Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеден алыстатқан арақ

Әкеден алыстатқан арақ

Тоғыз жастағы інім күніге хабарласып, «Тәте, осы демалыста келесіз бе?» деп сұрайды. Мен бұрынғы әдетіме басып: «Жоқ, жаным. Сабағым әлі аяқталмады, біткен бойда саған барамын» – деп оны алдаусыратамын.
Бұл сөздерден әбден мезі болған Серік ызаланып, тұтқаны тастай салады. Әттең, ол білсе ғой. Бір жағынан білмегені де жөн. Әкеміздің кезінде, өзі жер бетіне шыр етіп келген шақта, менің жүрегіме жазылмас жара салғанын білмегені артық. Әкемнің оның алдында абыройсыз болғанын қаламаймын. Уақыты жетіп, сәті түскенде мендік реніш те ұмытылар, жара да жазылар. Бірақ, осы нәрсені ойлағанда үмітімнен күдігім басым болып кетеді. Әкемнің әрекеттерін енді есімнен шығара бастағанда, анамның ауырып жатқанын көремін. Оны көріп өткен оқиға қайтадан ойға оралады. Анамның жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, бізді жалғыз жетілдіргені, арақпен достасып, адамгершілікпен қоштасқан әкемнің кесірінен көшеде талай түнегеніміз, көк ала қойдай етіп анамды сабап тастауы, ішер су, жеуге нан табылмағаны, барлығы дерлік көз алдымнан кино лентасындай өте шығады. Бала кезден көрген қиындықтың кесірінен бе, қалай есейгенімізді білмей де қалдық. Тек бір білетініміз, анам таңның атысы, күннің батысы сауда жасап, бар тапқанын біздің аузымызға тосатын. Ал кешкісін араққа сылқия тойған әкемізбен алысады. Жалғыз анам бір рет болсын жан рақатын сезінбеді-ау, сол кездері! Бірақ соның өзінде «Ажырасамын, төркініме кетемін» деп айтқан емес. Қалай болса да түбі жақсылыққа әкелмейтін ащы судан әкемізді арашалап алғысы келді. Әркез асын дайындап, кір-қоңын жуып, үйін тазалап жүрді. Мүмкін анамның осылай құрақ ұшып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, мұрын сіңбіруге уақыты болмай тірлік істеп жүретінін көргеннен кейін шығар, әкеме жақын болмадым. Ашығын айтқанда, жек көріп өстім. «Анам ол үшін барлығын жасайды. Ал ол ішіп келіп, ұрады, айқайлайды. Неге олай істейді?» деп өз-өзіме сұрақ қоюшы едім. Әкем ішіп келген бойда бір бөлмеге тығылып, кемсеңдеп жылағаннан басқа ештеңені білмедім. Бірақ бір күні ашуыма ерік бердім бе әлде қатты намыстанып кеттім бе, әкеме дауыспен қоса қол да көтердім. Ол кез 2008 жылдың қысы еді. Он жастамын. Анам інімді босанып үйге келген болатын. Іргелес тұратын көршілер құттықтап келіп отыр. Барлығы арқа-жарқа, мәз-мейрам. Бір уақытта әкем әдеттегідей тәлтіректеп, екі аяғын әзер басып, төргі бөлмеге кірді. Қонақтардың көбісі өзімен түйедей құрдас болған соң шығар: «Оу, Жәке, бізсіз тойлап жүргенің қалай?» деп әзілдесті. Ал әкем олардың сөздеріне мән бермей, күртешесімен әлек болып тұрды. Ауық-ауық алға қарай құлап кететін сияқты. Көзін біресе жұмып, біресе ашып, біразға дейін сырт киімінің сырғымасын (замогы) таба алмады. Ақыры анам орнынан тұрып, көмектеспекші болып еді: «Кетші-ей, әкеңнің...» деп оны бар пәрменімен итеріп жіберді. Босанғанына апта да болмаған анам тәлтіректеп барып жерге отыра қалды. Білем жанына қатты батты. Бірақ көзінен жас шығармады. Жанарынан жас шықпаса да, ұяттан бетінен оты шықты. Ары аяққа тапталғандай күй кешіп, не істерін білмей састы да қалды. Осы сәтте барлығын көріп тұрған мен де шыдамай жұдырығымды түйіп жүгіре жөнеліп:
«Неге ұрасың, ыстық шәйнекке күйіп қалса, не болады?» деп бақырып жылай бастадым, көзімді тарс жұмып алып, әкемнің аяқтарынан ұрып жатырмын, ұрып жатырмын. Бір кезде ол менің білегімнен қыса ұстады да, бетімнен шапалақпен салып жіберді. Осыдан кейін мен туған әкемді «әке» деп атаудан қалдым. Біртүрлі ішімнен бірнәрсе тас түйін болып жібермейді. Үйден жыраққа кетуді аңсадым. Анамның ауыра бастағанын, әкемнің жиілетіп ішіп жүргенін байқадым. Уақыт өтті. Бойжеттім. Оқуға кететін кез келді. Шынымды айтсам, ерекше қуандым. Анамды да ойламадым. Тек кетсем болды деген пасық ой жатты. Ақыры ауылды артқа ­тастап, қым-қуыт тірлігі бар қалаға жеттім. Осында келгеннен кейін көп кешікпей-ақ жаңа өмір бастадым. Жаңа адамдар, жаңа орта! Анамнан да жағымды жаңалық естідім. Әкем әлекке салған әдетін ақыры доғарыпты. Бұл жаңалық жүзіме күлкі сыйласа да, көңілдегі кірбіңді, жүректегі жараны кетіре алмады. Ақ қағаздай тап-таза жүрекке жазылған сол кездегі оқиғалар еш ұмытылмастай көрінеді. Есіме балалық шақтың естеліктері түскен сайын, үйіме қайтуға жүрексінемін. Әкеммен сөзім жараспай қала ма деп уайымдаймын. Кейде бір құтының кесірінен әкеме ренжіп жүргеніме ашуым да келеді. Берсең ит ішпейтін осы суды ойлап тапқандардың жеті атасына дейін қарғап жіберемін. Ал кейде араққа салынып, маскүнем атанып жүргендер тезірек есін жиса екен деп тілеймін. Арақтың абырой әкелмейтінін түсініп, отбасыларына әрбір отағасы еге болып отырса, ана да, бала да бақытты болар ма еді, бәлкім?!

А.АБЫЛАЕВА
26 қараша 2019 ж. 714 0