Жетім көрсең, жебей жүр
Өмір – ертегі емес. Ертегі болмағандықтан сол өмірдің ішінде жүріп көзіңіз домбығып іскенше жылайсыз, кейде көңіліңіз көтеріліп, шат-шадыман сәтті бастан кешіресіз. Осылайша сан алуан оқиға орын алатын ғұмырда аязға үсесіз, аптапқа күйесіз. Алайда, қиындық дегеніміз не? Оны әлдекімдер сияқты тамақтың аздығы, киімнің жоқтығымен шектей аламыз ба? Әсте олай емес. «Тас түскен жеріне ауыр» дейтін болсақ, әр адамның жан тыныштығын бұзып, жүрегіне жара салатын қайғы-қасіреті бар. Ол қайғы-мұңмен әркім әрқалай күреседі. Ал осы қиындықтардың ішінде қоғам болып алаңдайтын жайт бар. Ол – жетімнің көз жасы.
Иә, тамақ табылады, киім көбейеді. Бірақ жетімнің әкесі не анасы қайтадан баланы бауырына басуы екіталай. Сол себепті баланың ата-ана қамқорлығынсыз қалуы біздің елді ғана емес, дүние жүзін алаңдатуда. Қысқасын айтқанда, бұл әлемдегі бірінші орында тұрған мәселе. Дамыған елдер қазір жетім балалар мәселесін қоғамдық жобалар арқылы шешіп келеді. Ал Тұңғыш Президент 2050 стратегиясында «Осынау тыныш кезде бізде мыңдаған жетімдер бар. Біздің балалар үйі мен жетім балалар үйі лық толы. Бұл, өкінішке орай, жалпы әлемдік беталыс пен жаһандануға қарсы шығушылық. Бірақ біз осы беталысқа қарсы тұруымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ Елбасы жетімдер үйінен гөрі отбасылық типтегі балалар үйінің құрылысын салуды көтермелеу керектігін де тілге тиек етті. Себебі, интернат мекемелерінде тәрбие алған бала ата-ана қамқорлығына зәру болғанымен қоймай, ауыр психологиялық салдарға ұшырауы мүмкін. Мұны халықаралық ЮНИСЕФ жүргізген зерттеулер де растап отыр. Зерттеу нәтижесінде сарапшылар баланың қамқорлық мекемесінде тәрбиеленуі Еуропаның көптеген елдері мен ТМД елдері арасында кері әсерін беріп, жетім баланың денсаулығына кінәрат келтіретінін байқаған. Бұдан бөлек көптеген зерттеулер арнайы мекемеде өскен балалардың физикалық, эмоционалдық, әлеуметтік және когнитивтік дамуында тежеу бар екенін көрсетуде. Осы орайда Қазақстан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды интернат мекемелеріне орналастырудан бас тарту жұмыстарымен 2008 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі уақытта еліміздің «Неке және отбасы» туралы кодексіне сәйкес, жетім балаларды, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру үш бағыт бойынша жүзеге асуда. Олар қорғаншылық және қамқорлыққа алу, патронаттық отбасыларға беру және асырап алу. Міне, осы үш бағыт бойынша жұмыс істеу еліміздегі жетім балалардың санын азайтып қана қоймай, баланың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ел ішіндегі үш балалар үйі жабылған. Ал бес балалар үйі ықшамдатылған. Қызылорда қаласындағы балалар үйі осыдан 4 жыл бұрын өз жұмысын тоқтатты. Ондағы 80 тәрбиеленуші «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына көшті. Бүгінгі таңда аталған мекемедегі балалар саны 2 есеге азайған. Яғни жетім көрсе, жебеуге даяр тұратын халық жастайынан тағдыр теперішін тартқан жеткіншектерді қамқорлығы мен қорғанына және патронаттыққа алуда.
Шиелі ауданында да түрлі себептерге байланысты ата-анасынан айырылған балалар аз емес. Кейбірінің әкесі мен анасы жан тәсілім етсе, кейбіреулері жалғызбасты болғандықтан баладан бас тартқан. Ал әлдекімдер заң бойынша ата-ана құқығынан айырылған. Жалпы ауданда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 68 бала бар. Олардың арасында 39-ы қорғаншылықта болса, 19-ы қамқоршылықта. Ал 10 бала патронаттық отбасында тәрбиеленуде. Білім бөлімінің бас маманы Рабиға Тәжібаеваның айтуынша, баланы патронат ретінде тәрбиелейтін жандардың көбісі туысы екен. Олардың арасында бір емес, бірнеше баланы бауырына басқандары да бар. Асырап алушыларға мемлекет тарапынан бала тәрбиесімен айналысқаны үшін жәрдемақы төленеді. Ал мектеп жасындағы балалар киім, кітап және ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жыл сайын тынығу лагерлеріне, сауықтыру шипажайларына сапар шегеді. Мәселен, 2011 жылы аудандағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағалы» шипажайына, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бәйшешек» демалыс орнына барған. Ал 2015 жылы Италиядағы лагерге саяхаттаса, 2017 жылы бас қаладағы «Экспо» көрмесін тамашалады. Сонымен бірге ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылған. Бүгінге дейін ауданда үш жеткіншек баспанаға қол жеткізген. Қазіргі таңда патронаттық отбасында тәрбиеленген балалардың арасында жоғары оқу орнына түсіп, жұмысқа орналасқандар, тұрмыс құрып, үйленгендер жетерлік. Олардың әрқайсысы жетімдіктің тақсыретін тартса да, екінші өмір сыйлаған жанашыр жандардың арқасында биік белесті бағындырып, талай асуға шығуда. Бұл тұрғыда Рабиға Тәжібаева: «Кейде балалардың көңіл-күйі болмай, ұнжырғасы түсетін кездері болады. Ондай сәттері сабаққа да ынтасы төмендейді. Мұндай жағдайда жеке өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысамыз. Олар өзіне керек нәрсені немесе өз қажеттілігін айтқаннан кейін ғана қайтадан қатарға қосылады. Ал жалпы алғанда ата-ана қамқорлығынсыз қалып, патронаттық отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың арасында тәрбиесі кері кетіп, жаман жолға түскендер жоқ. Біз олармен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Мереке сайын бір-бірімізді құттықтап, сәлем жолдап, саулық сұрап жүреміз», – дейді.
Қазақтың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, жетім яки тастанды баланың болмағанын аңғарамыз. Өйткені, Ұлы дала елінде «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген жазылмаған заңдылық орнаған-ды. Сол себепті әмеңгерлік салты қалыптасып, бүтіндей бір әулет ұрпағын жалғастыратын. Рас, қазір түрлі жағдайларға байланысты мейірім аңсап, жүрегі қансырап жүрген жетім балалар мен жанында үміт пен сенім түгесілген жесірлер көбейді. Өкініштісі, бір күнде жалғыздықтан зарыққандардың санын азайта алмаймыз. Алайда, мейірімге сараңдық танытпаудың арқасында бір балаға екінші өмір сыйлау – баршамыздың қолымыздан келетін амал.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА