Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлме гүлдерінің жапырақтары неге қараяды?

Бөлме гүлдерінің жапырақтары неге қараяды?

Суық мерзімде бөлме өсімдіктерінің қарая бастағанын жиі байқауға болады. Гүлдерге көмектесу үшін оның себебін анықтап алу керек. Гүл жапырақтары қараюының негізгі 5 себебін ұсынамыз. 1. Ауа ылғалдылығының төмен болуы Бөлмедегі ауа ылғалдылығының төмен болуы – өсімдік жапырақтарының қарайып бастауының негізгі себебі. Жылытқыш құрылғылары іске қосылған уақытта бөлмедегі ылғал көрсеткіші 30 пайызға дейін түсіп кетеді. Ал мұндай ылғалда бөлме өсімдіктері қиналып кетеді. Оны тек кактустар көтере алады. Ылғал мөлшерінің төмен болуы адам ағзасына да зиян, одан иммунитет әлсіреп, аурушаң бола түсесіз. Сондықтан үйге ауа ылғалдандырғыш құрылғы алған артық етпейді. 2. Жоғары температура Өте жоғары температура да өсімдік жапырақтарының құрғап, қарайып кетуіне әкеледі. Қыс мерзімінде термометр жолағының 16 градустан түсіп кетпеуін және 20 градустан асып кетпеуін қадағалаған жөн. Әсіресе, қосымша жылытқыш құрылғы қолданатын болсаңыз, үйдің қатты ысып кетпеуіне мән беріңіз. 3. Жел Терезеден келген суық жел өсімдік жапырақтарының жылдам өлуіне және қараюына себепші болады. Гүлдер желдің астында бірнеше минутқа қалып қойса да, өліп кетуі мүмкін. Сондықтан бөлмені желдетерде гүлдерді басқа бөлмеге шығарып қойыңыз. 4. Шіріген тамыр Қыс мерзімінде бөлме гүлдері жапырақтары оның тамырының шірігендігінен қарайып жатады. Ал гүл тамыры көбіне көп суарғандықтан шіриді. Тамыр шіруінің басқа да себептері көп: тығыз топырақ, суық жел және т.б. 5. Су Жапырақтардың қараюына қарапайым су да себеп болады. Мысалы, гүлді суық сумен суаруға болмайды. Егер гүлге құятын суды краннан алсаңыз, оны алдымен аузы ашық күйінде екі тәулікке қалдырыңыз. Сол кезде судағы хлор мен ауыр тұздар мөлшері азая түседі. Сондай-ақ су бөлме температурасында болуы керек.

20 желтоқсан 2019 ж. 1 188 0