Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиінен неге үркиміз?

Латын әліпбиінен неге үркиміз?

Үркіп, шошитын түгі жоқ. Себеп, латын графикасы тілімізге де, дінімізге де жат емес. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі Республика көлемінде 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылған. Шала сауатты саналған қазақ халқы сол кездің өзінде-ақ латынша жазып, латынша судыратып оқып кеткен. 

Ал бүгінгі үш-төрт тілді меңгеріп жатқан жастарымыз оған қинала қоймасы анық. Қай қоғамда, қайбір елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде ұлттық мәселе. Олай болса, «Латынға көшсек бәрінен айырылып қаламыз» деген желеу сөздер мен пасық пікірлерден аулақ болғанымыз жөн. Орыс тілді қандастарымыздың бүйректен сирақ шығару пейілінен туындаған, орыс графикасынан айырылғысы келмейтін топтардың пиғылы осындай. Қазақ елі не көрмеген, нені бастан кешпеген? Ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де, сұрапыл екінші дүниежүзілік соғысты да, қайта құруды да, жекешелендіруді де, кешегі патшалық Ресейдің ұзақ жыл бодандығын да арқалап, «мың өліп, мың тірілген» халық емеспіз бе? Сол 1940 жылы тілімізге қиянат жасалып, «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру туралы» КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің ­Президиумы Қаулы қабылдаған. Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы нақты, ашығын, шындығын айтқанда саяси сипатпен, ­саяси себептермен ауыстырылғаны бүгінде айқындалып отыр. Ұлы даламыз бұған дейін ­(1929ж) Х ғасырдан ХХ ғасырға шейін, 900 жыл бойы араб әліпбиімен сусындағаны белгілі. Көнбіс, төзімді, сабырлы ұлтымыз әркезде «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деп, барлық қиындықты жеңіп отырған. Сондықтан алыпқашпалықты доғарып, тілімізді жөндеп алғанымыз абзал.
Латын әліпбиіне көшу бір жағынан мемлекеттік тіл саясатының бағытын көрсетсе, екінші жағынан төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін білдіреді. Латын әліпбиін қоғам санасы қабылдады деп ойлаймыз. Өйткені, қалаларда да, ауылдарда да көшелердегі атаулар мен кәсіпорын, сауда, мәдениет ғимараттарының маңдайшалары мемлекетіміз қабылдаған заңдылыққа көшіп кетті. Біздің аудан орталығында да ондай жазулар көктемдегі қызғалдақтай қаптап келеді. Елбасы «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» деген еді. Сол «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы» тарихи шешімнің қабылданғанына да екі жыл болды. «Асықпаған арбамен қоян аладымен» әлі келеміз. КСРО құрамының өзінен Балтық жағалауы елдері 1990 жылы шықса, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары осы жылдың тамыз айында Тәуелсіздігін алса, Ресей одақтан 1991 жылы 12 желтоқсанда шықса, Қазақстан ең соңынан жылды аяқтап 16 желтоқсанда КСРО құрамынан шыққан болатын. Бұл кезде Орта Азия Республикалары орыс графикасын латын әліпбиіне өзгертіп, тәуелсіздіктерін дәлелдеп үлгерген еді. Қазақ елі жұрт әлдеқашан ың-шыңсыз, шешіп алған тіл мәселесі айналасында отыз жылдай уақыт болса да, әлі де самарқаулық танытып келеді. Нені күтіп жүргеніміз беймәлім. Дау-дамай қашанға дейін созылар екен? Әліпбиіміз екі мәрте қабылданды дегенмен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жуырда Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға «... Қарпімізде сонда да олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек. Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр» деп тапсырма бергені белгілі.
Соңғы тоқтамға келмей, әліпбиіміз халықты әлекке салып, толыққанды жазуға, қолданысқа ендіруге жол бермей отыр. Қазақ тілінің қолданыста болмағандай сиырқұйымшақтанып бара жатқандай. Латын харіпіне көшудің терең логикасы бар екенін, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екені сан мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Онсыз да уақыттан ұтылып, кешігіп жатырмыз. Қазір балаларымыз мектеп қабырғасында ағылшын тілін оқу үстінде. Олар онсыз да латын әріптерін үйренуде. Латын әліпбиіне көшудің жақсы жағы латын графикасы тіліміздің табиғатына сай әрі қонымды. Шындығында өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп, айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, өз сөзіміз өзіміздікі болмай қалды. Тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалғаны көрінеді, яғни тілімізге икемді.
Әліпби жасау – лингвистикалық біліктілікті байқатады. Латынға көшу – қарияларға қиын, жастарға ауыр деген бекер сөз. Керісінше жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер тосқауыл бола алмайды. Мемлекет алдына мақсат қойса, халқы ниет білдірсе, орындалмайтын мұрат жоқ. Қоғам алға жылжып, санамыз жаңғыра түсуі тиіс. Сонда ғана жақсылыққа толы күндеріміз көп болады. Латын қарпіне көшіп, бейбіт өмір кешіп, еліміз тыныш болып, ұлттық рухымыз жалындай беретініне сенімдімін. Рухы биік қазақ халқы бұл биікті де бағындырады. Ұлы жазушы М.Әуезовтың сөзімен айтқанда, қазақ халқының «рухани көсемі» болған А.Байтұрсыновтың тіл, әліпби жайлы жазған сан-салалы еңбегі тіл мамандарының назарында болғанын қалар едік. Тіл тағылымы «Әліппеден» ­басталса, оның авторы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты еліміздің рухани көсемінің қазақ жазуы мен емлесі, фонетикасы мен грамматикасы, терминалогиясы мен әліпби жөнінде жазғандарын електен өткізіп, латын қарпіне байланысты да үлгі-өнеге ете алады деп ойлаймын. Латын әліпбиіне бару арқылы мемлекеттік тіл мерейін көтеретінімізді де естен шығармауымыз керек. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан аталы сөз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлім болып қала береді. Сонымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Латын графикасы – түркілік тұтастық және жаһандық ақпараттық кеңістік. Жоғарыда айтқандай бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне көп нұқсан келтірілді. Кирилл әліпбиінде тұрған кезімізде тіліміздің көптеген ережесі орыс тілінің ыңғайына бейімделгені шындық. Сонымен қатар шет тілінен енген сөздер тілімізге орыс тілі арқылы кіріп, біздің тілдік санамыз өзге тілге бейімделді. Латынға көшу қазақ халқының ең қажетті таңдауы екенінде сөз жоқ. Қазақ әліпбиі тезірек қалыптасса, латын графикасына айналса, оны жазу да, оқу да, қолдану да оп-оңай. Шошынатындай ештеңе көрмедік. Бізді тілімізге деген талпыныс, серпіліс, құлшыныс қана күтіп тұр. Тезірек қайта жаңғырғанымыз мақұл. Бұл – оның да, менің де көкейімізде жүрген арман құсы, бақыт құсындай дүние.


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
18 ақпан 2020 ж. 484 0