Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шын мықты болсаң егер де, әйелге барып дәлелде

Шын мықты болсаң егер де, әйелге барып дәлелде

Әне-міне дегенше қыстың құрсауынан да құтылдық. Көктем келіп, жер дүние көркем кейіпке енуге сәл-ақ қалды. Алдымен бәйшешек бойын тіктеп, содан соң біртіндеп көктің де басы қылтия бастайды. Осылайша табиғат заңы өзгерместен өз жолымен жүреді. Бір қызығы, көктемде табиғат қана емес, жұмыр басты пенделер де ажарланып кетеді. Әсіресе, әдемілікке құмар қыз-келіншектер. «Көктем көктем емес, қыз ғой көктем» демекші 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінің де көктемнің алғашқы айында болуы тегін емес-ау, сірә!
Бүгінде Шиелі ауданында 38 мыңнан аса нәзікжанды бар. Олар заты нәзік болғанымен, әртүрлі салада жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалап жүрген арулар. Иә, қазіргі таңдағы бұрымдылардың бейнесі іскер, басшы, қызметкер, кәсіпкер сынды лауазыммен толыққан. Әйел адамдар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Сондай-ақ өз саласында табысқа кенеліп, жетістікке жетіп, асу алып, белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Осыдан кейін әйелдер қауымын қалайша қауқарлы демессіз?
Мәселен, мәдениет саласын алайық. Аталған салада нәзікжандыларды жиі кездестіресіз. Олар ұлттың түп тамырын тануына, жаһандану заманында өз болмыс-бітімін жоғалтпау жолында орасан еңбек атқаруда. Әсіресе, бүгінгідей ұлт руханияты жаңғырған шақта мәдениет бөлімі қызметкерлерінің еңбегі еселене түседі. Мәдениет бөліміндегі нәзікжандылар қандай да бір шара яки мереке болса, соған байланысты концерттік бағдарламаны шашауын шығармай ұйымдастыруға атсалысады. Көрерменнің ғана емес, күллі халықтың көңілінен шығуға тырысады. Бірақ олар талант пен танымды қажет ететін қыруар жұмысты атқарса да, бір сәт шаңырақтың іргесін берік қылуды да естен шығармайды.

Иә, қазіргі таңда «ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп біржақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, әйелдер қауымы сая­сат сахнасында да бой көрсетіп келеді. Соның ішінде ішкі саясат бөліміндегі нәзікжандылардың ерен еңбегін айтпай кетпеске болмас. Шиелі аудандық ішкі сая­сат бөлімінде 9 әйел жұмыс істесе, оған қарасты жастар ресурстық орталығында 3 қыз-келіншек қызмет атқарады. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп жүрген арулар ауданның ішкі саясатын, оның ішінде жастар саясаты мен қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуде өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әрі аудандағы әлеуметтік-саяси ахуалдың тұрақты дамуы үшін де тынбай тірлік қылады. Бұдан бөлек, қандай да бір шара немесе жиын болсын ішкі саясат бөлімінің қыз-келіншектері қалтқысыз қызмет етіп жүретініне қайран қаласыз. Қысқасы, аудан абыройының асқақ болуына бұл бөлімнің бұрымдылары аз үлес қоспайды.
Ал ақ халатты абзал жандар ше? Иә, адам жанының арашасы болған қыз-келіншектер ауруханада ақ халат кисе, үйдің табалдырығын аттаған бойда ақ жаулық тағынып, келін мен ананың қызметін атқарады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аудандағы медициналық қызметкерлердің 85,4 пайызы әйелдер. Бұл мәлімет әйелдердің үйде ғана емес, қоғамдағы рөлі зор екенін айғақтады. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында жаулық жапқандардың үлесі көп. Олар дертке дауа тауып, балтыры сыздап, басы ауырғандардың көңілін тынышталдырады. Қажет десеңіз, уақытқа бағынбай жұмыс орнынан табылатын дәрігер-әйелдер де бар. Зор жауапкершілік пен аса ұқыптылықты қажет ететін маман иелерінің тірлігі мұнымен таусылды десеңіз, қателесесіз. Себебі, әйел-аналардың шегі мен шеті жоқ тіршілігі үйде де жалғасын табады. Жақындарының ас-суын дайындау, кір-қоңын жуу, үйдің ішін таза ұстау секілді шаруаның өзі титықтатып жіберетіні мәлім. Бірақ қайсыбір аналарды жұмыс орнында яки үйде кездестірсеңіз де күлім қағып жүретіні бір ғажап емес пе?
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» демекші мұғалімдікті кез келген жан таңдамайтын шығар. Өйткені, шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жас ұрпақтың барар жолын айқындап беретін бұл мамандықты жауапкершілігі жоғары, қарым-қабілеті мықты, білімі мен білігі жеткілікті адамдар ғана алып жүре алатын шығар, сірә! Алайда, бұл салада да әйелдер тер төгіп жүр. Тіпті білім беру саласында нәзікжандылардың үлесі аз емес. Мысалы, облыстағы мұғалімдердің 73 пайызы әйелдер болса, аудандағы оқытушылардың 83 пайызы нәзікжандылар. Тағы бір айта кететін жайт, балабақшадағы басшылардың 100 пайызы, мектеп директорларының 52 пайызы әйелдер. Бұл сандардың өзі олардың сан қырлы екенін айғақтап тұр.
Қажырлы еңбек, түгесілмейтін төзімді қажет ететін тағы бір бөлім – жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі. Бұл бөлімде қазіргі таңда 58 әйел қызмет атқарады. Оның ішінде жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері аудандағы жұмыссыз жандардың тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Сәт сайын халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, елдегі әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығын сақтайды. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жағдайда аталған бөлім қызметкерлері шыдамдылық пен мәдениеттілік танытып, істің тігісін жатқызып, абыроймен атқарып шықты. Рас. Көпшіліктің алдында жұмыс істеу оңай емес. Алайда, сан қырлы әрі шыдамды әйелдер қауымы бұл тірлікті де тындырымды атқаруда.
Міне, осынау мәліметтерге қарап, ерекше жаратылған әйелдер қауымының қайсарлығы мен шыдамдылығына таңғаласыз. Себебі, отбасының іргесін сөкпей сақтау мен жұмысты тыңғылықты атқару кез келгеннің қолынан келмейді. Осы орайда «Қай жерде мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде, шын мықты болсаң оныңды, әйелге барып дәлелде» деген өлең шумақтары еріксіз еске оралады екен.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
09 наурыз 2020 ж. 554 0