Бақыттың бұлағынан сусындаған
Адам өмірінде өзінің кім болғанын, қаншалықты еңбек еткенін, даралығын, асыл қасиетін, азаматтығын құлағымен естіп, оң бағасын алып жатса көңілі марқайып, ұрпағының алдында кеудесін тік көтеріп өтер еді.
Небір жайсаңдарымыз, жақсыларымыз көзінің тірісінде өз бағасын ала алмай, жақсылар жақсымын деп айта алмай, биіктігі байқалмай, көлеңкеде қалып кетіп жатады. Кезінде әділетсіздіктің салдарынан бірі ақын, бірі батыр қазақтың қос Қасымы шын бағасын ала алмағанын бәріміз білеміз. Бірі отты өлеңімен, бірі жаужүрек тілегімен мойымай әділетсіздікке тура қарады емес пе? Сол сияқты арамызда батыр да, ақын да, жазушы да емес, ұстаз деген ұлы есімге шаң жуытпай, өмірінің 60-70 пайызын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жаны жайсаң қазыналы қарттарымыз жайлы ел назарына ұсынбасақ, ол біздің бір кемшін тұсымыз болар еді. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 37 қара сөзіндегі «Қары қалың қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» дегендей қазақ даласына келген зұлмат ашаршылықтан әрең деп есін жиған, жақсы күндердің жылы лебі қылаң бере бастаған 1935 жылдың сәуір айында Шиелі ауданы, Жиделіарық елді мекенінде Есабыз әулетінде Бәкірдің ұлы Әбен дүниеге келген екен. Ол жерде мектеп болмағандықтан Еңбекшіде 7 жылдықты бітіріп, аудан орталығындағы «октябрьдің 14 жылдығы» атындағы қазақ орта мектебін 1953 жылы тәмамдады. Оның арманы мұғалім болу еді. Сол мақсатпен 1954 жылы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, 1959 жылы «Физика өндірістік негіздері сызу» мамандығын алады да, еңбек жолын өзінің бітірген мектебіне келіп жалғастырады. Көзінде от, кеудесінде жалын барын, ұйымдастырушылық қабілетін байқаған оқу бөлімінің меңгерушісі Тайманов 1961 жылы №156 мектепке директор етіп жібереді. Аз уақыттың ішінде мол тәжірибені жинаған оны 1963 жылы №157 Алғабас орта мектебінің директорлығына тағайындайды. Сол жерде 10 жыл қызмет атқарып 1973 жылы №156 Нартай Бекежанов атындағы орта мектебіндегі директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып абырой биігінен көрінген жанның бірі болды. Бүкіл саналы ғұмыры бала мен ұстаздар арасында өткен, оның ішінде басшылық қызметінде алатын орны ерекше. Басшы болу, елді басқару деген үлкен академия. Сауатты топ, зиялы қауыммен тіл табысу, бірлікті сақтау үшін табиғи дарын, тиянақты ізденіс қажет. Бойында педагогқа лайықты мінез-құлқы бар тек қана мұғалімдер емес бүкіл қоғамдық ортада, жүрген жерінде мол білімділігімен ой-өрісінің кеңдігімен идеал болған Әбеннің еңбегі талап биігінен көрінді.
1960 жылы Қазақстан мұғалімдерінің ІІІ съездіне қатысып, сол жылы «За трудовою доблесть» медалін кеудесіне жарқырата тақты. Әбеннің шәкірттерінің өзі мәуелі бәйтерекке айналған, түрлі шаруашылық мамандары, жоғары қызмет иелері. Жас ұрпаққа саналы тәрбие берумен, сапалы білім беру, білікті басшы ретінде жоғары жетістіктерге жеткені үшін 1985 жылы Қазақ ССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісімен марапатталды.
Мамандық таңдаудан жаңылмаған Әбен жар таңдаудан да жаза басқан жоқ. Әбен шаштыға күйеу болып келеді. Денесі шағын болғанмен пейілі де, көңілі де кең. Ашулану, ренжу деген оған жат. Жездеміз болған соң біз де тіліміздің бізін аямаймыз, тілінде әзілдің ұясы бар, қалжыңның отын жағып, көрігін қыздыра түсетінбіз. Бірақ ол бәріне жауап табады. Сол айдай сұлу Айзада апамыз 7 ұл, 5 қызды Алланың бұйрығымен аманат етіп қош деуге де шамасы келмей сұм ажалдың құрығына ілініп кете барды. Әрине ананың орнын ешкімде, ештеңе де баса алмайды. Бірақ Әбен жаққан отты сөндірмей, шаңырақты құлатпай, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, баланың, жардың алдындағы борышын адал ақтады. Қазір солардан 44 немере, 43 шөбере сүйіп бақыттың заңғар биігінде өмір сүріп жүрген жан. Я біз көбіне арамызда жүрген небір жақсы жандарды көре-біле бермейміз.
«Алғанмен көрінбейді қолға бірақ,
Асылдың қараңғыда ақ бен бозы» деген керемет сөз осындай жүрегі жылы жанға арналғандай. Ой-санасы, қайраты, шыдамдылығы мол, сабыр сақтау қабілеті, тапқырлығы маңайындағыларға қамқорлығы, ағайын-жекжат, дос жарандарға адалдығы шығар Әбеннің абыройын асқақтатқан. Аталық борышын атқарып тілі, діні, жері мен елі қоғам үшін мәңгілік елдің салауатты ұрпағын тәрбиелеуде кеудесінен от жігерін найзағайдай намысын ұрпақ үшін жұмсап, алдыңғы сапта көрініп жүрген жандардың ортамызда жүруі ортақ абырой. Адамның атын тану оңай, бірақ оның асыл қасиетін, болмысын тану аса қиын. Оның өмірлік жолында ерлікте, қуанышта, өкпе-реніш, еңсесін түсіріп еңкейтер сәттер де кездеседі. Әрине, бұл-өмір заңы.
Міне, бүгінде Әбекең – өмірдің заңымен жаза баспай, кемеліне жетіп, парасатымен терең ойлы ақылының арқасында, айналасына нұрлы шуағын шашып келе жатқан текті тұлға. Бақыттың мөлдір бұлағынан су ішіп, бақыттың базарын еркін аралап жүрген әке. Жақсыға айтар сөз көп. Қатар жүрген қандайда бір теңеуге лайық болмысы да, азаматтығы бөлек жандарды құрметтеуден қысылмай мерейін тасытып еңбегін асыл, ғұмырын ғасырға балап, өткен күн – тарих, бүгінгі күннің сый екенін зерделей білсек нұр үстіне нұр болар еді. Ал ағайынға айтарымыз, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен төрт аяғын тең басып, елдің тілегін тілеп жүрген адамның сыны емес, Алланың сыйына ие болған, Әбекеңдей қазыналы қарттарымызға сый-құрмет көрсетуден жаңылмайық.
Айжамал Әбдіхамитқызы