Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Седат Салакоғлу: Түріктер домбыраны мойындай бастады

Седат Салакоғлу: Түріктер домбыраны мойындай бастады

Домбыраны көрдім де «Қазақ деген кім?» деген сұраққа жауап іздедім - Седат Солакоғлы, бұған дейінгі бір сұхбатыңызда домбыраны үйренуге әжеңіздің түрткі болғанын айтқан екенсіз. Осы ретте домбыраны алғаш қолға алған шақты еске түсірсек... - Мен 1980 жылы Ыстанбұлда өмір есігін аштым. Сол қалада лицейде оқыдым. Домбыраға қызығушылығым былай басталды: бала кезде түріктің бағлама үйірмесіне барып жүрген болатынмын. Үйде бағламамен түріктің күйлерін шертіп отыратын едім. Жасы 85-тен асқан әжем бір күні маған «Балам, маған домбыра тартып берсеңші» деп сұраған еді. Бірақ, ол шақта домбыраны білдік пе? Аң-таң болғанмын. Жылдар өтіп, есейген шақта Ыстанбұлдағы бір концертке барып, Мұстафа Бұйырған есімді түркиялық қазақ домбырамен ән шырқағанда менің есіме «бұл баяғы әжемнің сұрап жүретін аспабы емес пе еді?» деп есіме түсті. Домбыраға бірден ғашық болдым. Күмбірлей жөнелгенде өне-бойым діріл қағып, өзгеше күйге енетін ем. Домбыраны көрдім де «Қазақ деген кім?» деген сұраққа жауап іздедім. Кейін қазақтар тұратын ауданға барып, олармен жақын араласа бастадым. Біздің арғы тегіміз - Қырым қыпшақтары. Негізі Румыния арқылы Түркияға көшкен жұртпыз. Бір сөзбен бәріміз туыспыз. Қазақ туыстарым маған домбыраны үйретті. Бірақ, тереңірек үйрену керектігін ойлап, ақыры Қазақстанға ат басын бұрдым. Негізі Құрманғазы консерваториясына барғым келген еді. Бірақ, ол үшін екі жыл дайындық оқуым керек болды.
Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне тапсырып, музыкалық бөліміне түсіп, 2003-2008 жылдар аралығында аталған оқу орнын үздік студент болып бітірдім.   - Қызықты әңгіме бастадыңыз. Шыны керек, домбыраға әуес шетелдіктер баршылық. Дегенмен, Қазақстандағы өнер ортасы Сізді қалай қабылдады? - Түркістанда оқып жүргенімде домбыраға қатты берілдім. Күй тарттым, дәстүрлі әндерді орындадым. Күніне 5-6 сағатымды дайындыққа арнайтын едім. Оқу орнындағы мұғалімдердің берген сабақтарына ғана емес, Алматы мен Шымкент, Тараз қаласына барып, өнерімді ұштаумен болдым. Менің Алматыда - Бақыт Қарабалиннің баласы Дәурен Әлімбай деген досым бар. Сол кісіден көп сабақ алдым. Ол мені қазақтың үлкен өнерпаздарымен таныстырды. 2007 жылы қазақтың ең дәулескер күйшілерінің бірі - Айгүл Үлкенбаевамен таныстым. Ол мені шәкіртім деп қабылдады. Мен үшін бұдан артық қуаныш бар ма? Тәлімін алдым. Қазақстанда біраз атақты адамдармен араласып, дос болдық. Күні бүгінге дейін араласып, бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. Былтыр наурызда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы арнайы шақырды. Қазақтың «Наурыз» күйін орындап, бір жасап қалдық. Түркияға қазақтың ансамбльдері жиі келіп тұрады. Біз де оларға барып тұрамыз. Қазақстаннан барған кез келген ансамбль мені іздеп табады. «Түркияда жалғыз емеспіз - Седатымыз бар» дейді. Мені жақын тартатындарына қатты ризамын.   Домбыра - Құдайдың қазаққа берген баға жетпес сыйы - Қазақпен достастырған домбыра жайлы не түйдіңіз? Естуімізше, 10 жылға жуық уақыт Түркияда шәкірт тәрбиелеп жүргенге ұқсайсыз... - Домбыра - құдайдың қазаққа берген баға жетпес сыйы. Мен домбырасы бар қазақты құрметтеймін. Домбыра деген өте құдіретті аспап. Оның қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Домбыра - ол басқаша философия. 2008 жылы оқу бітіргеннен кейін Түркияға қайттым. Бір жарым ай жұмыссыз жүрдім. Осы кезде маған «Қазақ мәдениеті» қоғамынан телефон арқылы хабарласып, «Седат бауырым, сені Түркияға келді деп естідік» деп мені шақырып алды. Осылайша, қоғамның қолдауымен жас балаларға домбыра үйрете бастадым. 2008-2010 жылдар аралығында біраз бала домбыра үйренді. Екі жыл үзіліс болды. 2012-2014 жылдар арасында жұмысты қайта қолға алдым. Биыл домбыра үйретіп жүргеніме 10 жылдай уақыт болып қалыпты. 2017 жылы кейбір жағдайға байланысты сабақтар болмай қалды. Мен қазір Ыстанбұлдан 150 шақырым қашықтықтағы Сакария деген қаладамын. Сол қаланың әкімшілігінде қазір саксафон тартамын. Бірақ, домбыра әрдайым қолымда. Әр уақытта осы домбыраны концерттерге шығып, шертіп жүремін.   - Түркияда домбыраға деген қызығушылық қандай? Бәлкім, келешекте жоспарларыңыз да болар? - Түркияда домбыраға деген қызығушылық жоғары. Ірі университеттер домбыра туралы лекция оқуға, семинарларға шақырып жатыр. Домбыра маған көп жол ашты. Қазір де біршама күйлерімді орындаған компакт диск жаздық. Келешекте оны шығарамыз. Түркиядағы атақты композиторлармен жұмыс жасалуда. Əнші-композитор ағамыз Бешір Ахмет Көсе ағамыз осында жиырма жылдай қазақ өнерін Түркияда танытып жүрген азамат. Мен домбырада сүйемелдесем, ол кісі өзінің «Алтай тауым», «Ата жұртым» сияқты əндерін сахнада орындап жүр. Мені жанынан қалдырғысы келмейді. Астанаға барып, концерт қойдық. Қазір сол кісімен көп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Айтқанымдай, 2008 жылдан домбыра сабақтарымыз басталып кетті. Домбыра үйірмесіне қазақтың балалары ағыла бастады. Мен дәл Қазақстандағы әдіспен кәсіби деңгейде нотасын қағазға түсіріп, тәлім бердім. Осындағы магистратурада домбыра туралы диссертация қорғадым. Түрік тілінде домбыра үйрену әдістемесін жаздым. Ол еңбегім қазір Түркияның Білім министрлігінің қарауында жатыр. Сараптамадан өтіп жатса, заңды түрде мемлекеттік қызмет орыны саналатын - шығармашылық орталықтарда домбырадан сабақ беру мүмкіндігі туады. Мәселен, Мәдениет үйі сияқты орындарда, Түркиядағы Халықты өнерге баулу орталықтарында арнайы домбыра үйрену үйірмелері ашылады. Үйірменің қаражатын мемлекет көтеретін болады.   Қазақтың дәстүрін қаншалықты терең білсең, домбыраны соншалықты шебер орындайсың - Шәкірттеріңіздің жетістіктері қандай? - Шәкірттерім көп. Біршамасы күйлерді керемет орындайды. Мен олармен мақтанамын. Қазақстандағы жастар қандай кәсіби орындаса солардан бірде-бір кем орындамайды. Есманүр Бичар, Қасымхан Демир, Таға Малқұш атты үш шәкіртімнің өнері озық.   Қазақтың домбырасына деген мұндағы түріктердің де құрметі ерекше. Мұндағы кез келген қазақтың үйінде домбыра бар. Бірақ, домбыра сабағын ашу үшін біраз еңбек керек. Шыны керек, біздің уақытымыз болмай жатыр. Осы жексенбіде курсымызды қайта бастаймыз ба деп отырмыз (сұхбат өткен аптаның сенбі күні алынған-ред). Өзім озық деп білер үш шәкіртімнен бөлек, 50 шақты бала қазір домбыраны үйренуге ниет білдіріп отыр. Домбыраны түріктер мойындады. Концертімізге кәдімгідей көптеп келіп жатыр. Мен «домбыраны жақсы тарту үшін бірінші қазақтың дәстүрін, тілін білу керек» деп айтамын. Себебі, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақтың дәстүрін, тілін қаншалықты терең білсең, домбыраны соншалықты шебер орындайсың!   - Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Еңбегіңізге толағай табыс тілейміз! Седат Солакоғлымен әңгімелескеннен кейін шәкірттерінің бірі Таға Ясин Малқұшты сөзге тарттық. «Сарыарқаны», «Көңілашар» мен «Адайды» шерткенде алпыс екі тамырыңды иітетін күйші өрен 1999 жылы Ыстанбұлда туған екен.   «Седат ағамыздың соңынан 2008 жылдан бері еріп жүрміз. Қазақ жастарының Седат ағаға айтар алғысы зор. Әкем Абдул Селам мен шешем Үміт кішкене кезімнен қазақ екенімізді санамызға сіңіріп келеді. Домбыра курсының жүріп жатқанын естігенде, мені бірден Седат ағаға апарды. Қазір көптеген концерттерде домбырамен өнер көрсетіп жүрміз. «Қазақ мәдениеті» қоғамына да алғысымыз шексіз. Келешекте Қазақстанға сапарлап, өнердегі аға-әпкелерімнен де тәлім алғым келеді», - дейді Таға Ясин Малқұш.
inform.kz
17 ақпан 2018 ж. 1 141 0