, сұрап та көреді, бірақ ештеңе алмайды. Келесі қатарға ойысады. Тағы осы, барлығын орнына қойып, бос шығады. Ыңғайсызданып иек қақсам, үндеме дегендей жай ғана қабағын қағып, көзін төңкереді. Әлден уақытта әупірім тәңірмен 3 қабаттағы бір түкпірден әлдене алып бастаған саудасының 180 градус кері бағытта ізбе із жүріп отырып, 1 қабаттан аяқталды-ау әйтеуір. Бір таңқаларлығы, түкпір-түкпір алапат кең залдағы қуыс-қуыстағы өзі көріп өткен сауда нүктелерін жаңылыссыз тауып, көңілге түйген қажеттінің бәрін алды-ау деймін. Не жоқ дейсіз онда? Балалар киімдері, «Мынау Нұрланға, анау Ерланға, мынасы Айсұлуға...», тіпті Рысжан жеңгемізге де лайықты көди-сөди, көйлек-көншекті қосқанда қайсысының болса да өлшемінен (размері) еш жаңылыспайтынына таңданбасқа шараң қалмайды. Ешкімнен «Мынау қалай болар екен..?» деп сұрамайды. «Мужчина, вам помочь..?» дейтін елгезек қыз-қырқынның да меселін қайтарып, үнсіз басын шайқайды. Бәрін өзі біліп тұрар еді. Неткен ұқыптылық десеңші? Ең соңында 2 пар, өлшемі ғана бөлек, түсі бірдей ақ-сұр жеңіл костюм-шалбар алып тұрғанында, сары қағазға оралған бума-бума орамдарды арқалап, артынып-тартынып тұрған мен шыдамай күңк еттім: «Екеуін бірдей кайтпексіз, аға?..» Миығынан жымиғанда қойған. Сөйтсем бірдей болып киіну үшін досына арнап алғаны екен. Тосын сыйға балаша мәз болған Орекем: «Үй болғалы мәгәзін дегеннің не екенін білмеймін, бәрін Шара ханум реттейді...» деп мақтанды. Жақаңның жауабы: «Онда тапқан ақшаңды қалай кантролдайсың?». Екеуі де мырс-мырс езу тартқанмен, іле түстерін жиып біріне бірі қараған көзқарастан: «Әй, осының жөні бар сөз ей...»,-дейтін күдіктің қылт еткені мен екіншісінің «Әй, осы сөзі құрғырды жөнсіз айтқам жоқ па екен-ей...» деген күмәннің жылт еткенін ұғар едің. Осы киімдерімен қаздың баласындай бірдей болып ағалы-інілі екі дос көшеге шыққанда жарасып-ақ тұрып еді. Мұншалықты таңдау мен талғамға, баға мен сапа, Алматы базарлары мен дүкендердің «кәнігі білгірі» жеңгеміздің өзінің, «провинциял...» деп ойлап келген қайнысының «осыншалықты бәсекеге қабілеттілігіне» қайран қалғаны бар. Бір қызығы, екеуі де өмірлерінің соңына дейін осы бірдей киіну үрдісін дағдыға айналдырғаны шындық. Басынан бақайшығына дейін демесек те, негізгі сырт киімдерінің, тіпті бәтеңкелеріне дейін барлығының да бір түс, бір фасонда болатынын шиелілік ағайындар аңғарса керек-ті. Таңдау мен тапсырыс беруші әрине Жақаң, қамтамасыз етуші Шара жеңгем болуы керек. Әйтеуір, Шиеліде Жақаңның үстіне ілген киімді, Алматыға барсаң Оразбектің үстінен көріп жазбай танитынбыз. Бүгіндері дәл сондай өз ағамның құндыз бөркі мен әсем тігістегі шетел тоны менің иелігімде, ал Жағыпар ағамның да дәл осы киімдері балаларының біреуіне тиген шығар. «Беу, дүние-ай!?.» дегенді осындайда айтады екен-ау деймін бұл күндері.
Сол жылы жазда ауылға келгенімде Жақаңның жұмыс орнына соғып, сәлем бергенім бар. Баласынбайды, ұстаздық ұлағатымен өзімен тең дәрежеде сөзге тартады. Не оқып жүргенімді тәтпіштеп сұрайды. Ой-өрісімді шамалағысы келген болар, бәлки. Ұмытпасам, «23 ступени в низ» деген, 2-Николай патшаның өмірі және өлімі (жеке дәрігері, қызметшісімен қоса бүкіл отбасы 4 қыз, 1 ұлымен атылған) жайлы кітапты оқығанымды айттым. Осыған қатты мән беріп, патшалық Ресей, декабристер қозғалысы, маған беймағлұм бірталай тарихи кітап мен дерек және Әмір Темірдің дүниежүзі тарих дөңгелегінің кері айналуына тікелей әсер еткен жойқын соғыстары жөнінде ұзақ әңгімеледі. Баязит сұлтан, Тоқтамыс ханның күйреуі салдарына талдау жасағанда, үлкен жоғарғы оқу орны ғұламасынан тарихи-танымдық өте қызғылықты да мазмұнды дәріс тыңдағандай болар едіңіз. Ағамыздың білімдарлығы еріксіз баурап, оқитыны мен көңілге тоқығанының осыншалықты көп болған оның өзі тұрғылас замандастарынан оқ бойы озық тұрғанын алғаш түйсінгендей болдым. Бұл пікірім ешқашан өзгерген емес. Қаншама адамның күтіп тұрғаны мен жұмысының көптігіне қарамастан, қолтықтап, осы күнгі аудандық ішкі істер ғимаратының алдындағы кітап дүкеніне ертіп әкеліп, Әбділда Тәжібаевтың 5 томдығын, тағы да басқа бірнеше кітап сатып алып беріп еді. Сол кітаптар әлі күнге сөремде, анда-санда көзіме түскенде парақтап, асыл ағамыздың осы бір жомарттығын сағынышпен еске алып, Құран бағыштаймын. Сол кісілер ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жүріп-ақ, дүние жинамаса да білім жинапты-ау... дегенді үлгі етсекші! Ал өзіміз ше? Жастықтың желігімен алтын уақыттың қадірін ұқпай, хәкім Абай айтқандай, «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң» ырду-дырдумен көп күндерімізді ысырап етпедік пе екен деген ой өзекке шоқ салады ондайда. Ал Жақаңдар болса, мыңдаған бала тағдырына жауапты болып, ұстаздар қауымының өздеріне ұстаздық етіп, басшылық жасау, рухани жағынан берерің болса ғана беделге ие боларлық ең қиын саладағы қызметін абыройлы атқара жүріп, отбасына да, қоғамға да, ағайын-туыс, жора-жолдастарға да бірдей көңіл бөлуге қалайша уақыт тапты екен деп ойлайсың.
Жақын араласа бастағаннан кейінгі арада біршама уақыт өткенде Оразбек досының 50 жылдық мерейтойының ауданда дүркіреп өтуіне де өзі мұрындық болды. Алматы, Қызылордадан келген қаламдас достары мен барша қонақтарды күтіп алып, шығарып салу, түрлі ұжым, мектептердегі кездесу, сыйлықтар мен шапан-шаттық, дастарқан мәзірі т.б қаржылық шығындардың барлығын да өзі көтеріп, өзі ұйымдастырғанының куәсі болдық. Жас отбасы болып саналатын інілеріне, яғни біздерге салмақ та салған жоқ, міндетсіп мінез де көрсеткен емес-ті. Қайта Кеңес өкіметі тарқап, өндіріс тоқтап, елге келіп барлығын жаңадан бастаған қиын-қыстау жылдарымызда қолтығымыздан сүйеп, демеп, бауырына тартып ағалық кеңесі мен қамқорлығын аяған емес. Жеңгеміз ­Рысжан да «ағама жеңгем сай», бір мың болғыр адам. Қашан, қандай жағдайда барсаң да ащы-тәттісін алдыңа тосып бәйек болғанынан жаңылған емес. Жақаңның апта құрғатпай келетін Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылордадағы туыс-жолдастарын былай қойғанда, өзімен қатарлас ауылдас замандастарының өзіне күн құрғатпай қызмет жасаушы едік. Ал жарықтық Жақаң болса қызметінде де, осындай жоспар-жоралғысыз жиірек болып тұратын «галстуксіз жиындардың» да бел ортасында шаршадым не шаршатты демей, маңдайы жарқырап отырар еді. Сонау аудан экономикасының тұралап, 1 қап ұн мәселе болып көтерілетін 1998 жылы аудандық орталық мешіт құрылысының аяқталып, әсіресе, Мұстафа Шоқай ескерткішінің ашылуына Жақаңның ұйымдастыру мен қаржы жинаудағы орасан зор еңбегі сіңгенін қалай айтпасқа? Білім саласындағы басшылық қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі осы саладағы барша ұстаздарға бүгінге дейін үлгі-өнеге екені даусыз. Биязы мінезі, әділдігіне жүгінер биік парасаты, келелі кеңес, көшелі сөз бастарлық білімдарлығымен ағайынның ғана емес, бүтін елдің абыройын ойлар ортақ азаматына айналып үлгерген еді. Естуімізше, ауданның қоғамдық өмірінде айрықша орны бола тұра, лауазымды қызметінде 1 жыл да тұрақтай алмаған қайдағы бір тоңмойын аудан әкімінің көре-көзге қудалауына ұшырағанда да, араша түсіп, сөзін сөйлер адамның болмағанынан емес, шатырына ту тігілген кеңсе жағалағыш ақсақал-қарасақалдардың төбе көрсетпес төмендігіне түңіліп, еңсесін түсірмеген кейіп танытып тік жүрсе де, сезімтал жүрекке жүк түспеді емес екен?... Абайды сабап, Шәкәрімді атқан баяғы қазақ пен бүгінгі қазақтың айырмасы қайсы? «...Жаңғырып дауыс шығарар, баяғы жартас-бір жартас...» екенін осындайдан, хәкім Абай айтқандай, «таласып босқа, жау болып досқа, өкінер уақыты болса да» жақсысын қорғай алмайтын, басын тығып бүркеніп, жалаңаштанып бөксесі жайрап жататын тоңтеріс мінездерінен әлі де арылдық деп айта алар ма екенбіз? Әй, қайдам-ау?!. Кенендіктен кемелдікке аяқ басқан дер шағында ең болмаса 60-ты да орталай алмай кенеттен морт сынып еді жарықтық. Жақаң рухына бас иген қаралы жиын. Аудан халқының үлкен-кішісі бірдей күңіренген күйзеліспен аза тұтқаны, мәйітті алып жүрер жолына азагүл төсеген жасөспірім оқушылар тізбегі қабырғаңды сөгіп, жүрегіңді шымырлатар көрініс әлі көз алдымызда. Аудан айбары боларлық ардақтысынан, интеллект-әлеуеті зор, арда емген азаматынан айырылып еді. Аман болса, осы күндері ауданның ақылман қариясы болып төрелік сөзін айтып төбедей болып отырар ма еді?! Жазмыштан озмыш жоқ. Тағдыры солай болған да шығар. Десек те, осы күндері уы мен шуы, айғайы мен сүреңі көп заманда, Алаш сыйлығының лауреаты, жерлес жазушы Қуандық Түменбаевтың «Бір ауданға бір Зермұхамедов керек!» деп айқайлатып тақырып қойып, мақала жазуында да өзіндік бір себеп пен астарлы ой, үлкен мән, терең мазмұн жатқанын сезінесің, түйсінесің. Ауданның қоғамдық өмірінде болмай тұрмайтын қайсы бір түйткілді шетін мәселе төңірегінде Жақаң тірі болғанда «Осылай айтар ма еді?..» деген сауал санадан саңылау тауып сығалайтын кездері аз емес. Және ол менің ғана ойым емес екеніне бек сенімдімін. Қырғидай қиып түсер Нұрмахан, Бәкір, Жақантай қариялар мен Әзімхан, Қален әкелеріміздің сұлу-сыпайы, мәмлегер тәліміне тамсанатындар да аз емес екен бүгінде. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Қалай болғанда да біз білетін, сіз білетін, ол білетін ағаның ойып тұрып алар орнының ортайып тұрғаны талассыз шындық. Тірі болса, осы жылы 80-ге толатын ұстаздардың ұстазы бола білген асыл ағамыз Жағыпар Зермұхамедовтің өнегесі мен өмірінен өзім куә болған бірді-екілі эпизодтар мен ол кісі жайлы пайымымды естелік ретінде жеткізуді парыз санадым.

Исабек Сәрсенбайұлы


17 наурыз 2020 ж. 427 0