Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Масыл болма, асыл бол!

Масыл болма, асыл бол!

1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Қазақстан аумағындағы тұрған тұрғылықты халықтардың саны 6500895 адамды құраған деген дерек ұшырасады. Олардың 8,3 пайызы қалаларда, ал 91,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрған. Олардың арасындағы қазақтың саны 3 713 394 адамды құрап, республика халқының 57,1 пайызы болса, ал орыстар 1 279 979 адамды құрап, 19,7 пайыз болған. 1939 жылғы санақ бойынша, қазақтардың саны 2 327 625 адам болып, республика халқының 37,8 пайызын құрағанын көреміз. Осы бір ресми деректердің өзінен қазақ халқы төрт миллионның төңірегінде азаматынан айрылғаны айқындалады.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзах­ме­товтің басынан өткен тағдыр теперіші бәрімізге ой салса керек. Аштық жылдары ұлы мен қызын жетелеп, Арқадан оңтүстікке бет алған ана жан-жақтан қасқыр қаумалап, үшеуі бірдей ажал тырнағына іліккелі тұрған тұста қызды қалдырып, жалғыз ұлды аман алып қалыпты. Осындай өмір өткелегінен аман өткен ұрпақ бір үзім нанның қадірін әлі күнге дейін есінен шығармайды.
Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» атты әңгімесінде аштан бұратылып жатқан күйеуі мен балаларын аман алып қалу үшін байға жалданып күнелткен ана тағ­ды­ры қандай аянышты оқиғамен аяқтал­ға­ны да есте. Сонда ұрпақ қамын ойлаған ана балаларын аман сақтау үшін біреуге жал­дану арқылы жан бағудан арланған жоқ.
Енді қазіргі жағдайға келейік. Бір жа­ғынан қарасақ, еліміз тоқсаныншы жылдардағы дағдарысты кезеңді артқа тастап, серпінді даму үстінде. Еңбек етемін, табыс табамын деген азаматтарға сон­шалық кедергі жоқ. Бірақ кейінгі уақыт­та «еңбек ет те, міндет ет» дейтін халық даналығына мұрын шүйіре қарай­тын жағдайға жеткендейміз.
Жыл сайын мектеп бітіретін түлектер арасында болашағы бұлыңғырлар көп. Жоғары оқу орнына түсе алмағандар не істейді? Бұл – өзекті мәселе. Мектеп бітірушілердің 70 пайызы жыл сайын оқуға түсе алмай қалады. Жұмысқа орна­ласа алмау салдарынан қылмысқа жиі бара­тындар да осы санаттан екен. «Олар ауылда қалып неге жұмыс істе­мей­ді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жастардың көбі ауылда туып өссе де ауыл шаруашылығының қыр-сырын білмейді, қарапайым тірліктен қол үзіп қалған. Өйткені мектептерде жас түлектерді ауыл шаруашылығына бейімдеп, тәлім беретін еңбек кабинеттері мүлдем жоқтың қасы. Бұрынғы еңбек сабағының орнына қазір технология деген пән өтеді. Осы орайда мектептерде ұл балалар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттерін қайта жасақтау, ауылда агротехника пәнін жүргізу қажет екенін айту керек.
2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас өз алдына отау көтерген екен. Бірақ ажырасушылардың саны көбейген. Еліміз бойынша 54 797 отбасы ажырасқан. Ажырасу жағынан ТМД елдері арасында алғашқы ондыққа еніп отырмыз. Қазақстанда әрбір екінші некенің тағдыры ажырасумен аяқталады, осылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.
Британдық «The Economist» басы­лы­мының әлемдік рейтингінде Қазақ­стан ажырасу саны бойынша 10-шы орында тұр. Әлеуметтанушылар неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұра­тын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамайдың да айтарлықтай өсіп кеткенін айтады. Статистикалық дерек бойынша, Астанада әрбір үшінші отбасы ажырасады. Мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалатын көрінеді.
Шайқалған шаңырақ. Жәудіреп жетім қал­ған бала. Жағдайсыз ана. Али­мент­тен жалтарған еркек. Осындай ке­лең­­сіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айнал­ды.
Отбасы – мемлекеттің өзегі. Отбасы құндылығын сақтау – маңызды мәселе. Біз отбасы дегенде тек екі адамның ғана емес, отбасындағы балалардың, елдің, мемлекеттің тағдырын негізге алуға тиіспіз. Қазір батыс жұрты мен алыстағы Америкаңыздың өзі отбасы құндылығын бірінші орынға шығарды. Бізге де сондай көзқарас керек.
Көпбалалы аналардың жағдайын бәріміз түсінеміз. Мемлекет тарапынан нақты қолдау жасала бастады. Жағдайы төмен көп балалы отбасылар үшін атаулы көмек мөлшерінің артуы – үлкен игілік. Бұған қуанғандардың қатары көп.
Әйтсе де сол атаулы көмекті аламыз деп ажырасу әрекетіне дейін барып жатқандарды қалай түсінуге болады? Елімізде бір жарым миллионнан астам адам некеге отырса, соның бес жүз мыңы ажырасады. Енді әлеуметтік жәрдем алуды ойластырғандар әлгіндей шетін қадамға бара бастаса, не болмақ, құндылықтар қайда қалады?
Елде көпбалалы отбасында өскен азаматтар аз емес. Жасы үлкен буын жақсы біледі: әке-шешелеріміз кезінде «еңбеккүн» дегенге жұмыс істеді, балалар мектеп жасынан шаруашылық жұмыстарына жегілді, сонда да ата-анамыз өкіметтен ештеңе дәметпейтін.
Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жал­қау­лыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншек­тікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам. Қалалық жерлердегі үй баласы қоқыс төгіп келгенді ауыр жұмыс санайтын жағдайға жетті. Сонда еңбектену қайда қалады?
Ана – өмірдің өзегі. Өмір – ана арқылы жалғасады. «Ана» деген ардақты атқа ие болу – әрбір қазақ қызының асыл мұраты болуы тиіс. Қазіргі жастардың бірқатары «Ақ неке», «Ақ босаға», «Ақ отау», «Ақ сүт» деген ұғымдарды елең қылмайды. Соның салдарынан үйлену тойы өтер-өтпесте ажырасу көбейді. Немесе төрт-бес баласын тастап, басқа отау, басқа жар іздеп кететіндер де төбе көрсетіп қалады. Үйлену, үй болу­дың түп негізінде – ұрпақ қалдыру, ұрпақ тәрбиелеу, ұрпақ көбейту деген құндылықтар жатқан жоқ па? Осы жайтты ойланатындар бар ма?
Ана дегенде осынау қастерлі ұғым­ның қадір-қасиетіне сызат түсірмей өткен қазақ әйелдері ойға оралады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қан­шама қазақ шаңырағы ортасына түсті, жар қызығы дегеннің не екенін білмей жатып, «жесір» атанған талай қазақ әйелі бар. Солардың көбісі «қаралы қағазды» қолдарына алса да ер-азаматқа берген сертінен, адалдығынан еш айныған жоқ. Жылап жүріп жетілді.

Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының депутаты
Egemen.kz
(Басы №83 газетте,
соңы келесі газетте)
29 қазан 2019 ж. 694 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930