Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Он төрт мың кетпеншінің бірі

Он төрт мың кетпеншінің бірі

1930 жылдары басталған Шиелі қаналы құрылысының Қазақстанда елеулі де маңызды оқиға болғаны тарихтан мәлім. Канал қазақы тәсілмен жарма түрінде қолмен қазылған. Адам айтса сенгісіз, ені 30-40 метр, биіктігі екі-үш адамның ­бойындай, ұзындығы 105 шақырымға созылған алып құрылыс 14 мың кетпеншінің жанқиярлық еңбегі нәтижесінде жүзеГЕ асырылған. Сол он төрт мың кетпеншінің бірі менің әкем ­Рыспамбет баласы Бекмұрат болатын.

Мақтадан күріш өсіруге ауысты
1927-1929 жылдары Сыр өңірінде суармалы жердің көлемі 40 мың гектар болса, 1930 жылы 71 мың гектарға жеткен. Шиелі өңірі облыстың басқа аудандарына қарағанда қарқынды істерімен көрінді. Бірақ су мәселесі қиындық туғызады. Сырдарияның суы төмендеп, жағаға жетпей қалады.
Бар судың өзінің деңгейі күннен күнге төмендеп бара жатты. Өзбек ағайындар осының алдында ғана Сырдың жоғарғы ағысынан Үлкен Ферғана жармасын салып, өзенге көптеген бөгеттер орнатқан екен. Олар суды өз керегінше жұмсап, мәре-сәре болып жатты. Қызылорда облысында қолдан қазылған арық-жармалардың көбісі дария суынан бір-екі метр жоғарыда асылып қалған. Пайдасыз су оның арнасында көзді қызықтырып, жарқырап ағып жатыр.
«Не істеу керек, бұл қиыншылықты қалай жеңу керек? Ақылдаса отырып, көп маманды ертіп Алматыға бардым. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы А.Скворцов, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов бізді тыңдап болғаннан кейін Мемлекеттік жоспарлау ­комиссиясына тапсырма берді. Мемжоспарком мен Су шаруашылығы халық комиссариаты біздің қатысуымызбен Қызылорда бөгет құрылысының техникалық-экономикалық тиімділігін негіздеп тұжырымдама берді. Бұл ұсынысымызды Мәскеу де қолдапты. Сталин Мемжоспарком мен КСРО Жер халық комиссариатына Қызылорда бөгетін салу туралы БК(б)П ОК мен КСРО Халық комиссариаты кеңесінің қаулысының жобасын әзірлеуге тапсырма беріпті. Бұл хабар облыс еңбекшілерінің рухын көтеріп тастады.
1940 жыл Қызылорда облысы үшін ауыр жыл болды. Сырдария суы күрт түсіп кетті, көп көлемдегі күріш егістігі судан қалды. Әсіресе, Шиелі ауданының жағдайы қиындады. Қызылорда облысын сумен қамтамасыз ету мәселесі БКП (б) ОК-нің пленумында әңгіме болып, Шиелі каналын халықтық әдіспен қазу туралы шешім қабылданып, Шиеліде оң жаға және сол жаға каналын қазу қолға алынды.
Шиелі каналының құрылысы 1930 жылы ішінара басталғанымен, сол кездегі жағдайларға байланысты жүйелі жүргізілмегені белгілі. Кей жылдары тоқтап та қалған. Жоғарыдағы қаулыдан кейін жұмысқа жан біте бастады. 1940 жылы қыркүйекте қабылданған қаулыны жүзеге асыру мақсатында облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті халықты үлкен құрылысқа жұмылдыруды қолға алды», – деп жазды 1940-1945 жылдары Қызылорда облыстық және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін қоса атқарған ­Рахымбай Төлебаев өз естелігінде.
Сырдарияның үштен біріндей каналды қолмен қазу нағыз жанкештілік әрекет еді. Бүкіл республиканы елең еткізген оқиға болды. Облыстың барлық аудандарынан жұмыс қолдары жеткізілді. Әсіресе, күш-қаруы бар, істің көзін білетін байырғы диқандар, күші ­бойына сыймай буырқанған жастар жұмысқа тартылды. Ауданның көнекөз мұраптарымен және диқандарымен ақылдаса келе судың сағасы Сырдарияның Төменарық бекеті тұсынан алды. Осылайша теміржол бойымен Шиеліге қарай кең ауқымды канал қазу жұмысы басталды.
Жарма-канал темір жолдың 22-бекетіне жеткен соң екі бағытқа бөлінді. Теміржол көпірінен Қаратауға қарай бағыт алған канал Шәулімше таулы қыратының батыс етегімен жүргізілді. Мұны оң жаға деп атады. Оң жаға Шиелі каналы деп аталған осы су жолының бойына сонау Сырдария өзенінің екі жағына әлімсақтан бері тұрмыс кешіп жатқан жергілікті халық көшірілді. Сонымен қысқа мерзім ішінде осы күндері баршаға мәлім Еңбекші, Жиделіарық, Алғабас, Ленин, Қызылдиқан, Ақтоған, Үлгілі колхоздары біржолата орналастырылды.
Ал сол жаға Шиелі каналы қазіргі Бидайкөл ауылы (бұрынғы Гигант колхозы), Шиелі қыстағының жанымен жүріп Кудряков бауы ­бойымен Қызыл ту, Жаңатұрмысты қамтып, темір жол бойымен Бәйгеқұмға дейін жеткізілген. Оқшы Ата әулиелер зираты түбінен темір жолдың шығыс бетіне шығарылып, Талаптан колхозына жеткізіледі. Шиелі каналының кейінгі кездегі жағдайына тоқталар болсақ, көңіл қуанарлықтай. Аудан өңірі мен өміріне қызметін жалғастырып, ауқымын кеңейтіп отыр. Айталық, оң жаға каналы кейінгі жылдары ұзартылып Қаратау сілемінің Баламұрын, Қарамұрын мүйісінен өтіп, Сарысуға баратын жол үстіндегі Ақтауға дейін жеткізілген.
Кейін жалғасын тауып, дарияға қарай ойысып, Жөлек маңайын, Ноғайбай, ­Бекбай бауларын, Қара кемер, Жорабек тамы, Ақтам Ата әулие аумағын, Бақтысай ауылын қамтыған. Мұнымен де шектелмей, кейінгі кезде Қаратауды бетке алып, Сырдарияның ескі арнасы Нәнсайға қосылды. Бұл мәліметтер аңғарған адамға Шиелі аумағында соғыстан соңғы жылдарда жүздеген гектар жер игеріліп, шұрайланып, жайылым ұлғайып, егіс көлемі артқанын білдірсе керек.

Көңілді жұмыс – өнімді істің кепілі
Бірінші күн тәртібіндегі мәселе елді мекендерге, олардың төңірегіндегі алқаптарға су жеткізу болды. 1940 жылдың қара күзінде, Шиелі каналының негізгі бөлігінің құрылысы басталып кетеді. Сырдың жарты арнасындай болған осы бас каналдың қарбалас жұмысына 14 мың кетпенші қатысады. Қазу жұмысы облыстың 7 ауданына бөлініп беріледі. Аудандардан канал қазуға жіберілгендер пойызбен көшіп келіп, үйлерін тікті, күш-көліктерімен жұмыс істеді. Сексеуілден ашылған жерде отын үюлі, Қызылордадан бөлінген вагон-пойыз әрбір разъезге жеткілікті азық-түлік әкеліп таратты. Облыстың құрылыс штабы Шиелі кенті орталығындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинаты тұрған жерге орналасқан. Штаб бастығы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зеленчук, көмекшісі обкомпартияның үшінші хатшысы Аталықов болды.
Әрбір құрылыс учаскесінде мыңдаған адам жұмыс істеді. Шиелі ауданы шаруашылықтарынан бұл құрылысқа қатыспаған адам кемде-кем. Аудан басшылары да бірінен кейін бірі келіп, құрылысшылардың арасында болады. Кешке қарай адамдар тамақтанып болғаннан кейін, әр ауданның өнерпаздары ойын-сауық, кино көрсетеді. ­Нартай ақын бастаған өнерпаздарды каналшылар асыға күтеді, шаршағанадарын ұмытып, таң атқанша ақынды тыңдауға жалықпайды. Қызылорда мен Алматыдан келген әртістер ­Жамал Омарова, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла каналшылар арасында ойын қойып, олардың құрметіне бөленді.
Осы оқиғаға қатысқан – республикалық дәрежедегі зейнеткер, Жалағаш, Шиелі аудандарында партия, кеңес органдарында басшы қызметін атқарған Перуза Жүсіпова каналдың құрылысы туралы естелігінде былай деп жазады: «...Мен жас та болсам Шиелі каналының қазылуын көзбен көріп, құрылысшылардың арасында болғанымды мақтаныш етемін. Қызылорда педагогикалық училищесінде 15-20 бала ойнайтын үрмелі оркестр болды. Ондағылардың арасында Сара Есенова деген құрбым екеуміз болдық. Осылардың ішінен 6 баланы іріктеп алып, канал жұмысы басталған күні пойызбен әкеліп орналастырды. Күнде ертемен кішкене жүк машинасымен алып кетіп, түнде әкеліп салады. Канал басындағы үйлерден тамақтанамыз. Кешке дейін каналдың басымен жаяу жүріп, учаскелердегі жұмыс істеп жатқан жерде музыка ойнаймыз. Оның ­дауысы 2-3 шақырым жерге жетеді. Музыка дауысы каналшылардың көңілін көтеріп, жігер туғызады, жұмыс қарқынын үдетуге себін тигізеді.
Күнде кешке каналшылардың арасындағы социалистік жарыстың қорытындысы шығарылып, озаттарға мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтар берілді. Ол күні ­жарыста озып шыққан аудандарға үлкен құрмет көрсетіліп, аяғы ойын-сауыққа жалғасады. Каналшыларға берілетін тамақ ағыл-тегіл, ішімдік деген болмайды. Бұларға жақын ауылдардан қымыз-қымыран, айран әкелінеді. Әрбір үйде ашытылған көже суы дайын тұрды.
Канал қазушылардың жұмыс құралы – кетпен, топырақ шығаратыны – сүйретпе. Олардың арасынан жүріп өтуге болмайды. Каналда, әсіресе, дәрігерлердің үлкен жұмыс атқарғанын айтуымыз керек. Ауырғандарға «жедел жәрдем» қалтқысыз қызмет көрсетті. Жаңақорған учаскесінде канал қазушылардың біреуінің кетпені екінші адамның байқаусызда ­жанбасына тиіп, оған дәрігерлік көмек көрсетілгенін, ол адамның аман-сау қалғанын көзіммен көрдім.
Жоғарыда айтқандай, каналдың түбінің кеңдігі 30-40 метрдей, биіктігі 2-3 адамның бойындай еді. Осындай үлкен құрылыстың қолмен істелгеніне таң қаласың. Оның ең кереметі сол бір айдың ішінде алып құрылыстың дайын болуы еді.
1940 жылы 6 қараша күні Шиелі теміржол клубында каналдың белгіленген бөлігінің біту құрметіне арналған үлкен мерекелік жиналыс болды. Оған облыс, аудан басшылары, озаттары қатысты. Көп сыйлықтар берілді. Арты ойын-сауыққа айналды. Музыкамен би биленді. Сол күні таң алдында бізді вагонмен Қызылордаға, училищеге жеткізіп салды..».

Деректер не дейді?
1928 жылы Шиелі аудан болып құрылғанда 59 ауыл болды. Олар Жөлекте Восток, Ақмая, Қарғалы, Батрак, Ақтөбе, Талаптан (Бәйгеқұмда), Жаңа бақыт, Қызыл-дихан, Қызылту, 1-Май, Рисовод, Үлгілі, Ақтоған (Сұлутөбе), Айбек, Жиделі,т.б. болып кете береді. Сол жылдары ауданда 5420 қожалық болған, оның 4080-і қазақ отбасылары. Отырықшылыққа 1000-ға жуық отбасы көшсе, қалғандары жартылай көшпелі күй кешкен.
Шиелі ауданы 1930 жылы Жаңақорғанмен қосылып, орталығы Жаңақорған аталды. 1934 жылы аудан орталығы қайтадан Шиеліге көшірілді. Шырынкүл Қазанбаеваның бастамасымен Шиелі МТС-і жанынан механизаторлар курсы ашылды. Ол кезде Шырынкүл 20 ­жаста болатын. Бұл бастама бүкіл облыста қолдау тапты. Нәтижесінде облыс бойынша 700 қыз-келіншек техника «тілін» меңгерді.

Әр ауыл негізінен өздеріне су ­апаратын арықты қазды
1940 жылдың сәуір айында Қаратауға бағыт алған оң жаға каналының 27 шақырымға созылған бірінші кезегін қазу аяқталды. Бұл да үлкен қуанышты оқиға болды.
«Оң жаға каналын қазуда еңбекшіліктер де жанқиярлықпен еңбек етті. Еңбекке 9 жасар баладан бастап, қатын-қалаш, қариялар қатыстырылды. Канал қазу жұмысында Ізбен Бәкіров, Әлтай Аяпбергенов, Бекмұрат ­Рыспамбетов т.б. жігіттер мен қыздар және келіндер алапат күштерімен көзге түсті. Әрқайсысы кейде екі адамның нормасын орындап жүрді. Әкелеріміз бен ағаларымыз осы жерге (Еңбекші мекеніне) түпкілікті қоныс тепті» деп айтып отыратын еді әкем Сұлтанхан Оспанұлы. Ол кезде әкем он адамның атқарған жұмысын жазатын есепші екен», – деп еске алады жасы жетпісті еңсерген Оралсейт Төрениязов ақсақал.

Әкем жайында мөлтек мағлұмат
1905 жылы Сырдарияның Қызылқұм беткейіндегі тарақтылардың Кепелі-Қызданай мекенінде дүниеге келген. Жасынан шаруға бейім болып өскен. Ағаштан ою-өрнек ойып, қарүйдің (қазақы киіз үй) барлық жиһаздарын (шаңырақ, кереге, уық, есік) өз қолымен жасап, ағайынға қызмет көрсеткен. Қақпан құрып, тұзақ салып, ұстаған аң-құстарын ауыл-аймағымен бөліскен. Оң қолының кемістігінен майданнан және еңбек армиясынан босатылып, тылда тер төккен еңбек ардагері. Өзі 40 жылдан астам еңбек еткен «Коммунизм» ұжымшарының «Құрметті колхозшысы». Шиелі каналын қолмен қазған 14 мың кетпеншінің бірі.
Зайыбы Дариға – бүкіл өмірін ұжымшар жұмысына арнаған еңбеккер әйел, 14 құрсақ көтерген абзал ана. Шиелі каналы құрылысына қатысқан 20 мың адамның бірі. Інісі Алдамұрат «Еңбекші» ұжымшарының негізін қаласқан, шаруашылықтың тұңғыш бас бухгалтері болған азамат.

Алғашқы рекордтық көрсеткіштер
1941 жылы облыс бойынша Отан қоймасына 178,8 мың центнер астық тапсырылды. ­Жоспар 170 мың центнер болатын. Бес аудан астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. 1942 жылы өткен жылмен салыстырғанда 2 млн пұт астық артық дайындалды. «Авангард» артелінің диқаны Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнерден өнім жинады. Ал Ыбырай Жақаев әр гектардан 84 центнерден күріш салысын өндіріп, «Қызылту» колхозында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Әр гектарға 120 кг тұқым орнына 180-200 кг тұқым себу арқылы, оны үстемелеп қоректендіру нәтижесінде қол жеткізді. Ғылым мен агротехникалық жаңалықтарды үйлестіре білді. Бұл игі істер Омбының ауыл шаруашылық институтын бітіріп келген аудандық жер бөлімінің бас агрономы жас маман Әнес Алтынбековтың жетекшілігімен жүзеге асырылды.
1942 жыл шиелілік еңбеккерлер үшін өрлеу жылы болды. Корейлік күрішшілердің жаппай мол өнім ала бастауы жергілікті диқандардың намысын оятып, өзін-өзі қамшылауға итермеледі. Үлгілі колхозының (қазіргі Нартай ауылы) тұрғыны 75 жастағы Маман ақсақал өз қатарластарын күріш өсіруге шақырып, облыс қарттарына үндеу тастады. 25 ауылдасы оны қолдап, күріш егуге шықты. Бұл бастама бүкіл Сыр бойы ақсақалдарының қолына кетпен ұстатты.
1942 жылды Шиелі диқандары, әсіресе, қарт диқандар өте тамаша жетістікпен қорытындылады. Маман қарт әр гектардан 80 центтнерден күріш өндірсе, ізбасарлары Ұлдар Дәуішева (Қызылтудан) – 78 центнерден, Үрпек Жансариев (Үлгіліден) – 80 центнерден өнім алды. Ыбырай Жақаев ақсақалдың көрсеткіші бәрінен жоғары болды. Оның күріштігінің әр гектарынан түскен өнім 96 центнерден келді...
Толағай еңбектің нәтижесінде Сырдың жарты арнасындай болған осы бас канал қазіргі бүкіл Шиелі аймағы су жүйелерінің бастауындай болды. Халықтың нанға қол жеткен сәті шын мәнінде осы кезеңнен басталды. 1947 жылы Ким Ман Сам, 1949 жылы Ыбырай Жақаев, кейіннен бұл жоғары еңбек марапатына 41 шиеліліктің ие болуы аудан мен облыс қана емес, республика және одақ көлемінде айтулы оқиға болды. Шиелі халқын әлем тани бастады.
«Өмірі – өркен, пейілі – көркем, жері – нұр,
Әні – күріш, сәні – ырыс, демі – жыр,
Куба, Бирма, Вьетнам түгел білетін
Ақ күріштің ақ ордасы – Шиелі бұл!» – деп кезінде мақтанышпен жырға қосқанбыз.
Қазір Шиелі ауданы – облыстағы дамыған өңірлердің бірі. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2019 жылға арналған негізгі индикаторларының іс-шара жоспарына сәйкес, егін және мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Ауданда 2019 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 24 млрд 889,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,8%-ға артты.
Аудандағы шаруашылық құрылымдары 29 655 гектар жерге егін салып, былтырғы жылмен салыстырғанда 2400 гектарға өсім алып отыр. Өсім егінді әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілді. (оның ішінде дәнді дақылдар 13 882 га, майлы дақылдар 1 896 га, мал азықтық дақылдар 9 213 га, картоп, көкөніс, бақша 4664 га). Негізгі дақыл күріштің көлемі – 12 475 га. Орта өнім гектарына 61,2 цн келіп, жалпы өнім 76 347 тонна болды. 1332 га ­жерге егілген күздік бидай дақылынан 2664 тонна өнім алынып, орта өнім гектарына 20 цн келді.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Қазақстанның Құрметті журналисі»

20 ақпан 2020 ж. 440 0