Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңдайшадағы мағынасыз мәтін

Маңдайшадағы мағынасыз мәтін

Белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің «Өлген итті өлтіріп көрдіңіз бе?» туындысын оқыдыңыз ба? Егер оқыған болсаңыз сіздің ішіңізде де бір иттің өлгеніне сенімдімін. Бүгінде менің ішімде де өлген ит жатыр. Ол неден өлді?
Кітап авторы мемлекеттік тілдің қорланып, мүсәпір болғанынан итін өлтірсе, менің «итім» аудан орталығындағы жарымжан жарнама мен мағынасыз мәтінді көрген сайын «мың өліп, мың тіріледі».
Неліктен жарнама? Бәлки жарнама мен тілдің бір-біріне қандай байланысы бар деген сауал санаңызда тұрған шығар. Олай болса толығырақ тарқатайық.
Жарнама – біздің елде ғана емес, әлемдегі алпауыт мемлекетте де нарықтың қозғаушы күші саналады. Қазіргі таңда жар салып, тауарын тұтынушыға өткізуді мақсат ететін жарнаманың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Осындай да «Қиярға да пиар керек» деген сөз ойға оралады. Демек тілдің мемлекеттік деңгейін көтеруде жарнаманың атқарар рөлі орасан. Тіпті тілдің тіршілігі алыстан менмұндалап тұратын маңдайшаларға тікелей байланысты. Алайда, қазір жарнамадағы сансыз қателер мен мүгедек мәтіннен көз сүрінеді. Бұған ана тілінде емес, өзге тілде «Кел» деп шақырып тұрған сауда орындарын да қосыңыз. Осындай жарнамадан бөлек сұрқы қашып, тоз-тозы шыққан көрнекі ақпарат та кенттің көркін қашырып тұр.
«Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тіл үшін тартыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына жариялағаннан бөлек, жыл сайын әлеуметтік желіде жарнама қателігіне байланысты жарыс ұйымдастырылады. Бірақ «Әй» деген әже мен «Қой» деген қожаны ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Барлығы маңдайшадағы мағынасы қаңғып кеткен аударманы қалыпты жағдай санайды. Бірақ тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов жарнамаға атүсті қарамау керек екенін ескертеді.
– Жарнама – өнімнің немесе өнеркәсіптің тауарын халыққа таратып қана қоймайды, ол сол арқылы тілді насихаттайды. Тіпті жарнаманың тілді таратудағы рөлі қазақ оқулықтары мен баспасөз құралдарынан да асып түседі. Себебі оған кез келгеннің көзі түседі ғой. Сондықтан біз жарнаманың жайына бейжай қарай алмаймыз. Әншейін стихиялы түрде жүзеге асуына жол беруге болмайды. Кейбір кәсіпкерлер қазақша атау тұрса болды деген оймен орыс тілден ойланбай аудара салады. Соның бірі – «Біз ашылдық» деген жазу. Бұл «Мы открылись» сөзінің калька аудармасы екенін бәрі біледі. Бірақ оны да қалыпты жағдайға балап кеткен. Кейде жарнаманы мемлекеттік тілдің сауатты таралуына қарсы жұмыс істеп жатыр ма деген ой келеді, – дейді тіл жанашыры. Бұдан бөлек Аман Меделханұлы тілдің түйінін тарқататын тәсілмен де бөлісті.
– Жарнаманың мәтінін дұрыс аудару және сауатты жазу үшін оқу орындарында арнайы маман даярлау керек. Қазіргі таңда жарнаманың мәтінін мағынасымен аударатын адам жоқтың қасы. Сондай-ақ жарнама мәтінін ырғақты, халық санасында тез жатталатын икемді болуын қадағалайтын орталық керек. Ал мемлекет тарапынан жарнама тұрғысында әртүрлі байқау ұйымдастырылса құба-құп. Мәселен, 1980 жылдары Мәскеуде «Adidas»-тың орыс тілінде жазылған жарнамасына жарыс өткізілді. Бізге де қазақ тілінде жазылған жарнамаларға неге бәйге жарияламасқа? дейді ол.
Ал ана тілінің ахуалына алаңдаушылардың бірі №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің білім берушісі Клара Қарабалаева жарнаманың сөзін сауатты жазуды әр мекеме өзінен бастау керек дейді.
– Тауар туралы ақпарат беретін тақтайшаларды жеке тұлға орындап келуге қарапайым жұмысшыны жібереді. Ал оның әр сөзді сүзгіден өткізіп, тіл тазалығын тексеріп жатқанына кім кепіл? Осының салдарынан өріп жүрген қатесі бар жазуларға ешкім мән бермейді. Жарнаманың сауатсыз жазылуы арқылы олар ана тіліне деген құрметін және қаншалықты білімді екенін көрсетіп отыр. Бұл тіл мәселесінде мінберден түспей тұрған бірінші мәселе. Бізде ақсап келе жатқан қателіктердің қатарында туу туралы куәлікте есімдердің дұрыс ­жазылмауы да бар. Ұзын сөздің қысқасын айтқанда, ана тіліміз әлі күнге дейін күрмеулі мәселеге айналып тұр, – деп қынжылысын білдіреді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңының 21-бабында: «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде он жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады» делінген. Бірақ біз аудан орталығында заң талабына сай жазылған дүкен атауы бірен-саран екенін байқадық. Көбісі сауда орынын орысша атауды оңды көрген. Осыдан кейін биліктің емес, бұқараның өзі әрекетке көшу керек шығар деген ой туындайды.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан қол үзеді» дейді Ғабит Мүсірепов. Қол үзбеу үшін сіз бен біздің мойнымызға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Қазір әлемде 195 мемлекет бар екен. Бірақ тек 95 тілдің мемлекеттік деген мәртебесі жоғары. Соның бірі – қазақ тілі. Олай болса алпыс тілге татитын ана тілінің бағасын бұқара да, билік те білуі керек.

М.БОЛАТҚЫЗЫ

05 қараша 2019 ж. 787 0