Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "Тәйт" деуден қалдық па?

"Тәйт" деуден қалдық па?

Қазір ештеңеге таңғалмайтын болдық. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы шығар. Біреу заман өзгерді десе, екіншіміз адам өзгерді деп жеңсік бермейміз. Енді біріміз демократиядан көрсек, біразымыз биліктің шалғайынан аламыз. Шынында түсініксіз. Меніңше қоғам да, ондағы адамдар да өзгерген секілді.

Бұрын «Сондай да сондай» деп жүргендер, бүгінде «Ондай да мұндай» дегісі келеді. Әлеуметтік желіні ашып, нүктені басып, таңырқау, самарқау көңіл-күйге түсетін болдық. Неге? Шырағым-ау, өз еліңе, ел басқарып отырған азаматтарға ауыздарына не келсе, соны айта салу мәдениеттілік пе? Былайша айтқанда адамгершілікке жата ма? ҚР Конституциясы – адам құқықтарын сақтаудың кепілі. Ата Заңымыз – ортақ атамыз. Атамызды, әкемізді қалай сыйласақ, заңымызды да солай құрметтей білуге тиіспіз. Билік басындағы жігіттер де өзіміз секілді әке-шешесі бар, үйленген, бала-шағалы, қазақ елінің азаматы. Бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Әрине, кадрдың барлығы бірдей емес. Басшы болып, депутат сайланып, әкім атанып, былыққа батып жатқандар, өзінен-өзі қағынып, сыбайлас жемқорлыққа ұрынып, мемлекетіміздің қаржысын түгімен жұтып жатқандар, қара халықтан пара алып, қаңсытып жүргендер қаншама? Ондайлар тиісті жазасын алып та жатыр. Бірақ ойлап қарасақ бес саусақтың бірдей еместігіндей билік басында да жақсы, білімді, мәдениетті, елін, жерін, ұлтын, халқын сүйетін қазақтың жайсаң жігіттері де жетерлік. Қазақ елінің дамуы да, өркендеуі де, өркениетті 30 елдің санына енуі де осындай адал, жүрегі таза, өз қарабасынан гөрі халықтың қамын ойлайтын, отаншыл, ұлтшыл, нағыз патриот ұл-қыздарымызға байланысты. Кеңес дәуірінде жұмыс істемейтіндерді «Арамтамақсың» (тунеядец) деп соттайтын. Аудандық ішкі істер бөлімдері жанында осындай адамдармен арнайы айналысатын бөлімшелер болатын. Қазір ше? Қазір тепсе темір үзетін жігіттеріміз үйлерінде шәниіп жатып алып, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту бөліміне немесе аудан әкімдігіне әйелдерін, әйелі жоқтары шешелерін жұмсап, ақша аңсайтындары жасырын емес. Бюджет – халықтың қоры. Әкімдер оны аты-жөні жоқ жарата бермейді. Ол қаражат аудандық мәслихат депутаттарының сессиясында, солардың келісімімен халық игілігіне жаратылады. Көшелерді жөндейді, мектеп соғады, медпункттер салады, аудан орталығын абаттандырады, мүгедектерге қамқорлық жасайды, спорттық және мәдени іс-шаралар, тағы да басқа өткізіп, аудан халқына қызмет жасайды. Оны жұмыс істеп жүргендер жақсы біледі. Ал үйде жұмыссыз жатқан адамдар «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, осы жаратылып жатқан ақшаның бәрін билік басында отырғандар ішіп-жеп отырғандай сезінеді. Кім жаман? Әкімдер, басшылар, бәрі- бәрі...
Сын орынды айтылса, адамның иманын үйіреді. Әлеуметтік желідегі кейбір сындар билікті балағаттап, намысына, абырой-беделіне тиіп жатады. «Сын айту – хат тасушы кептерлер сияқты, әрқашан да иесіне қайтып оралады» дегенде сөз бар. Біз ұлты бар халықпыз. Қазақтың кемеңгер ақыны, хакім Абай өзінің 36 қара сөзінде «... Ұлт деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігін ішінен өз мойнына салып, сөгіп қылған қысымының аты» дейді. Қолдарына кішкентай билік тисе, сәл-пәл қоң бітсе, өзгені ұмытып, күжірейіп шыға келетіндерді де көзіміз көріп жүр. Мемлекеттік қызметкерлердің «Ар-намыс» кодексі талаптарынан ауытқымай, халықпен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, сөйлесуінің өзі мемлекетіміздегі азаматтардың сыйластығын танытады. Мемлекеттік тәртіп болған жерде адамдар бір-біріне құрметпен қарайды. Берекесіздік жауға жем етеді. Патшалық Ресей халқымыздың рулық тайпасын барынша ұтымды пайдаланып, бірді екіге айдап салып, кең даламыздың ұпай-тұпайын шығарған жоқ па? Ондай алауыздық әлі де кетәрі болған жоқ. Қытайдың бір қаласының халқындай қазақ еліне тұтастық керек. Биліктегілеріміз дөрекілік, күншілдік, өсек тыңдаушылық, біреудің жетістігін көре алмаушылық, қанымызға сіңген қызғаншақтық, рушылдық, арсыздық, ұятсыздық, пейіл тарлығы барлығы бойларында болмас үшін өздері берген анттары мен серттеріне лайықты болғандары дұрыс. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп ұйқасқа құрмаған. Өмір заңдылығының ұйқасы. Билік әрқашан еңбек адамдарын мадақтап, марапаттап отырады. Мемлекетіміз дамысын десек, кеудесінде жаны бар, дені сау адамның бәрі жұмыс істеу керек. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбейлер» бекерге айтылмаған. Мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап облыс, аудан, ауыл әкімдеріне дейін болмасын деп жатқан жоқ. Үкімет те әлеуметтік салаларды дамытудың тетіктерін дөп басып келеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желідегілердей аспанға қарап отыра берсек, елдігіміз қайда? Халыққа басу айтатын үлкендеріміз «Жасарымызды жасадық, асарымызды асадық, алатынымызды алдық, болдық, біттік» деп отыра бере ме? Кешегі Бала би, Досбол датқалар, әр рудың бетке ұстар ақыл айтар қариялары қайда жүр? Сонда қазақ елі әкімдерге ғана керек пе? Өзіміз үшін, жұртымыз үшін қажет емес пе? Ер кісілер үндемей, әйелдеріміздің шапқылай беруі қалай болар екен? Әлде келіндерге «тәйт» деуден қалдық па? «Өзі сұлу, өзі ақылды, күнәдан пәк, таза болса, ұялшақ та момақан келсе, ондай қызға әркім-ақ іңкәр. Әйел заты гүлге ұқсас. Күтпесең көркеймейді» депті бір жазушы ағамыз. Әйел – ана. Бәріміз де анадан тудық. Анасын жақсы көрмейтін адам болуға тиіс емес. Жақсы әйел – таптырмайтын дос. Бұған дейінде қыңыр келіндер бас көтеріп, әкімдік ғимаратын торуылдап, улап-шулағанын бастан кешкенбіз. Ол жылдар тәуелсіздіктің алғашқы бес жылдығы болатын. Жұрт айлық та, зейнетақы да алмайтын. Бір қап ұнға зар болған күндер еді. Сондағы айқайшыл келіндер – бүгінде егде тартқан әжелер. Көшеде кездесіп қалса, ұялыс танытып, сол кездегі тірліктерінің дұрыс еместігін айтып, күйісіп, өткенді жуып шайғысы келеді. Сондай-ақ әйелдердің бұл шуы да басылар. Бізге бататыны басу айтар, ақыл қосар қарияларымыздың үнсіз жатуы. «Әй» дейтін әже мен атаның даусы естілмейді. Үш адамның басы қосылған жерде, астарда, тойларда бас қосқан ақсақалдар отыра қалып, еліміздің Президентіне дейін әңгімелеп жатқаны, сондағысы «Ондақ та бұндақ».
Қазір Құдайға шүкір деуіміз керек сияқты. Баяғы қиыншылықтар артта қалды. Мемлекетіміз қарышты қадаммен алға басуда. Халық өзі сайлаған Президенті Қ.Тоқаевқа қолдау білдіруі қажет-ақ. Ел боламыз десек, есігімізді де, бесігімізді де түзетіп, бекітуіміз керек. Болашағымыз жастарды бетімен жіберуге, келіндерді әбестік тірліктер жасауға, итермелеуге жабылып жол бермей, тәлім-тәрбие жұмыстарын, имандылық, адамгершілік, ізеттік, инабаттық, ауызбіршілік, ынтымақтық, қысқасы, ұлттық дәстүрімізді алға тартып, осы заманғы идеологиямызды мақтауға тиіспіз. «Мысық ашуланса, тамның төбесіне шығып кетеді» екен. Біз ашулансақ қайда барамыз? Әрине, билікке. Ендеше халықты ұйыстырып, ұйытып отырған билікке тиісе беру мемлекетімізге абырой әкелмейді. Сондықтан да ертедегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз елді үнемі ауызбіршілікке, әйелдерді сабырлылыққа, ибалылыққа, үлкендердің алдын кесіп өтпеуге шақырған. Одан ешкім де жаман болған жоқ. Ал билік басындағы бауырларымызға шын пейілмен «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа» дегім келеді. Артта тұрған халық, құжынаған әртүрлі пікірдегі адамдар шоғыры. «Халық айтса, қалт айтпайды» .Бекер сөз жерде жатпайды. Жұмыс болған соң, кемшілік те, сын да болады. Соны дауға айналдырмай, ел игілігі үшін еңбек етіп жатқандарға тілеулес болғанымыз абзал. Біздің мақсатымыз да сол болып қалмақ. «Елің – күн ғой, күннен де биік бар ма? Күннен биік болам деп, күйіп қалма» деген ақынға Алланың нұры жаусын! Қазақ еліне де соны тілейміз.

Өркен Исмаил,
«Шиелі ауданының Құрметті азаматы»
01 ақпан 2020 ж. 759 0