Құрметке лайық азамат
Құрмет. Осы бір сөз адамның қадір-қасиетін айшықтап, бедел биігін арттыра түспей ме? Кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ізеті секілді, туған жердің түрленіп, даму жолында тынбай еңбек еткен азаматтарды неліктен ауданның «Құрметті азаматы» демеске? Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал» деген болатын.Қаламын қолынан тастамайтын, орта бойлы, елгезек, ел ісіне келгенде өз ойын ортаға салып, өзекті мәселені өмірдің біте қайнасқан тіршілігімен өрнектеп жеткізетін, әзіл-сықақтың сардары, шиелілік жалғыз Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды. «Алтын күз» мерекесінде құрмет төрінен көрінген қаламгердің бұған дейін «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Үшінші тайм», «Сыпыра сыйлық» атты сатиралық кітаптары жарық көріп, оқырман жүрегінен жол тапқан еді. Жылы жүзді жазушының өткір мәселені жылы-жұмсақ, жұп-жұмыр қылып жеткізетін әзіл аралас әңгімесі нысанаға дөп тиіп, оң нәтиже көрсететіні де бар. Киелі Шиелінің топырағында туған небір от тілді, шешен, айтқыштардың әңгімесін жинақтап, «Ауылдың айтқыштары» атты кітабын дүниеге әкелгенде оқырмандары тіптен жылы қабылдады.
Нұрмахан Елтай – тек сатирик ақын ғана емес, қаламы қарымды журналист. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 20 жылдан бері Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы меншікті тілшісі. Тұлғасы бөлек, ойлауы ерек әріптесіміз бүгінгі таңда «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы. Маңызды мақалалары, қаламмен сурет салғандай эссе-сырлары, қысқа да нұсқа, өмірден ойып алғандай түйдек сөздері көп. Қара сөзбен де сын-сықақтарды көсілтіп жаза алатыны өз алдына, көп жастарға жағалы аға екенін айтпағанда, талай-талай үлкендердің де ізетті інісі. Асылы, абзал азамат. Бұрын танымайтындардың өзі бір тілдескенде, етене сыйласып-сырласқан, араласқандардың ашылып сала берер тынысы. Тағдыр табыстырып, өмірдің сеңін бұзып, кенін бірге қазғанда – табаны таймас сенімді дос, ал жазғанда әр сөзінен сәуле себілер қаламгер. Біз тізбелеген адамдық-азаматтық қырларын да жомарт ұсынып жүр. Ең бастысы жанып тұрған шоқ, жалын бар. Бұл тұста Н.Елтай зерек жинаушылық, халық ортасындағы ұлылар мен жүрегі жылыларға зерделі жанашырлық көрсетіп қана қоймай, ел іші – асыл сөз кенішінен небір жауһарларды алға тартып, асыл қазынамызға айналдыруда. Оны нағыз қалам шебері деуге болады. Өйткені, ол өмірдің – «футбол ойынының» қақпа алдындағы ақ тер, көк тер арпалыс-қарбаласынан небір тарихи сәттер, мерген суреттер ұсына білген қаламгер. Оның кез-келген істі түрлендіріп, жан бітіре кететін асыл қасиеті көп жерде құрметке бөлеп келеді.
Сонымен қатар «Алтын күз – 2019» мерекесі қарсаңында Шиелі ауданының «Құрметті азаматтарының» қатары Сәулебек Айтбай, Бағлан Әшірбеков, Әбіләкім Абдуллаев, Қайратбек Сәрсенбаев, Шамшат Оразымбет, Мұхитжан Кәрімбаев, Әтіркүл Шорабаева, Тлеубек Бабасов, Пернеш Жүсіпова, Болат Арыстанбаев, Жақсылық Әлиев, Рая Бердешова және Әнуар Кенбай есімдерімен толықты. Ел мен жердің дамуы, өсіп-өркендеуі жанашыр азаматтардың еңбегімен байланысып жатары хақ. Елім деген ер болса, ерім дейтін қазақ халқы біртуар перзенттерін құрметтеуден таңған емес.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ