Күз бен біз
Биыл сары қыз сарыла күттірмей-ақ жетті. Шайдай ашық күннің бетін дем арада қара бұлт торлап алады да көз жасын төгіп алатынды шығарды. Күз көңілі қыз көңіліндей құбылмалы болады деуі де сол шығар. Жайқалған ағаштың жасыл жапырағын алтынның түсі жеңіп сарғайтып барады. Күн де ыстығы басылғалы, салқынқанды мінезін көрсетіп, бұрқ-сарқ етіп дауылдатып алады арасында. Ыққа тығылған баладай бір ағаш екіншісінің саясына тасалап, желге жапырағын бергісі келмейді. Әлдінің әлсізді ұрып жығатынындай желде қаһарына мініп қояр емес. Баласынан айырылып боздаған сорлы анадай жапырағын жұлғанда жаны ауыратын сыңайлы. Жаз бойы жайқалған ажарының жұрнағы да көрінбейді. Осы сәтте табиғаттың тамаша көрінісі бір сәт ойдың тұнығына батырып, мұңға тұншықтырып алды. Жаңа туған сәбиін жолға тастаған тасбауыр анадан артық болды-ау бұл ағаш деген ой сап ете қалды. Күз келіп бауырына жабысқан жапырақтарын тартып алмаса өздігінен тастағанын көрмеппін де шіркіннің.
Ал, тамыры бедірейіп бетіне шыққан кәрі ағаштың тұрысы мынау. Түу басындағы жайлы ұядан сән кетіп, үңірейіп қалған. Жел үп етсе ұшып кетердей теңселеді келіп. Теңселгенін жақтырмаған жас ағаш көкке қарап мұрнын шүйіріп тұр. Қартайған ебедейсіз шалдың бұтағы тиіп кетсе, сілкініп шыға келеді. Кей жастардың кәріге көрсеткен қыңырлығы сыңайлы. Егде тартқан кісіге ес білер бала орын бермек болар. Үлкеннің жолын кеспеген абзал деседі халық. Дегенмен тамыры қатаймаған жас бұтаның оны ойлауға өресі жете қояр деймісің. Сән салтанаты үстінде тұрғанда айналаның бәрі соған ғашық секілді көрінеді ғой оған. Соған масайрап көрінгенге қызыға қарап, абыройынан жұрдай болады емес пе? Бұл ағаштың ұшқалақ мінезі түзу жолдан тайған бойжеткеннің қылығындай көрінді маған...
Әттең, соңында өзгелер сынды жамылғысынан айырылып жалаңаш қалатынынан бейхабар болды ғой!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА