ТҮСКЕ СЕНУГЕ БОЛА МА?

Мәселен, дәулетті адамның «түс көрдім, түсімде арғы атам маған қажылыққа барма депті» деп, қажылыққа барудан тартынуы - үлкен қателік, бұндай түс ол үшін ешқандай да шариғаттық негіз болып табылмайды. Өйткені, қажылық - Құран мен Сүннетте бекітілген парыз. Бұл тұрғыда үзір не кешірім етілетін жайттардың Құран мен Сүннеттен алынған фиқһ кітаптарында жазылғанын ескерсек, керітартпа қанша түс көрсе де, ол кісі фиқһ кітаптарында берілген үкімге қарауы керек (Рүя табирлери, хазырлаянлар: Юсуф Будак, Али Белбағы. Истанбул - 2005, 75 Б.).
Түске қандай шартпен сену мәселесіне осыншалықты сақтықпен қарамаған жағдайда, ол адамды түрлі адасушылыққа ұрындыруы мүмкін. Ал түс арқылы иландырып, жұртты соңынан ертуге әрекет жасау - халыққа жасалған үлкен қиянат. Кешелі-бүгінді оның тарихта мысалдары көп. Ғуләм Ахмед те әуелі өзін ақырзаманда келетін «мәхди» санап, оны місе тұтпай артынша «пайғамбар», бара-бара өзін Құдайға балап қатты адасқан-ды.
Әйел-еркегі бар жарнамасын жалаулатып қаптап кеткен бүгінгі «жалған пайғамбарлар» және тым шектен шығып «Жаратушымын» деп көкірек соққандар да әуелде «түс көрдім, аян білдірілді, қасиет қонды» деп бастап, кейіннен жын-шайтанға еріп кеткенін байқамағандар. Оларды асқына келе әл бермей кеткен көрсоқырлықтың құрбандары деуге болады. Демек, дінінен хабардар мұсылман адам үшін түс көрудің де өзіндік жөн-жосығы бар. Қазақ атамыз «Жақсы - ісіне сенеді, жаман - түсіне сенеді», «Түс оңалмай - іс оңалмайды» дегенде, сірә, осыны меңзеген болар.
Дереккөзі: "ПТ" топтамасынан
http://reactor.inform.kz