Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамай (эссе)

Мамай (эссе)

Алтын Орда билеушісі Мамайды көне тарихтан білуші едік. Жазба дүниеге үңіліп, тарихтың тереңін ақыл мен сана арқылы сараптайтындар бұл есімге мән бермей қалмасы кәдік. Кеңес дәуірінде осының өзі бұлыңғыр болып көрінетін. Сірә, оқыған әкесі жаңа туған періштесінің есімін ел билесін деп осылай қойса керек. Кемелденген социализм кезеңінде адамға ат қоюда да «ақырын жүріп, анық бас­паса» болмайды. Математик мұғалім әке бәріне қолды бір сермеп, Сырдарияның арғы бетіндегі Қалмахан туған құмды ауылда өмірге келген шарананың құлағына «Мамай» деп айғайлады. «Мың бір түнді» қайта-қайта оқыған ауылдастары әредік селк ете қалды. Қазір ғой, табан тірейтін тоқтауы жоқ заманда әкесі «Сағат» болса, баласы «Минөт» боп лепіріп жүргені. Олар сылқ-сылқ күліп, немересіне «Секунд» деп те есім сыйлайтын сияқты. Осы жерде Пугачева жанын салып шырқайтын «Старинные часы» еске түседі. Уақыттың қадірін біліп кетсек деп ойлайсың, көне сағатқа жалтақ-жалтақ қарайсың. Иә, оқығаны мен тоқығаны көп әке осы сирек есімге тоқтаса, перзенті бүгін осы есімнің қадірін арттырып, елін елеңдетіп отыр. Әке о дүниеге үміт артып кеткенмен, жамылған қара топырақ бәрін де сездірмей қоймайды, жақсы перзенттің жақсы ісіне қабірдегі қу сүйек бір бүлк етпей қалмайды. Сол Мамай өзімнің Шиелімнен екен. Бұны да басыма күн туғанда білдім.
2006-ның қыркүйегінде «Ана тілінде» «Елді жікке бөлетін әкім-қаралар» деп, өзі күнге күйген елді одан бетер күйдіріп жүрген «Горбачевтың ізбасарларын» сынап едім, тағы да ауылымның әкім-қаралары бір зейнеткерге қол қойдырып, Алматыға келіп ағайын жағалап, тұтқа сипалап жүріп, жазғандарын газетке шығарды, сөйтіп мені «қара есекке теріс мінгізді». Ал араға нөмір салып Мамай Ахет деген жігіт «Өз жақсыңды жаттай сыйла» деп, ышқынып тұрып бар ынта-ықыласымен сөйледі: «Арбаның алдыңғы дөңгелегі» – сіздер солай дейсіздер, сонда басқалар не демек? Жазушының айтып отырғанының бәрі удай шындық. Әкімшілікте Әуелбек Қоңыратбаев пен Қалтай Мұхамеджановты айыра алмайтындар жұмыс істеп жүр, ол соны көзге шұқып көрсетіп отыр. Біз қашан барды бар, жоқты жоқ дейміз» деп, баспасөзде бәрінің бетін тілді. Сөйтсек ол да шиелілік екен, сараптан өткізсек, өн бойында зымыраған қан жағынан маған емес, әлгі қол қойып, күйе жақ­қандарға жақын екен. Таныстық осылай басталды, жақсыны көріп тұрып, жақсы ілтипатты жасырып қала ал­­мадық, ағалы-інілік сыйлас жолға түстік.
Ол – әдебиетші. Әдебиетші болғанда, ауыз әдебиетінің ­майын ішкен сайыпқыран зерттеуші. Ғылым кандидаты «Мұхтар Әуезов драматургиясындағы шешендік дәстүр» атты тақырыпта диссертация қорғап, ұлы қаламгер шығармаларында ұлттық дәстүр сарыны қалайша орындалды деген қиын түйінді қолға алды. Осы өрелі іс қашанда оның жанын тыншытпай жүрек түбіндегі асыл тас боп жарқырайды да тұрады. Әуезов әлемі – ғылыми қызметкер боп Әдебиет инс­титутында жүрсе де, әкімшілікте отырып өзгелер үшін үшбу хат дайындаса да, төрт дөңгелектің рөлінде жұмыстан сүлелеп қайтып келе жатса да, ойынан бір кетпейтін ұлағат. Классикалық шешендікті жатқа айта отырып, айналасындағы шала қазақтарға іші ашитын кездері де болады. Бұған уақыт кінәлі деп, көне сағаттың тықылын тыңдағанды жаны сүйеді.
Ол – ауыз әдебиетіндегі тұма бұ­лақтың иірімі. Әуелбек Қоңыратбаев пен Әбділда Тәжібаевтың жолын жалғастырған сауатты зерттеуші. Болмысы бөлек шешен. Кез келген той мен отырыстың гүлі. Кезінде партияның тұтқасын ұстап, есігін тоздырғандар кешке қарай серуендеп, арқалары қозып, әркімге баға бере бастағанда, қаладағы жиналыс пен салтанатты сәттерді, тіпті қаралы рәсімдерді жүргізген осы жігітке таң-тамаша қалғанын көрдік. «Өсіп-ақ кетер еді…» деп күмілжігенде, қызыл есіктердің қыры мен сыры да айнадан көрініп тұрады. Мамай­ мансапқұмар емес. Өзі қал-қадерінше шенеунік бола жүріп, «Ана тілінде» «Шешендік өнер және шенеунік» деп мәселе көтеріп мақала жазып, тілді ластап жүріп атқа мінгендерді тоғыз өрім таспамен осып өтті. «Ң»-ды «н» деп, «Біздің заманды» «Біздін заман» деп өзімізге кесек лақтырған өркөкірек сұхбат жүргізуші мен әншісымақтардың арқасын да дырау қамшымен дыз еткізді. Бұл – сабақ, тіл сабағы, тіл жанашырының күте-күте жарылған жарасы. Тіл тазалығы үшін жаны ышқынған тұла бойы таза азамат қашан да шынын айтады, әдептің биік баспалдағынан абайлап өтуді ескертеді.
Ол – әдебиет жанашыры. Қолы қалт етсе жаңа кітап оқып, көңілге түйген пікірін ағынан жарылып айтып жүреді. Кейіпкерді ақ, қара деп бөлмейді, әдеби сауатпен әрнәрсенің әдебін қайырып береді, әдеби «измдердің» мәніне терең тоқталып, мұғалімдей түсіндіріп отырады. Авторды алаламайды. Дауласып қалған екі жазушының даусын естіп ойға шомған Әлкей Марғұлан бабасының: «Бұл, сірә, көшпенді дәуірдің әсері болар» деген сөзін қатты ұстанады, жағрафиялық жіктелуді жаны жек көреді. Осы ­Мамай «Мәдениет» телеар­насында менің «Төрт амал тіршілік» деген кітабымды талқылағанда сөз сөйледі. «Біз капитализмге дендеп енген елміз. Социализм деген әлеумет болатын болса, капитализм деген – ақша, қаражат. Біз осыған ден қойдық. Осыған қазақ қалай енді? Қазақтың жағдайы қандай болу керек? Айталық, «Барахолкаға баратын автобус» деген әңгімесі бар. Бұл «Қазақфильмнен» Алматының жанындағы базарға қатынайтын автобус туралы. Осы­ның ішіндегі адамдарды суреттеу арқылы қарапайым замандастарымызды қандай мәселе мазалайды деген сұраққа жауап іздейді» деген жігітті көгілдір экраннан көріп отырып сөзіне тәнті болдым. Мақтағанды кім жек көрсін. Қаламның азабын түсініп, кітапты жаны ашып оқиды екен. Маңдайы кең, сауатты сөйлейді, өңінен шапағат нұры төгіліп тұр. Ойын Әбіш Кекілбаевтың мына сөзімен түйіндеді: «Қазіргі әдебиет ТМД елдерінде ұйқылы-ояу хал кешуде. Бұл үйреншікті өмір дағдысының түбегейлі өзгеріп кеткендігінің нәтижесі шығар. Адамдар жаңа экономикалық қарым-қатынастарға енді-енді бауыр басып келеді. Соған лайықты өмір дағдысы өзгереді. Адам құштарлықтары да соған сәйкес көрініс таба бастады» деді. Қағазға қарамай жатқа айтты. Қағілез екен. Менің ойыма осы Әбекеңнің 2009 жылы айтқан «Жаппай сауатты халықтың зиялысы қайсы екенін көзге шұқып көрсете қою қиын» деген сөзі оралды. Мына жігітті көріп, сол сөзге бұлтартпай жауап беріп отырдым.
«Жазушының дүниедегі ең жақын бауыры – оқырман. Бар жан сырын тек соған сеніп айтады» деп еді қайран Әбекең ағынан жарылып. Мен де жақынымды таптым. Жазғаныңды түсініп, талдай білетін, адалын айтуға тырысатын бір азамат көгілдір экран­ның арғы бетінен сөйлеп отыр. Тезірек әйнектің бергі бетіне шығарып тілдесуге тырыстым. Солай болды да. Тілінде сүйек жоқ. Ибасы қандай әдемі. «Әке көрген оқ жонып» тұр.
Біз өзі батыр халықпыз, өзгелерге қарағанда өлерменбіз, оның үстіне оқығанбыз. Өзіміз үшін болмаса да, өзгелер үшін өзегімізді суырып беруге дайынбыз. Соғысқа да тек жақсымыз бен жайсаңымыз барып, батыр атанды, Әлия мен Мәншүкті де соған ыңғайлап, қыз басын қор қылдық, төмен етектілерден шыққан Кеңес Одағының Батыры деп мақтан тұттық. Бұның да ар жағында тағдырдың тәлкегі тұр. Кеше ғана Ауғанстан мен Чернобыльға, БАМ-ға ең тәуірлерімізді, болайын деп тұрған балаларымызды жібердік. Бұл – бізге ғана тән «патриоттық». Орыс пен өзбек, т.б. ұлттар ондай жерлерге көшеде арақ ішіп, мақта теруге жарамай жүрген жарыместерді жібереді. Біз болсақ, мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітіргендерді аттандырып, жоғарының көңілін таптық. Ақ таяқ ұстап қой бағып, механизатор болып трактор рөлін бағындырған қыздарымыздың тағдыры да жақ­сы­лыққа емес, жаман­дыққа қарай бұра тартты. Кремль құрыл­тайында шіреніп отырған олар арақ ішіп, шылым шегуді үйреніп қайтты. Бұған комбайн бір аяғын жеп қойған ауылдас құрбым Жадыра мен қой бағып жүріп зоотехникке алданып қалған аңғал қыздарымыз куә. Өзбек пен қырғыз, тәжік пен түрікмен неге осылай аттандап алға шықпайды? Бізді құлағымыздан қойша тізіп, қызыл дипломды көрсетіп тұрып, жоғарыға қара тізім жасап берген партия қызметкерлері – заманның жандайшабы еді. Сол қара ниет бізде әлі де бар. Өзбектің анадан ақылды болып туып, «барар жер, басар тауы» болмай қалған қызыл дип­ломды баласының жағдайын бәрі жабылып жүріп, бірінші басшыға жеткізер кәтта ауызбірлігіне қызығасың. Үйренетін-ақ нәрсе. Семей сынақ алаңы мен Чернобыль апат аймағына, үй түбіндегі Төретам-Байқоңырға, БАМ-ға, Ауғанстанға он екіде бір гүлі ашылмаған біздің түбіт мұрттарымыз да аттанды. Бейбіт заманда олардан «қара қағаз» келіп жатты. Олардың тірілері: бірі – қол-аяғы жоқ мүгедек, бірі – аузы-басы қисаңдаған дәлдүріш боп оралса, енді бірі – өмірден перзентсіз өткен саяқ боп қалды. Менің кейіпкерім Мамай да Жаңа Жер аралындағы ядролық сынақ айлағында екі жылын өткізіп, әйтеуір аман оралды. Әскерде қара күш пен ақыл-қуатын алға сап жүріп, бәрін де жеңді, «ақылды азиат» атанып, шен таққандарды таңғалдырды. Қазір үбірлі-шүбірлі, ат байлары бар. Құралай келін де ғылым докторы, көңілін тауып, еркекше еркелете білген қосағына дән риза. Бұны тегін айтып отырғаным жоқ, ер басына түскен қасірет қайталанбасын деп отырмын.
Ұлы Мұхтар Әуезовтың 20-шы томынан 1957 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің 5-пленумында сөйлеген сөзін оқыдым. Оған «Үмітті ұрпаққа – игі тілек» деп атау беріпті. Ғұлама осы сөзді айтқанда кейіпкерім әлі дүние есігін ашпаған екен, он жылдан кейін ғана іңгәлап, «Қарғалының» қара қарғасының зәре-құтын қашырып өмірге келіпті. Ұлы Әуезов былай дейді: «Иә, бізде Жапониядағыдай емес, көп ұлтты, көп тілде сөйлейміз. Сондықтан мәдениет үстіне мәдениет, білім үстіне білім жалғай түскілерің келсе, ең бастысы – ұлы достығымызды әрі те­реңдете бергілерің келсе, сендер қазақ тілін, Қазақстан тарихын білуге тиістісіңдер. Қазір нақ осыған ұмтылатын шақтарың». Осы жолдарды оқып, ұлы жазушы сонда барған кезде өз ұлты 99 пайызды құрап, қазір тіпті дамып кеткен жан дүниесі жайсаң осы бір ұлтты ойладым. Құдандалығымды айтқанда қағылез бала іліп әкетті.
– Аға, сол халыққа барғанда жан дүниеңізге не нәрсе атой салды? Тұрмыс-тіршілігінде алғашқы орында тұрған не зат екен? – Ол мені тергеп отырған жоқ, сынап отыр. Інілігі, әдебиетшілігі – бәрі осы сауалдың ішінде жауап күтіп отыр.
– Өз тілін сұмдық құрмет тұтады екен. Бала 13-ке толғанша анасы қасынан кетпейді, тек тіл үйретеді.
– Сонан кейін?
– Әйел – ер адамның алдын кесіп өтпейді…
– Біздің ауылдағыдай екен де. Онан қалыса қоймаспыз, тіл жағы болмаса… – деп, күрмеп байлап отырып мұңайып қалды. Ашаң жүзіне арманның ұшқыны қонақтады. – Тіл-теңізіміз бар, шүпірлеп өскен халқымыз бар, ескек қолда, әлі құдаларды басып озамыз, – деп ауырдың бәрін жеңілдетіп әкетті. – Аға, келесі жолы мені ертіп барыңызшы, қазақша сөйлеп құдаларды естен таңдырайын. Нанды пан, ошақты ачак дейді екен ғой. – Ол сеніммен қарап, селкілдей күлді.
Ошағы маздап жанып жатыр…
Ол күндіз-түні бір тынбайды. Таңның атысы мен Күннің батысындағы сергек ой, тәтті қиял жігіттің төзімін шыңдайды. Қолдың кірі – қызметте де талай-талай тәтті ойлар көкірекке келіп тұрақтайды. Тіл тазалығы жанын мазалайды. ­Заман өзгерсе де, бабалар қалдырған ауыз әдебиетінің асыл мұрасы, күрделі түйіндері көкірек шіркінді толқытпай қоймайды. Шешендік дәстүрдің тағдыры тыныш ұйықтатпайды. Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменовтер тағы да туар ма екен, туа қалса оның ­аузына кім сүт тамызып, кім алақанға салып әлдилер екен деген ой тыншытпайды. Ел ішіндегі Сонабай мен Мәстураларды іздеп ­тауып, шаршаған көңілді бір сергітіп алса ғой деп те армандайды. Бір-бірімен сөз қағыстырып отырып, кемшілікті көзге шұқып көрсету де – шешендіктің үлгісі. Қазір мерекелік той-томалақта тек қана жетістікті жырлайтын «кезекші» айтыс көбейіп кетті. Бұл бастауын «Қайта құру дегенім, қайта құру, Атымды қайта ерттеп, қайта міну» деп Андропов кезеңінен алғаны белгілі. Қазір ат та болдыртты, құлақ та сарсыды. Халық нағыз айтысты іздейді. Ғабит пен Ғабиденнің, Әбділда мен Мұхамеджан Қаратаевтың құрдастық шымшымалары, ауылдағы күріш егіп жүріп құйтырқы сөзімен басшыны да, қосшыны да жерге қаратқан тапқыр Байдүйсен Оразовтай сөздің түбін түсіргендердің басын қосып, шешендік мектебін ашсам деген ой да мазалайды. Мектепті үкіметке мойындатып, қабырғасын қалау үшін қанша қап ащы тердің төгілетіні белгілі. Адам бәріне шыдайды, тек төзім керек, жеңетініңізді біліп тұрып шаршамау керек, шешен қазақтың өзі айтқан «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» керек. Сол мектеп құрыла қалса, маң­дайшасына «Өнершінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» деп жазып қояр едім деп, көз алдына көлеңдетеді.
Күнделікті баспасөздегі орамға келмей жатқан орашолақ сөйлемдер де көңілге кірбің салады. Осындайда бәрін ысырып тастап, баспасөз тіліне қайткенде қазақы нақыш беріп, өзімізге бағындырамыз деп, ақ қағазға қара қаламды аямай сүйкейді. Сөздің басын қоса алмай, дайын қа­зақшаны оқып бере алмай тұрған мінбердегі шенеуніктер де шенеусіз қалмайды. Осыдан нәтиже шықса ғой деп, алаулаған көңіл аптығып барып басылады. Көкіректегі ағын тоқтамайды. Ол Аралға құйған Сырдариядай бәрін беріп ағады. Қызыл тіл мен қара сөз деген шіркіннің қара қазанында қайнауға Адам басын байласа, ол бір жетер жеріне жете алмай жер тарпыған тұлпардай мазасыз күй кешеді. Екінің бірі тұлпар міне алмайды. Мамай мінген тұлпар мама ағашқа байлау­лы тұр. Әлі-ақ шылбыр шешіледі. Аттандап алға шабады. Аяғын үзеңгіге нық салып, тік отырып жүген ұстап, көз ұшындағының бәрін болжап тұрады. Жігітке «өз үйі – өлең төсегінде» өз тілі керек. Ол сол үшін Тайбурылынан түспейді. Қолында тоғыз өрім қамшысы. Тіл қамшысы. Бабалардың батасын алған бала, әне, аттандап барады. Оны жұрты қолдайды. «Қолдайтын-ақ жігіт қой» деп оңашада күбір-күбір етеді…

Қуандық ТҮМЕНБАЙ
09 қараша 2019 ж. 669 0