Теміржол мен автовокзалдарындағы мониторинг
Бейсенбі күні «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аудан орталығында орналасқан теміржол және авто вокзалдарына мониторинг жүргізілді. Оған аудандық «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Айткүл Әбдіқадырова мен Олжас Назымханов, «Jas Otan» жастар қанатының Шиелі аудандық бөлімшесінің басшысы Ақсамал Рысбаева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Айнұр Абилова, аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің бас маманы Ғалымжан Шалбаев, вокзал бастығы Алмат Досымов, Желмая А.С. ЖШС директорының орынбасары Жангелді Бекпенбетов және БАҚ өкілдері қатысты.
Бақылау аясында аудандағы теміржол және автовокзалдарындағы мүмкіндігі шектеулі, яғни көзі дұрыс көрмейтін, құлағының мүкістігі бар, аяғымен жүре алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдай, қойылған белгілердің мән-жайы тексерілді. Мониторинг барысында теміржолда зағип жандарға арналған жолақтың жоқтығы, автовокзалында арбамен жүретін жандарға арналған арнайы бөлменің болмауы, касса терезесінің биіктігі стандартқа сай еместігі сияқты бірқатар кемшілік анықталды. Мекеме басшылары алдағы уақытта айтылған сынды қолға алатындарын жеткізді.
Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ