Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағымсыз әдеттен арылатын уақыт жетті

Жағымсыз әдеттен арылатын уақыт жетті

Үй ішінде мүлгіген тыныштық орын алған. Бөлмедегі үнсіздік бейне бір құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Маңайдағы мәуілжіген тыныштықтың әсерінен тек дастарқан басындағы қос қарияның ыстық шайды ұрттап ішкен демі ғана естіліп тұр. Кемпірінің қаймақ қатқан қою күрең шайын мейірлене ішкен ақсақал іштей осы күніне шүкіршілік етіп, болар-болмас дыбыс­пен бірдеңені күбірлеп айтып қояды. Осы сәтте ас үй сөресінде тұрған ұялы телефон безілдеп қоя берді. «Астанадағы немерелерім болар» деген оймен қария орнынан қозғалып, ұялының жасыл нүктесін басып еді... Арғы жақтан, ентігіп, өксігін баса алмай тұрған дауыс: «Көке, бекем болыңыз, кенже ұлыңыздан қапыда көз жазып қалдық» деп зар еңіреп жіберді. Суық хабарды естіген ақсақал үстінен салқын суды құйып жібергендей күй кешіп, іргедегі орындыққа қисая кетті. Осындай сәтте телефонның дыбысы да қатты естіліп кетпей ме? Қарияның қолынан сытылып түскен телефоннан баласының есімін айтып, жылап жатқан ағайынының дау­­ысын таныған әжей, жан айқайға басып, зар ете қалды. Үй іші әп сәтте азан-қазан болып, айнала күңіреніп қоя берді.

Қазақ «Өмір бар жерде, өлім бар» дейді. Дейтұрғанмен өрімдей жастың қыршыннан қиылып, дүние салғаны кімге де болсын оңай тимейтіні анық. Әсіресе, ізімді жалғайтын тұяғым деп, сенім білдіріп, енді қызығын көремін деп үміт артып отырған ата-анаға ет-жүрегі баласынан айырылу өте ауыр екені айтпаса да белгілі. Иә, осы күні пәлен деуге болмай қалды. Өйткені, кеше көріп, қауқалдасып әңгіме айтып, дастарқандас болған адамыңның бүгін жаназасында тұрып жатырмыз. Тіпті қазір «пәленше қайтыс болыпты» десе, қайғыруды былай қойғанда, таңғалмайтын жағдайға жеттік. Ол біз үшін әдеттегі үйреншікті жағдай секілді. Баяғы ауыл болып қайғы жұтып, аза тұтып, марқұмның топырағы кепкенше той-томалақты тоқтату сынды қасиеттердің де ұмытылғаны қашан?! Қазіргі жағдай мүлдем бөлек.
Жалпы қазіргі қоғамда өлгендерге жасалатын құрмет басқаша бағыт алған. Мәселен, байырғы көшпенді қазақ ұғымында егер туысының о дүниелік болғаны белгілі болса, оны бауырлары шариғат шартымен жуып, кебіндеп, ертерек жер қойнауына тапсыруды бірінші орынға қойған. ­Ислам діні бойынша да мәйітке құрмет осылай жалғасуы керек еді. Керек десеңіз, бұл үрдіс марқұмдардың алдындағы тірілердің міндетіне де кіретіні белгілі. Айта берсек, қазақы ұғымда «марқұмды жерлеуге асық» деген тағылымды тәмсіл де бар. Бірақ біздің қоғам осы бір дәстүрден ­алыстап бара жатқандай. Біз қазір дүние салған жақынымыздың алдындағы міндетімізді емес, көбіне-көп өз абыройымызды ойлайтын болғанбыз. Қала берді «пәленшенің балдары әкесінің қайтқанына бір қара союға шамасы келмеді» дейтұғын сасық әңгімеден қорқатын жағдаймыз. Содан келеміз де өлген туысымызды қоя тұрып, құдайы асқа соятын сиыр іздей жөнелеміз. Базар барып, жыртыс алып, дастарқанға қоятын тәтті таңдап әлек боламыз. Сондағымыз жалған намыс пен «ұят болмасын» деген ойымыз ғана. Ащы болса да шындығы осы. Сырт қараған кісіге адамдардың осы қылығы туған әке-шеше, бауыр, туысынан құтыла алмай жүргендей көрінеді кейде.
Біздіңше жоғарыда айтып отырған өлілерге деген құрметтің азайып бара жатқанының бір себебі, қаралы үйде қазан көтеріп, жаназа намазындағы берілетін асты тойдың деңгейіне дейін көтеріп жібергендігіміз болса керек. Неге десеңіз? Себебі, тамақ болған жерде арсыздықтың да жүретіні анық. Марқұмды жерлеу уақыты ұзарған сайын, адамның да бойындағы қорқынышы сейіліп, өлімге еті үйреніп кететіні бар. Міне, осындай ерсі қылықтар адамдарды өлікті сыйлап, құрметтеуден алыс­татып бара жатқандай.
Жалпы қазақ қоғамы той-томалақ, құдайы ас беру мәзірлеріне өзгеріс енгізіп, реформа жасайтын уақытқа әлдеқашан жетті. Әсіресе, осы қаралы үйден қазан қайнатуды тоқтататын кезіміз келді. Ал адамдарды арсыздыққа тәрбиелейтін бұндай әдетті бүгін тоқтатпасақ, ертеңгі күні ұрпағымыз қабір басына келіп, әнін айтып, тілегін тілеп, «алып қояйық» деп тұрса, оларға өкпелеудің өзі артық.


Елдос Жүсіп

01 ақпан 2020 ж. 538 0