Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқар тауым, биігім, бәйтерегім

Асқар тауым, биігім, бәйтерегім

Иә, мен әкемнің қызымын. Тоғыз ай бойы анам құрсағында көтеріп, тоғыз сағат толғатып дүниеге әкелсе де, қыз баласы болсам да, кішкентайымнан «әкемнің қызымын» деп мақтанышпен айтушы едім. Қазір де көзкөрген таныс үлкен кісілермен амандасқанымда танымай тұрса, «Фазылкәріммін» деп айтамын. Осы «Фазылкәріммін» деген сөзімде қаншама мақтаныш, абырой, аңсарым, айтып үлгіре алмай кеткен қаншама сырларым мен тәтті қиял-армандарым бар десеңші!
Әкем лауазымды қызмет атқарып, жұмысбастылығынан үйде жиі бола бермейтін.Үнемі жұмыста жүреді, таңертең ұйқыдан тұрғанда әкемнің төсегі әлдеқашан суып қалғанын байқайтынмын.Бір сағаттық үзілісінде түстеніп, «құс ұйқысын» да қандырып, мызғып алатын, аузы ашылып, қорылдаған әкемді ертегідегі батырлардай көретінмін. Әкемнің ұйқысы қансын, үнсіздікті сақтайын деп дыбысымды шығармай, тіпті демімді шығармай ­отыратынмын. Бұл менің әкеме деген ыстық ықыласым мен құрметім, балалық ұлы махаббатым еді.
Қазіргі әкелердің қыздарында осындай махаббат бар ма екен? Жоқ демеймін, бар шығар. Тек сол махаббат қай деңгейде, қай шамада екен? Ол махаббат немен өлшенеді, оның өлшем бірлігі бар ма? Қызының қалауын тапса болғаны ма, сонда әкелік парызын өтегендігі ме, ата-аналық міндетін атқарғандығы болып табыла ма?
«Әкесінің қызы» деген ұғымда қаншама мән-мағына жатыр десеңші?! Осы ұғымның өзі-ақ кезінде бізге тамаша тәрбие мектебі бола білген. Осы сөз бізді қырық жерден тыйған. Әрдайым «әкесінің қызы» деген атқа лайықты болуға тырысып өстім. «Менің қызым ақылды. Кіммен араласу керектігін, қайда бару керектігін, қайда баруға болмайтындығын, не айту керектігін, нені айтуға болмайтындығын т.б. өзі біледі» деген сөзінен кейін расында да осы сенімнен шықсам екен деп артық-ауық жүрмеуге, артық сөйлемеуге тырысатынмын.
«Әке – асқар тау» дейміз, біз сол асқар таудың баурайындағы бұлақ, жағасындағы құрақ болып өсіп жетілдік. Біздер тау бөктеріне сән мен сая болсақ, орындалмай кеткен арман-тілектерінің лайықты жалғасы, қалқиған құрағы ғана емес, қырмызы қызғалдағы, кімнің қызы дегенде, «әкесінің қызы» бола білсек жаман болмағанымыз деп ой түйемін.
Р.S. Заңғар таудай биігім, ризамын мен Сізге!

Камшат Фазылкәрімқызы,
штаттан тыс тілші
07 желтоқсан 2019 ж. 810 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031