Адал бәсекелестіктің еліміздің экономикалық дамуындағы атқаратын ролі аса маңызды
Елдің бәсекеге қабілеттігі – кез келген елдің дамуы үшін қағидатты мәселе, өйткені бұл халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің бірден-бір объективті өлшемі болып табылады. Осындай міндеттерді шешу бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде белгілі бір дәрежені қағаз жүзінде иеленумен емес, қазақстандық қоғам өмірінің кең ауқымды бағыты бойынша әлемдік стандарттар деңгейіне қол жеткізу болып табылады. Сондықтан да Қазақстанның алдында әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті қойылып отыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған өз Жолдауларында бәсекелестік саясатын барынша кеңінен ұстануға үндеп келеді. Әсіресе, бизнестік ортада адал бәсекелестіктің шарттарын қалыптастыруға баса мән берілуде. Осы бағытта мемлекеттік органдардың алдына да қажетті мәселелерді дүркін-дүркін алға қойғаны мәлім.
Елбасының бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну идеясының тікелей амалы да, болашақта өркениетті елдермен терезені тең ұстау қағидаты да адами капиталды дамытумен, оны мемлекет тарапынан қолдаумен тығыз байланысты десек болады. Ал экономикадағы ұдайы бәсекелестік – нарықты дамытып, елді де байытатыны айқын. Сондықтан да, бүгінгі нарықтық заңдылық адал бәсекелестікке үндеп, осындай ортаның мығым дамуымен, соған барынша жағдай жасаумен негізделеді. Бір сөзбен түйіндесек, кім жұмысты өзгеден артық қана емес, өзгеге қарағанда тиімді жүзеге асырса, басқаның дүниесіне қарағанда сапалы өнімділікті атқаратын болса, адал бәсекелестіктің үлгісі міне, осы.
Экономиканың өсуін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптастыру міндетін адал бәсекелі орта болған кезде ғана шешуге болады, бұл өз кезегінде, күшті монополияға қарсы жүйенің қалыптасуына байланысты. 2015 жылы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің қабылданғаны белгілі. Осы Кодекстің «Адал бәсекелестік» туралы 8 бабында: Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсетуге бағытталған қызметке, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынатыны және монополистік қызмет заңмен реттелетіні және шектелетіні көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайды асыра пайдалануының алдын-алуға, теріс пиғылды бәсекені және бәсекеге қарсы келісімдердің жасалуын болдырмауға, экономикалық шоғырлануды бақылауға және тауар нарықтарының тиімді әрі серпінді жұмыс істеуін бақылау болып табылады.
Департаменттің тауар нарықтарындағы
монополияға қарсы заңнаманы
бұзушылықтарды тергеу бөлімінің
бас маманы Е.Әлібаев