Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бізге не жетіспейді?

Бізге не жетіспейді?


Қойыртпақтамай сұрақты турасынан қоюды хош көріп отырмыз. Оның себебі де жоқ емес. Бар. Расында, біздің қазекеңнің істеген жұмысы неге соңына дейін жетпей не болмаса аяғына дейін бітпей қала береді осы?! Ал бір тірлікті бітіріп, жетер жеріне жеткізіп істесе, неге онысына бірдеңе жетіспей тұрады? Қаржы жетпей, қалтасын қағып, жырымшылап жүріп істеген шығар дейін десең, мемлекеттен әлеуметтік нысандардың құрылысына ақшаны артығымен бөліп, әрбір қажетті затты тиын-тебеніне дейін есептеп, қаржы бөліп отырғанын білеміз. Онда неге осы күні салынған жол, көпір, соғылған мектеп, балабақша, мәдениет үйі, жүргізілген газ, су құбырлары кепілдік мерзімі бітер-бітпес уақыттан кейін қайта күрделі жөндеуге сұранып тұрады? Сонда біз кімді алдап жүрміз? Әлде бұл пайда табудың тағы бір құйтырқы жолы ма? Әйтпесе, кеңес заманында іргесі қаланып, ғасырға жуық жұмыс істеген талай ғимарат әлі күнге жөндеу дегеннің не екенін білмей келді. Ал оның жанында кеше ғана лентасы қиылған ғимараттарға күрделі жөндеу не үшін қажет? Жо-жоқ, біз бұл жерде бүгінгі құрылысшы мен мердігерлердің жұмысы сапасыз, заңсыз деуден аулақпыз, әрине. Барлығы заңды, тіпті сапасында да сын жоқ, мықты. Тек ол қағаз жүзінде ғана демесеңіз...
Жалпы қазақтың жұмысына екінші қазақтың көңілі толған кезі сирек кездеседі. Бас бармақпен бағалап, «бәрекелді» дейтұғын уақытымыз да санау­­лы. Әрине, бұндай жауапкершілігі зіл батпан ауыр сөзді кабинетте отырып ойдан құрап не болмаса қиял-ғажайып әлеміне еніп, әлде бір эмоцияға еріп, айтып отырғанымыз жоқ. Мүмкін осындай кем-кетіктерді күнделікті өмірде көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, қала берді өзіміз де қосылып айтып жүргендіктен болар. Әйтеуір, осындай санамыздағы сан түрлі ойлар миымызға сыймай, он саусағымыз еркімізге бағынбай, компьютердің пернетақтасын тарсылдатып басып, жазып отыр­мыз. Бәлки, бұнымызға қырық жылға жуық ақмаялық ағайынға қалтқысыз қызмет етіп, жиырма жылдан бері жөндеу көрмеген №49 мектеп пен пайдалануға берілгеніне он жылдан енді асқан кенттегі Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектептің әлгіндегі қария білім ордасымен қатар күрделі жөндеуден өтіп жатқаны себеп шығар. Одан бөлек небәрі 11 жылдық тарихы бар Ы.Жақаев атындағы №244 мектептің де төбесінен су сорғалап тұрғаны жанымызға батқан болар.
Иә, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы есебінде кенттің батыс аймағын білім нәрімен сусындап отырған Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектепке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бюджеттен қаржы қаралып, биылғы жылы толық күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Жөн делік. Барлығымыз бала тәрбиелеп, ұл-қыз өсіріп отырғаннан кейін олардың қауіпсіз, заман талабына сай білім ордасында оқығанын қалаймыз. Дейтұрғанмен осы ретте мектепке жөндеу жұмысын жасайтын мердігер мен құрылысшылар тек құлқынның қамын ойламай, жауапкершілік танытып, жаны ашып, адал қызмет етсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ жөндеу жұмысы жүргізілген ғимаратты қабылдап аларда жауапты орган осыдан 12 жыл бұрын жіберген қателіктерін қайталамай, нысанды қабылдау кезінде жіті тексеріп, жұмыстың қаншалықты сапалы жасалғанына көңіл бөлсе деген өтінішіміз де жоқ емес.
Айта берсек, аудандағы білім ордаларының айналасында түйіні тарқатылмаған мәселе көп. Соның бірі ауданның білім айнасы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясына апаратын С.Кәрімбаев көшесіне төселген асфальттың жарты жолдан үзіліп, мектеп-гимназияға жетпей жығылғаны болып отыр. Көшеге асфальт төселмеудің салдарынан қазіргі таңда «Ақ Ордада» оқитын жүздеген оқушы мен ұстаздар балшық басып, лай су кешіп мектепке қатынауға мәжбүр. Әсіресе, күн жылып, қар еріп, жаңбыр жауған күндері балаларды былай қойғанда, ересек жолаушылардың өзі балшықтан аяғын алып жүруі мүмкін емес. Бұл дегеніміз үйінен мұнтаздай таза шыққан адамға жасалған қиянат емес пе? Елімізде барлық заттың бағасы шарықтап, қымбатшылық қысып тұр. Ал осындайда баланың балшық жолмен жүріп, айға жетпей аяқ киімін жаратпай тастауы үйдегі ата-ананың да қалтасына оңай тимейтіні анық. С.Кәрімбаев көшесінің басынан әп-әдемі төселіп келген асфальт жолдың не себепті орта жолдан шорт кесілгені бізге беймәлім. Біздің түсінбей тұрғанымыз, қанша жыл өтсе де, айналдырған 100 метр жердің асфальт көрмей келе жатқандығы болып тұр. Аталған мәселеден аудан, кент әкімдері хабарсыз дей алмаймыз. Егер шын мәнінде бейхабар болса, осынау жанайқаймызды оқып, бір ­жауабын берер деген үміттеміз.
Түйін: Сөзіміздің басында біздің жұмысымызда неге кемшілік көп деп едік. Иә, қазақ пен басқа ұлттың ешқандай ерекшелігі, айырмасы жоқ. Ел мақтаған өзбек ағайынның қалаған кірпішін өзіміз де өре аламыз. Тек бізге мойнымызға алған міндетке ат үсті қарамай, жауапкершілікті жіті сезіне білу қажет. Сонда ғана елдігіміздің қазығы нық, болашағымыз анық болмақ. Естеріңізде болса, «Қазақ фильм» кино студиясы түсірген «Қошқар мен теке» жайлы мултфильмінде текенің қошқарға қарап: «Қошқар, сен білесің бе, осы бізге романтика жетіспейді» дейтіні бар еді ғой. Сол сықылды осы бізге де жауапкершілік жағы жетіспей жатқан сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Елдос ЖҮСІП

07 ақпан 2020 ж. 468 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031