Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай – ақыл-ойдың алыбы

Абай – ақыл-ойдың алыбы

1953 жылы мұғалімдердің республикалық съезіне делегат болып барған «Ащықұдық» жетіжылдық мектебінің директоры, менің әкем Әзімхан ­Исмаил сол кездегі Қазақ КСР оқу министрі Әбдіхамит Сембаевқа кіріп «Бәйгеқұм аумағында көптеген елді мекен бар, ауыл балалары онжылдық білім алу үшін аудан орталығына қатынайды. Егер Ащықұдықтағы жетіжылдық мектепті орта мектепке айналдырсақ, Бәйгеқұм, Жөлек, Талаптан ауылдарының оқушылары осында келіп білім алар еді» деп оқу министрінің көзін жеткізіп, келісімін алып келген екен. Келер оқу жылында осы мектепті №50 Абай атындағы қазақ орта мектебі деп, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың аты беріліпті.
1988 жылы Семей қаласында Қазақ КСР Ішкі істер органдары аудандық ішкі істер бөлімдері бастықтарының, саяси тәрбие жөніндегі орынбасарларының республикалық семинар-кеңесі өтті. Жиналыстан соң Қызылорда облысынан барған қонақтарды Семейден 200 шақырым жердегі Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне апарды. Жидебай – қазақ халқының ұлы ақыны, ақыл-ойдың алыбы, ұлы ойшыл, өлмейтұғын артына сөз қалдырған Абай Құнанбаевтың балғын балалық шағы мен жалынды жас өмірі өткен ата қонысы екен. Біз көргендегі музей-үйі бір қабатты, айнала темір шарбақпен қоршалған, ұзыннан соғылған, төбесін шипр­сыз жапқан, үш терезесі көше жақ бетке қарап, сол жерде Абайдың үлкен аппақ бюсті орналасқан. Есіктің алдына шошала соғылған, онда үлкен екі бұт ағашы тұр. Жан-жағындағы бұтақтарына қыстық соғымға сойылған жылқы, ірі қара малдарының еттерін сом-сом күйі іліп қойып, тоңазытқыш ретінде пайдаланған дейді. Былайырақ Абай мінген пәуескі (ат арба) адамды қызықтырмай қоймайды. Ауызғы бөлмеде дөңгелек үстел ортаға қойылған. Төр жағында сол заманның ағаш кереуетіне аздаған жүк жиналып, екі ақ жастық қойылыпты. Гид қыздың бастауымен Абай ақынның жұмыс бөлмесіне ендік. Онда да ортада дөңгелек үстел. Терезе алдында үлкен жазу столы тұрды. Бірақ Абай атамыз көбіне осы дөңгелек столға отырып жазғанды ұнатыпты. Үстел үстіне қағаздары, сия сауыты және қауырсын қаламсабы қойылған. Ақындық шабытының қайнар көзіндей болған киелі Жидебай жерінде Абай өзінің терең мазмұнды, ойлы өлеңдері мен өнегелік мәні зор қара сөздерін жазып, өмірінің соңғы он жылын осында өткізіпті. Абай Құнанбаев кең өңірдегі «Қасқабұлақ» деген жайлауда 1845 жылы дүниеге келіп, 60 жыл өмір сүріп, 1904 жылы «Балашақпақ» күз жайлауында дүниеден қайтады. Жидебайдағы Абай қабіріне бас иіп, гүлдесте қойып, ескерткішті сипап, ұлы атамызға Құран бағыштадық. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында жазылғандай өзі жақсы көретін інісі Оспан мен Әбдірахман баласының бейіттері де қатар жатыр. Маған қапелімде ой келіп, Абай қабірі жанынан бір уыс топырақты беторамалыма салып, орап алдым. Біз №50 Абай атындағы орта мектептің 1966 жылғы түлегіміз. Мектепті бітіріп, ұшқан қарлығаштар 1976 жылы он жылдан соң бас қосып, алтын ұя мектебімізге 10 «А» және 10 «Б» сынып оқушылары атынан Алматы қаласында Абай атамыздың бюстін жасатып, мектепке тарту еткенбіз. Ол бюст бұрынғы мектептің алдында, кейін кіреберіс ішінде ұзақ тұрды. Қазір жаңа мектептің бір жерінде тұрған шығар. Ойым топырақты және Абай музей үйінің кітапшасын сүйікті мектебіме тапсыру болатын. Бізден кейінгі келешек ұрпақ Абайдың бір уыс топырағын қастерлеп ­отырса, Ұлы адамның атына кір келтірмей, сабақтарын жақсы оқып, білімді, ақылды болып өссе, елімізге адал қызмет ететін азаматтар болса деген ниет еді. Музей-үйдің бес бөлмесі мен үш залына орналастырылған экспонаттар, ақынның рухани серігі болған араб, парсы, түрік және орыс тіліндегі кітаптар мен әдебиеттер, ақынның күміс қалта сағаты, насыбай шақшасы, күмістелген белбеуі, тоғызқұмалақ және дойбы тақтасы, Абайдың 3 ауызды, сондай-ақ шиті мылтықтары, ою-өрнекті ағаш кереуеттер, төсек-жабдықтар, үй мүліктері мен ыдыстары, қалы кілем, алашалар, оюлы, сырмақтар мен күміс жалатылып, сүйектен жасалынған кебеже, арқар мүйізінен ойылып істелінген ожау, тегене-керсен, қазақ қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдары мен ұлттық киімдері т.б. заттар Абай өмір сүрген дәуір мен ортаның талғамын байқатады.
Сонымен қатар ұлы ақынның жеке өмірі туралы мағлұматын байытып, Абайды тануға, оған жақындай түсуге, даналығын сезінуге итермелейді. 1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай Жидебайдағы Абай қыстауы музей-үй ретінде қалпына келтіріліп, тұңғыш рет келушілерге өз есігін айқара ашады. Бұл қазақ халқының бас ақынына жасаған алғашқы құрметті іс-шараларының бірі десек болар. Қызығы, қазақтың сирек кездесетін дарын иелері замандастары күміс көмей әнші, ақын Біржан сал мен төкпе күйші Тәттімбет Абай қыстауына жиі атбасын тіреп, айлап жатар құрметті де сыйлы қонақтары болған. Сондай-ақ атақты әнші Әсет, Әріп, Көкбай ақындар да Жидебайға жиі-жиі келіп, Абаймен сұхбаттасып, әншілік, ақындық, күйшілік, сазгерлік өнерлері туралы өз түсініктерін ортаға салып, көңілге қонымды ақыл-ойларына қанығып, көңіл сергітіп, Абайдың даналық өлеңдері мен сөздерін тыңдап қайтады екен. Алып ақынның өз балалары да Жидебайдағы әкелері Абайға уақыт құрғатпай соғып, ақыл-кеңестерін алып, әкелік қамқорлығына бөленіп отырған.
XIX ғасырдың 70-80 жылдары Ресейдің озық ойлы азаматтарын патша өкіметі қияндағы Сібірге жер аударады. Семей қаласына жер ауып келген солардың бір тобы – Е.Михаэлис, Н.Долгополов, Н.Коншин, С.Гросс, П.Лобановскийлер Абайдың сырлас достары болды. Олар жаз айларында Жидебайға барып, қазақ ақындарының ең қадірменді қонақтары болып, көңіл-күй сырларын бірге бөліскен. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп жырлаған Абайдың дос­тары да көп болған, дұшпандары да жетерлік еді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демекші Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы елімізде дүбірлеп өткені белгілі. 1995 жылы Семей облысында өткен торқалы тойды бас бәйгесін ат жарысында Абай тойының құрметіне туысқан Татарстан Президенті Міртемір Шаймиев алып келген «Камаз» автокөлігін Алғабас ауылының атбегі Орынбай­ Ахметовтің «Ызғар» атты әйгілі тұлпары жеңіп алған болатын. Сонда бұл бір Шиелі ауданы халқының ұлы ақынның мерейлі тойына қосқан үлесіндей көрінген. Халықаралық бәйгеде оза шапқан сәйгүлік Ызғар да, оның иесі Орынбай да осы күнге дейін ел аузында. Бір кездері «Тамаша» әзіл-күлкі театрының әртістері Республикамыздағы орыс тілді қазақтарды әжуалағысы келді ме, сахнада «Абай кім?» дегенді, «Абай ким?» деп сұрайды орыс тілді қазақ. Сонда анаусы «Абай кәріс!» – дейді шаңқылдап. Залдағы көрермендер түкке түсінген жоқ. Бірақ ду күлді. Абайға күлді ме, кәріс дегеніне күлді ме? Белгісіз. Дегенде әзіл жазған адам да, оны сахнаға шығарғандар да соған дейін Ұлы Абайдың, өз ұлтының әлем таныған дана ақынының бір түйір өлеңінен де, қара сөздерінен де хабарсыз біреу болғаны ма? Абай мысқылдың адамы емес. Кәріс болса да ешкімнен тиын-тебен сұрамас. Өйткені, Корея – жер шарындағы жан-жақты дамып кеткен өркениетті елдердің бірі. Біз кәрістерге жету үшін алдымен Абай шығармаларын оқып, ой-санамызды корей халқының дәрежесіне апаруымыз керек. Абайды танысақ, Абайды оқысақ, мысалдың не екенін, мысқалдаудың, әзіл-оспақ айтудың не екенін, оның төркіні қайда жатқанын біліп, «Абай кім?» деп өмірі сұрамайтын боламыз. Ондай сұрақ қоюға да ұялар едік. Абай Құнанбайұлы туралы «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, «Абай» журналында Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтер мақалаларын жарияласа, Ж.Жабаев, Ш.Құдайбергенов, М.Жұмабаев, С.Торайғыровтар өлең-жырларын арнаған. Тышқан жылы – Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Бізді Ұлы ақынның ғажайып өлеңдерінен мүшайралар, қара қылды қақ жарған қара сөздерінен байқаулар, Абайтануға арналған кештер т.б. іс-шаралар күтіп тұр. Мақаламды жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Абайдың суретіне» деген өлең жолдарымен аяқтасам дедім.
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне?
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар...

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

25 ақпан 2020 ж. 993 0