Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Фельдшер мен кіндік шеше

Фельдшер мен кіндік шеше

Ауылға ерлі-зайыпты екі дәрігер келді деп, жас пен кәрі қуана бір-біріне хабарлап жатты. Кеңес үкіметі кезінде оқу бітірген ­жастар қайда жіберсе, сонда жолдамамен кете беретін. Шағын ғана төрт бөлмелі үйді екіге бөліп, екі бөлмені перзентханаға, екі бөлмені емханаға берген. Ауылға бәрі қызық, әсіресе, үріп ауызға салғандай, ажарынан ай ұялғандай акушерка қызға назары түспеген жан қалмаған шығар.
Бұл 1960 жылдың күзі еді. Ерлі-зайыпты Ерғазы Жексенбаев пен ­Айтжан Аманбаева еңбек жолдарын ­Ленин атындағы колхоздан бастауға жолдамамен келген. Келген күннен бастап-ақ өздерінің білімі мен біліктілігін көрсете келген қос дәрігердің айлары оңынан туа бастады.
Жаста болса мінезге бай, сабырдың суын сепкен сөзге сараң, алдына барғаныңда қандай жағдайда екеніңді бетіңе тура қарамай-ақ болжайтын, бітімі өзгеше жан Ерғазы ағай білегіңді бірер секунд ұстап тұрады да дереу қағазға жаза бастайтын. Ол кезде қазіргідей заманауи медицина жабдықтары жоқ. Инелерді таңертеңнен кешке дейін қайта-қайта қайнатып салатын, ауруды көріп те бүкіл ауылды емдеп те үлгеруші еді. Сенбі, жексенбі, түн жарымы дегенді білмейтін. Науқас қай кезде шақырса, сол кезде келіп, қашан өз-өзіне келгенше жанында болып, таңертең емханада отыратынын көретінсің. Бұл кісіден жан дауасын тапқан жандар әлі күнге дейін «Шіркін, Ерғазы болса ғой» деп іздеп отырғандар қаншама.
Ағайдың емшілігімен қатар алдын-ала болжайтын қасиеті де болатын. Менің әкем 90-ға келгенше ауырып дәрі ішпеген кісі. Әкең ауырып жатыр деген соң, дереу ағайды ала бардым. Бірер минут білегін ұстап, көзін ашып көрді де үндемей шығып кетті. Соңынан ере шыққан маған, үш күн уақытың бар, дайындала берсең болады деді де кетіп қалды. Үшінші күні әкем дүниеден өтті. Тағы бірде қалада тұратын Тамара деген танысым келді. Бір қолынан бір жылдан бері азап шегіп жүргенін, бармаған дәрігері, ішпеген дәрісі қалмағанын айтып қатты әбіржіді. Ағайға алып бардым. Әрлі-берлі қарап отырып үн жоқ, қағазға бір дәріні шимайлады. Дереу алып келдік, соны екі күн салды. Үш күннен кейін хабар келді. Қолы ауырғаны қойып, рахаттанып қалыпты. Сол әйел қазір 74-ке келді. Бұл бұдан 20 жыл бұрын болған оқиға еді. Айта берсек, нағыз ақ халатты абзал жан деген атқа лайық бұл кісілер туралы айтып тауыса алмассың. «Ер – атымен» демекші, кішілік пен кісілік ұлылықтың белгісі екенін, ағайдың елден алған алғысы мен батасы, бір туар азаматтығын дәлелдейтін ағалық қасиетінің сабағы деп ұқтым. Бір орында, бір ауылда 40 жыл еңбек етті. Еңбегі бағаланды. 1968, 1971 жылдары ауылдық кеңестің депутаты, 1968, 1977 жылдары «Медицина саласының үздігі», 1983 жылы В.Лениннің 100 жылдығында «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Ұлы Отан соғысына 65 жыл» медалдарымен марапатталды. Бұдан басқа облыстық, аудандық алғыс хаттары жетерлік. Өмірінің соңына дейін, халыққа қызметін аямай, ең бірінші байлық адамдардың денсаулығы үшін күресін тоқтатпаған аға, ұмытылмас тұлға.
Екеуі жиырмаға жетер жетпесте отау тігіп, өмірдің қызық та қиын күндерін бірге өткізген жандарды білмейтін адам жоқ шығар. Өзі жас, шашы тілерсегіне түскен, көркіне көз тоймайтындай, үстіне киген ақ халаты, риясыз күлкісі, қоңыраудай сыңғырлаған үні, жан жылытар жылы сөзі, босануға келген әйелдерге күш қуат беріп, аман-есен қол-аяқтарын бауырларына ала, сәбилерді құшағына қысып, алғыстарын жаудыра шығушы еді. Небір қиын қыстау күндерді басынан өткізсе де мойымады. Күн-түн демей, ағаймен қоса шақыртуларға емізулі баласын тастап баратын. Сөйтіп жүріп соншама уақыт өткенін зейнеткерлікке шыққанда бірақ білді. 34 жыл бір ауылда тізе қосып, қызмет еткен күндер артта қалды. Бірақ ол жылдардан қалған іздер, Айтжан апай кіндігін кескен мыңдаған балалар. Қазір алды ақ сақалды қария, ақ жаулықты ана. Бұл кісінің еңбегі де еленбей қалған жоқ. 1975 жылы ауылдық кеңестің депутаты, 1970,1976 жылдары «Медицина саласының үздігі», 1984 жылы «Үздік маман», Ұлы Отан соғысына 65 жыл медальдарымен марапатталды. Сексеннен асса да, сол баяғы әдемі қалпында, бойын тіп-тік ұстаған, сұлу жүзінің нұры таймаған, самайын қырау шалмаған. 34 жыл бойы Алғабас ауылы халқының алғысын арқалаған Айтжан апамыз – дүниеге 6 бала әкеліп, одан 25 немере, 18 шөбере сүйіп отырған, ақыл парасаты биік, аяулы әже, әдемі қартайған ел анасы. Ел ішінде мерейі үстем, орны төрде.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы

12 қараша 2019 ж. 546 0