Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерден келген хат

Әскерден келген хат

Әскер десе ат-тонын ала қашатын жігіттер көбейді. Неге? Қорқа ма әлде қауіпсіздігін ойлай ма? Бар әлемді ішіне сыйдырған көк жәшік те түрлі жаңалықтарды жеткізеді. Ұрып-соғу, ақыр аяғы ақ матаға оранып табытпен оралған азаматтар төңірегінде естігенде есеңгіреп қаласыз. Осы сынды жаңалықты естіген ата-ана да баласын жырақ жібергісі келмейді. Алайда, Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Ұлым жамандыққа ұрынбасын деп жүріп, ұлттық рухын сындырып алмаймыз ба?
Шиелі ауданы бойынша 2019 жылы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 89 адам әскерге жіберілген. Негізі облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті 92 адам жіберуді тапсырған. Алайда, Отан алдындағы борышын өтеуге жас өрендер ынта танытпауда. Бұрындары әскерден келген азамат арнайы формасымен көшелерді аралап шығатын. Оны көпшілік «нағыз жігіт» деп санаса, ауыл балалары «солдат келді» деп жауынгердің жүріс-тұрысына тамсанып, өскенде сондай боламын деп армандайтын. Дегенмен бүгінгі күні сондай әскери киініп ерекше рухпен жүретін жігіттер жоқтың қасы. Бар болса да бір жылда біреуі ғана келіп жатады. Өйткені, қазір әскерге барушылар азайған. Тиісінше жалтарушылар көбейді. Бүгінде Отан алдындағы борышын үздік атқарып жүрген Ақдәулет Айбекұлы жас өрендерге үлгі боларлық азамат. Ол 2003 жылы Төңкеріс ауылында дүниеге келген. Қатаң тәртіп, адал еңбекке баулыған әкенің «Әскерге бару міндетің» деген бір ауыз сөзін аяқасты етпеген Ақдәулет ата-анасын алғысқа бөледі. Әскерден келген хатта «Шекара қызметі әрқашанда еліміздің элитасы. «Шекараң берік болмай, басыңда ерік болмайды» дейді дана халқымыз. Еліміздің шекарасын күзету әскери борышын өтеушілерге аса жауапкершілікті жүктейді. «Қырағының өзі де батыр, көзі де батыр» деп Бауыржан атамыз айтқандай, көк туы желбіреген, тәуелсіз еліміздің шекарасын қырағылықпен адал күзетіп, ел егемендігі жолында өз үлесін қосуда. Ол сіздердің жақсы тәрбие жолындағы еңбектеріңіздің нәтижесі...» делінген. Мұндағы айтпағымыз Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметінің 20/21 әскери бөлімінде әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген жерлесіміздің жетістігі жас­тарды жігерлендіре түссе деген ой.
Ойды ой түртеді демекші, дүниежүзіндегі елдердің әскери әлеуеті, әскерилер саны мен қорғаныс қару-жарағымен есептеледі екен. Ең бастысы, әуеде, жерде және теңізде әскери операцияларды орындау деңгейі басшылыққа алынады. Бұл көрсеткіш бойынша көш басында АҚШ тұр. Құрама штаттар елінде 145 млн адам қолына қару-жарақ ұстап, соғысқа шыға алады. 69 млн жауынгері бар Ресей ең көп танкісі бар мемлекетке баланса, үздік үштіктен 749 млн адам жылына азаматтық борышын өтейтін Қытай тұр. Сондай-ақ қуатты әскері бар елдердің қатарына Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея жайғасқан. «Global Firepower» сараптауы бойынша әскери әлеуеті жоғары елдерде әскери қызметкерлер және олардың физикалық дайындығы, заманауи­ қару-жарақтарды меңгеруі есепке алынған. Осыдан-ақ ер-жігіттердің потенциалы шешуші күшке ие екенін аңғаруға болады. Қазақ елі де әлем көз тігіп отырған дамушы елдердің бірі. Сондықтан ұлды ұлша тәрбиелеп, Отанға, елге қызмет етуге баулу әрбір отбасынан бастау алса құба-құп.
Сонау тарихқа үңілсеңіз де, ел басына күн туған шақта халықты сайлаулы тұрған әскері құтқарған. Өз басын қатерге тігіп, Отан үшін от кешкен батырлар да жетерлік. «Бөгенбай, Қабанбай, Байқозы, Наурызбай» сынды баяғының батырларын былай қойып, кешегі Ұлы Отан соғысында «Алға» деп ұрандатып, фашистке қарсы тап берген Бауыржан атамыздың ұрпағы емеспіз бе? Б.Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген азамат біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан азамат Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Аллаға шүкір, күнде ана жанымыздан бір, мына жанымыздан жау түйреп жатқан жоқ. Мамыражай заманда әскерге бару арқылы ұлттық рухты оятып, күш пен қайратты жинауға болады. Біз жігіттерді әскерден безуге емес, соған баруға жұмылдыру жолында жаппай әрекетке көшуіміз керек. Өйткені, қазаққа көлеңкесінен қорқатындар емес, сол қорқынышпен бетпе-бет келетін еркек кіндіктілер ауадай қажет. Жігері құм боп жасыған жігіттер арқылы қай дұшпанға сес көрсетеміз? Соны да ойлайық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
07 ақпан 2020 ж. 1 277 0