Қазақстан жарнама нарығында 145 млн доллар бар – Ділмұрат Рахимов
BAQ.KZ. Қазақстанда жарнама нарығында телеарналар көш бастап тұр. Жарнама берушілердің көбі әлі күнге дейін арналарды таңдайды. Бұл туралы Astana Media Week форумының екінші күнінде өтіп жатқан «IDTribune – Азияның жарнама дауысы» сессиясында «International Media Servise» компаниясының бас директоры Ділмұрат Рахимов мәлімдеді.
Спикер Орталық Азия елдеріндегі жарнама нарығы туралы баяндама жасады. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан нарығын салыстырып көрсетті.
«Орталық Азия жарнама қауымдастығының Қазақстан мен көршілес елдердің жарнама нарығын зерттеу жобасы бар. Онда Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан сарапшы мамандарды тарттық. Қазақстанда да осы елдерге қатысты өзінідік сараптама тобы бар», - деп жарнама нарығында жасаған статистикамен таныстырды.
«Әр ел жарнама нарығы әртүрлі. Себебі халық саны, экономикасы т.б. көрсеткіштері бірдей емес. Болашақта индустрия адамы ретінде біз жарнамада есептеу жүйесі болу керек екенін білеміз. Қазақстан бұл жүйеде көршілес елдерге қарағанда әлдеқайда алға кетіп, 1997 жылы бастап кетті. Осы уақытқа дейін жақсы дамыды. Бүгінде Қазақстандағы есептеу жүйесі әлемдегі озық үлгілердің бірі деуге болады. Осыдан 2 жыл бұрын Өзбекстанда да осы жүйені дәл сол компания Cuntar Media іске қосты. Басқа елдерде де жарнама нарығын зерттеу үлгілері бар. Тәжікстанда бұл жүйе әлі артта қалып келеді», - деп аталған елдегі жарнама нарығын зерттеу жүйелерінt тоқтады.
Айтуынша, егер осы 4 елде біріктіріп қарасақ, жер шарындағы тұрғындардың шамамен 1% тұрады. Осы жерде барлық жарнамалық шығындардың 0,1% жуығы бар. Төрт елдің ЖІӨ әлемдік ЖІӨ-нің 0,3% құрайды. Яғни, біз бұдан біздің нарықтың бағаланбауын көріп отырмыз. Сонымен қатар, біздің елдегі әрбір тұрғынға әлемдегі басқа әрбір тұрғынға жұмсалатын шығыннан 10 есе аз ақша жұмсалады.
Сонымен қатар, маман еліміздегі жарнама нарығында айналымда жүрген соманы атады. Және жарнама берушілердің басым бөлігі дәстүрлі телеарнаны таңдайды екен.
«Қазақстанның жарнама нарығында 145 млн доллар бар. Былтыр Өзбекстанда 30 млн доллар болды және Қырғызстан мен Тәжікстанда 10 млн доллардан болды. Бюджетті қарастыру жағынан келсек, ешқандай жаңалық жоқ деуге болады. Жарнамалық ақшалардың 50-70 % теледидардан келеді, Тәжікстанда жарнама берушілер мен бизнес өкілдер жағынан телеарналарға деген сенім аз. Сондықтан бұл елде жарнаманы теледидарға беру көрсеткіші төмен. Ал, жалпы алғанда осы аймақтарда телеарна жарнама көзі болып отыр, ал қазір тенденцияға айналған интернет әлі Қазақстанда 16% құрап отыр», - деді Рахимов.
Кеше «Қазмедиа Орталығында» Astana Media Week басталды.