Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың суы таси ма?

Сырдың суы таси ма?

Соңғы күндері респуб­ли­калық кейбір ақпарат агент­тіктері  Қызылорда облысы аумағында Сырда­рия өзенінің деңгейі қауіпті мөлшерге дейін көтеріл­гені жөнінде мәлімет та­рат­ты. «Бұл ақпарат негіз­сіз» деді мамандар аталған мәселеге қатысты өткен брифингте.
Сырдың суы таси ма?
– Республикалық ақпарат агенттігінің бірі 9 қаңтарда «Қызы­лорда» су торабынан өтіп жатқан су мөлшері 704 текше метр құрайтынын хабарлап, нәти­жесінде облыс орталығына қауіп төнуі мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен ол деректің ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдейміз. Қазір «Көксарай» су реттегіші 14 қаңтардан бастап секундына 200 текше метр су қабылдауда. Ол бұған дейін 100-150 текше метрді құраған болатын. «Шардара» су қоймасынан облыс шекарасына дейін секундына 480 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су тос­пасынан төменгі ағысқа секун­дына 340 текше метр су өту­де. Айта кетерлігі, қазір Арал, Қаза­л­ы аудандары мен Қармақшы ауда­нының кейбір бөлігінде өзенде мұз ұстасып тұр. Жалағаш, Қармақшы аудандарында сеңнің жүруі 35-40 пайызды құрайды. Дария деңгейі тұрақты бақылауда. Тиісті мекеме мамандары күн сайын кезекшілік ұйымдастырып келеді. Облыста су басу қаупі бар 56 учаске белгіленген. Бұл нысандарда 126 мекеме бойынша 1 359 адам кезекшілік жасаса, 411 техника дайындалған, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
«Апат айтып келмейді» десек те, тосыннан келетін жағдайлардың алдын алу маңызды. Сондықтан елімізде халықтың қауіпсіздігі басты орынға қойылып, осы бағытта біраз шаруа атқарылуда. Алдын алу шаралары мемлекетке материалдық тұрғыдан айтарлық­тай шығын әкелмейді. Дер кезінде іс-әрекет жасап, бір кісідей жұмы­ла кірісу қауіпті еңсереді.
Сыр өңірінде ауыт-ауыт қар мен жаңбыр жауып, тұрғындарды әбіржітіп тұр. Ал көктем шыға қар суы қосылып еріп, суы тасу қау­пі артады. Сырдарияның «мі­незі» таныс. Жыл сайын бір қор­қытып қояды. Басқарма басшы­сы Асылбек Шәменовтің айтуын­ша, соңғы 4 жылда ұзын­дығы 139,3 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттерінің 104 қауіпті учаскесінде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Облыс бюджетінен бөлінген қар­жы есебінен Арал, Қазалы, Қар­мақ­шы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аумақтарында қауіпті деген қорға­ныс бөгетінің 26 учаскесіне жөндеу жұмыстары жасалуда. Дәл қазіргі кезде 21 учаскеде жұ­мыс аяқталып, қалған 5-де жал­ғасуда. Сырдария өзенінің таба­нын тазалау және қорғаныс беке­тін салуды көздейтін құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба әзірленді. Республикалық бюд­жеттен қаржыландыру мақ­са­тын­да аталған жобалар облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуы­ның кешенді жоспарына енгізілді. Осыған байланысты 2020 жылғы рес­публикалық шығыстардан қар­­жы қарастыру бойынша жұ­мыс қарастырылуда. Жобаларға тоқ­­талар болсақ, «Су басу қау­пін бол­дырмау мақсатында Қызы­лор­да қаласының шегіндегі Сыр­да­рия өзенінің арнасын тазалау» жобасына 5 млрд теңге қажет. 11 шараны қамтитын «2017-2020 жыл­дардағы Қызылорда облы­сын­дағы су тасқынының алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар» жобасына 4,5 млрд теңге керек болса, оның 3-і – САРАТС-2 жобасының компоненттері. Ал соңғы жоба – «Қызылорда облы­сы­ның басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру». Жобада 124 елді мекенге бір тетікпен басқарылатын 167 дауысты қондырғы орнату және цифрлы телеар­наларға қо­сылу жабдығын орналастыру қа­рас­­тырылған. Оның құны 1,4 млрд теңгені құрап отыр.
Жалпы, облыс аумағында 56 су басу аймағы белгіленіп, оған 425 арнайы техникасы бар 111 меке­ме бекітілген. Соған сәйкес, су тасқы­ны кезеңінде көктемгі сең жүру аяқталғанға дейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, өзен арна­сына мониторинг жұмыстары жүр­гізіледі. Облыс аумағында төтен­ше жағдайдың алдын алу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тік­ұшағы дайын. Мұз жару жұмыстарына және қап сатып алуға қажетті қаржы мәселесі ше­шілді. Су тасқыны кезінде халықты эвакуациялау үшін 79 эвакуациялық жинақтау және 99 эвакуациялық қабылдау пункті әзір тұрады. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғанға дейін аза­матт­ық қорғаудың барлық қыз­меті күшейтілген жұмыс режи­мі­не көшіріледі.
 
Miya.JPG  Миуа БАЙНАЗАРОВА,
                        Қызылорда облысы
18 қаңтар 2020 ж. 831 0