Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өлген» техниканы «тірілткен»...

«Өлген» техниканы «тірілткен»...

Cексенге иек артқан байырғы инженер-механик, еңбек ардагері Әбдішүкір Батырбаев жайында осындай аңызға бергісіз әңгіме бар...

Бұрынырақта жазған мақаламда аудан инженериясы ақсақалының бір ғана қырын: қоғамдағы белсенділігін айтқан едім. Өз мамандығына қатысты атқарған қыруар істерін келесі бір әңгіменің еншісіне қалдырғанмын. Соны айтудың бүгін сәті түскелі тұр.
Әбдішүкір Батырбаев жасынан, тіпті бала кезінен инженер болуды армандапты. Орта мектепті бітірісімен бірден жоғары оқу орнына түсуге асықпады. Қызылорданың №32 механизаторлар дайындайтын училищесіне түсіп, тракторист мамандығын алып шықты. Мұнысы ақыл болды. Институтта оқып жүргенде кейде оқытушылар лекцияны Ә.Батырбаевқа оқытқызатын. Трактордың әрбір тетігін көзін жұмып тауып беретін. 1966 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, 1967 жылы қаңтар айынан ­бастап Шиелі РТС мекемесінде алдыңғы кезде бақылаушы инженер-механик, 1968 жылдың тамыз айынан бас инженер болып қызметке кіріседі.
Міне, Батырбаевтың өз ойын жүзеге асырып, шығармашылығын өндірістік іспен біріктіре атқарған кездері осы уақытта өріс алды.
– Менің бағыма РТС-тің (аудандық техникалық станцияның) бастығы Жолдасбек Ердешбаев деген азамат екен. Өте батыл, талапшыл, іскер, елге жанашыр жанның нағыз өзі. Айтқанын орындатады, өзі де айтқан сөзінде тұрады. Менің қолымнан іс келетініне көзі жеткесін жауапты, маңызды тапсырмаларды мойныма іліп қойды. Оған мойымадым. Білімімді, азды-көпті тәжірибемді, оның үстіне бұрын осы мекемеде тракторист болып істегенім бар, соларды пайдаланып, тапсырмаларды шетінен атқара бердім.


Қазақстанның өзге облыстарына іс-сапарға көп шықтым. «Кеңседе отырғаннан ештеңе өнбейді, кеңсе саған білім де, абырой да бермейді. Өзге техникалық станцияларды арала, жақсы тәжірибесі болса алып кел, үйренейік» деп орнымда отырғызбайтын. Жолдасбек ағаның мұнысы шынында да бізге пайдалы болды. Солтүстік аймақтарда болғанымда атшаптырым, біздікіндей екі-үш есе келетін станцияларын қоршап, төбесін жауып, ішкі алаңқайын асфальттап тастаған, кез келген уақытта кез келген цехқа бара бересің, тамаша. Ол жерлерде егіннің көлемі көп, техникалары да қыруар ғой. Бір совхозының өзі біздің бүкіл ауданның еккен егінінен көп жерге егін салады.
Іс-сапардан көргенім мен түйгенімді айтып келдім. Ердешбаевқа ұнады. Ертесіне аупарткомға, ауаткомға жүгіріп жүріп қаржы бөлдірді, ұзатпай станцияның ішкі алаңына асфальт төселді. Төбесін жаппағанмен ой жерге орналасқан цехтардың алдына жаңбыр суы жиналмайтын амалын жасадық.
Тағы бір сапарымда республикамызда біз сияқты аудандық техникалық станциялардың біразы бір жүйеге маманданғанын көрдім. Біз сияқты бұзылып келген тракторды түгел жөндеп әуре болмайды, бірі тек маторын, екіншісі шынжыр табанды машиналардың жүріс бөлігін жөндейді екен, соған маманданған. Бұл жүйе де РТС-тің бастығына ұнады. Маған тездетіп қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Құжаттарды түгел әзірлеп, Ердешбаевтың қолын қойғызып, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық техникалары басқармасының төрағасы Нәлқожа Ергешбаевтың атына жібердік. Кешікпей жауап келді. Басқарма қарсылық білдіріпті. Облыстық ауыл шаруашылық техникалары басқармасы төрағасының орынбасары Петр ­Гольденберг қол қойған екен. Осындай көрініс екі-үш рет қайталанды. Өзге облыстардағы әріптестермен ақылдасып көріп едік, республикаға жазуға кеңес берді. Ойланып-ойланып хатты республикалық «Казсельхозтехника» бірлестігінің төрағасы Забежанскийдің атына жіберетін болдық.
– Облыстағы тікелей бастығымызды тыңдамай, республикаға шыққанымыз қалай болар екен? – деп қипақтап едім, Жолдекең:
– Бізге заман талабына сай жұмыс істеу керек, әрбір тоңмойын басшының қаламының ұшына қарап отырсақ, жұмыс өнбейді, – деді де қолды қойып жіберді.
Біраз кідіріп жауабы келді. Бірақ бізге емес, облыстық басқармаға. Онда облыстағы техникалық қызмет көрсететін станцияларды өздерінің қалауы бойынша мамандандыруға көшіруге бұйрық беріліпті. Біздің тілегіміз де осы емес пе? Бір қуанып қалдық.
Біздің аудан мотор жөндеуді таңдады, күніне 10 мотор жинайтын болдық. Ауылдық жерден келген тракторларға дайын моторды салып береміз, қуана-қуана ауылдарына тартып отырады. Бұрындары моторын алып, жөндеп салып бергенше РТС-тің маңайында (кейбірі танысының үйіне барып, екі-үш күнін босқа өткізетін). Біріншіден, уақытты үнемдедік, екіншіден, дала жұмыстарының, әсіресе, науқан кезінде, кідіріссіз жүруін қамтамасыз еттік, – деді Әбдішүкір ақсақал жалынды жастығын есіне алып.
Осындай қажырлы істері нәтижесінде Шиелі РТС мекемесі бес жұлдызды «сапа белгісіне» ие болды. Жетістікке «Аралтұз», «Аралкеме» және КЭРМЗ зауыттары қол жеткізді. Батырбаевтың еңбегі ескеріліп, «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.
Батырбаевтың тағы бір қыры – өнертапқыштығы (рационализатор). Ауыл шаруашылық техникасын жетілдіруге арналған 80-ге тарта өнертапқыштық жұмысының көбісі өндірісте пайдаланып келеді. Ашқан жаңалықтары Мәскеуден шығатын «Ауыл шаруашылығындағы «Техника» («Техника» в сельском хозяйстве») журналында тұрақты жарияланып тұрды. 1972 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық өнертапқыштардың форумына Қызылорда облысы бойынша ­Батырбаев барып қайтты. Келісімен РТС басшысымен келісе отырып мекеме жанынан газбен және электрмен дәнекерлеуші, темір жонушы (токорь) мамандарын дайындайтын 3 айлық қысқа курстар ашты. Аудан шаруашылықтарына бұл істің көмегі аз болған жоқ: болмашы нәрсені дәнекерлеу үшін ауданға шаппайды, өз шеберханаларында дәнекерлейтін болды.
1982 жылдың тамыз айында Әбдішүкір Батырбаев Шиеліде жаңадан ашылған ауданаралық құрылыс құрастыру мекемесіне басшылыққа жіберілді. Аты болмаса әлі заты дайын емес мекемені өз қолымен жарақтандырып, қанаттандырды. Берілген бір гектар жерге кеңсе, шеберхана салды. Жаңа жобамен салынған өндірістік базаны бірер жылда бітіріп, іске қосты. 1990-1992 жылдары ауданның бірқатар мекемелері бұзылып, сатылып кетіп жатқан кезде қиындықтарға төзіп, өндіріс базасын сақтап қалған. Жасы ұлғайып, сексеннің сеңгіріне беталғасын, 2018 жылы сатылды. Ауданның іскер кәсіпкері сатып алды. Оны азық-түлік супермаркеті жасап жатыр. Ол ғимарат Шиелінің көшелеріне көрік беріп тұрады әлі.
Енді мақаланың тақырыбына оралайын. 1996-1997 жылдың бірінде, күзгі күріш орағы кезінде комбайындар ремендері үзіліп бірінен соң бірі істен шыға бастайды. 35-85 маркалы ремендер үздіксіз жұмысқа шыдас берер емес. Аудандық және облыстық арнайы ауыл шаруашылық техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендерден бірде табылып, бірде табылмайды. Қоры біте бастапты. Ауа райы бұзылғалы тұр. Көрші аудандардың бір қатары егінін жинап үлгерген. Шарасыз күй кешкен аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев білікті маман, аудандық инженерлер кеңесінің төрағасы Әбдішүкір Батырбаевты көмекке шақырады. Байырғы инженер 35-85 маркалы ременнің орнына қоймада пайдаланылмай жатқан 4000-дық маркалы ременді пайдалануды ұсынады. «Қысқа болады, бірақ екеуін екі жақтан әкеліп, ортасына шкиф қойса, жұмысын жүргізе береді» деп комбайнерлерге түсіндірді. Солай болды да. Комбайындар тоқтамай жүретін болды. Егіс алқабындағы іскерлік пен еңбекті көзімен көрген аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы Зәкім Жайлыбай «Батырбаев «өлген» комбайынды «тірілтті» деп аудандық және облыстық «Сыр бойы» газеттеріне мақала жариялады. Мақала тақырыбы жарияланған кезден бастап халықтың аузында мақал болып қалды, қанатты сөзге айналды.
Бүкіл болмысымен инженер Әбдішүкір қарияның мұнан да басқа іскерлік істері жеткілікті. Бірде (90 жылдардағы тоқырауда) Алматы ауыл шаруашылық институтын бірге бітірген, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Джамбаев Әбекеңе «Алматыға кел, шағын шаруа қожалықтарына арналған шағын трактор шығарайық» деп ұсыныс жасайды. Ол институтқа түспей тұрған кезде І-Алматыдағы автодорожный зауытында слесарь болып істеген екен. Соны пайдаланып директорына айтса, «сызбаңды (чертежіңді) әкел, трактор жасауға көмектесемін» депті. Алматыға барып, Қанаттың үйінде тұрып, ДТ-20 тракторының алдыңғы дөңгелектерін тартатын етіп (ведущий) қайта сызба жасайды. Зауыт директоры сөзінде тұрып, екі трактор жасап шығарып, Алматыдағы Ауыл шаруашылық көрмесіне қояды, оны халық көреді. Тапсырыс берушілер де табылады. Сол кезгі экономикалық жағдайдың және кәсіпкерлердің әлі жетіле қоймауының әсерінен бе, кім білсін, қаражат бөлінбей, жаңалық жалғасын таппай қалады...
Әне-міне сексеннің төбесіне секіргелі тұрған ардагер инженердің тұрмысы да, шүкір, үлгі боларлықтай дәрежеде. Жанұясында 4 қыз 2 ұлы, олардан өрбіген немере, шөберелері бар.
Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Шиелі кенті ардагерлер ұйымының төрағасы, әлі күнге қоғамдық жұмыстан қол үзбей келеді. Жуырда Әбшүкір ақсақалдың отбасын көрдік. Есігінің алдында атшаптырым жерді биіктетіп, тегістеп қойыпты. Себебін сұрап едім:
– Еңселі үй соғамын. Осы кезге дейін үй салуға қабілет-қарымым жетсе де, уақытым болмапты. Амандық болса енді кірісемін. 80 жылдығымды сол үйде атап өтемін, – деді. Қолға алған ісінің бәріне қол жекізіп келе жатқан еңбеккер, бірбеткей Батырбаевтың бұл сөзіне сендім әрі сәттілік тіледім. Лайым, солай болсын!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын-журналист, халықаралық
«М.Шолохов» атындағы медальдің
иегері
24 желтоқсан 2019 ж. 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031