Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрманбек Бекпейісовтың өлеңдері

Құрманбек Бекпейісовтың өлеңдері


Жүйрігі Шиелінің
Жел сөзін жамағатқа жатқан жайып,
Бақ берген жырауларға ақтаңдай ғып.
Жүйрігін Шиелінің жырға қостым,
Жаңғақты жан қинамай шаққандай ғып.
Бала би, Тұрғанбай пансат, Досбол датқа,
Халқыда қадірлеген бақ маңдай ғып.
Торғай мен Тұрсынбай датқа, Арғынбай би,
Келелі кеңес таппас тап сондайлық.
Ырысбай, Бұдабайлар ел ішінде,
Жырлаған нарға жүгін артқандай ғып.
Әйеке, Әлмамбеттер ақыреттік,
Қайғысы, қуанышы дастандайлық.
Мұстафа Шоқай ұлы жол бастады,
Нұрланып арайлы таң атқандай ғып.
Мәнсүр дүр, Нартай ақын ән бастады,
Сұлуға алтын алқа таққандай ғып.
Алашқа ақын болды аты мәшһур,
Ширатып балдың дәмін тартқандай ғып.
Есенбек, Палымшалар жыр бастады,
Сұм тағдыр сынға алса да жасқанбай нық.
Тарақты Қосжан би де ел бастаған,
Кеңесіп жақсы жайсаң жатқандай ғып.
Ыбырай Жақаевтің даңқы асты,
Жемісін жер ананың тапқандай нық.
Ескене, Ескендір, Әріп бұларда өтті,
Ақын деген атаққа мастанбай нық.
Салы қыз, Апуза, Үрлай жыр қалдырды,
Сөзі нәр, құдықтан су тартқандай ғып.
Палжігіт, Арзуллалар ән бастады,
Қырмызы қызға тонын жапқандай ғып.
Таубай мен Тәліп, Айдар жыр баптады,
Шырағын жеті әуленің жаққандай ғып.
Қоңыратпайдың әулеті мәлім болды,
Қалжан мен Әуелбегі ғалым болды.
Нәр бұлақ көзі ашылып аққандайлық,
Қалмақан, Әбіділда мен Қанапия.
Әр сөзі әдебиетте асқардай нық,
Оразбек Бодықовпен, Сарсенбаев.
Қалың шың қаз қалпында қатқандай ғып,
Сарсенбаев Сыр ананы қадірледі.
Баптаған бау бақшасын бағбандай ғып,
Алып кетті Дүйсенбіні ортамыздан.
Күн нұры қысқа күнде батқандай ғып,
Әбіләш алты Алашқа ән асырды.
Бәйбіше барын беріп баққандай ғып,
Байнаш пен Мақанбетқали ақын еді.
Саудагер сыр жасырып сатқандай ғып,
Айтыста қарсыласын қапа қылды.
Қаңтарда қарға құрған қақпандай ғып,
Сәрсенбек Бекмұратұлы, Мұрат ақын.
Өлеңнің ой жорғасымен шапқандай ғып,
Қуандық, Қуаныш пен Дәулетбектер.
Халықта ақындарын құрметтеген,
Қаласын қара өлеңнің соққандай ғып.
Әзілін Мейірманның сағынамыз,
Алыстан аңсап күткен достардай ғып.
Қазақтың біраз әнін жатқа айтады,
Әлмырза қимас жанын тосқандай ғып.
Сәрсенбек Баймағанбетов әнші аталды,
Есігін ақ отаудың ашқандай ғып.
Бөрібай, Өркен, Өскен, Әлімқандар,
Шабыттың шағаласы аспанға ұшып.
Сымбатты Сырдың сұлу сыбдырынан,
Саз құрар таң шапағын шашқандай ғып.
Асқар Жұмаділдаев та әлемге асты,
Бабаның байтақ ізін басқандай нық.
Жалғас пен Кенжебайлар атқа мініп,
Жіберді қарсыласын қашқандай ғып.
Рахметулла, Нұрлыбектер жыр жырлады,
Жүйрігі алты қырдан асқандай ғып.
Мейірбек, Иранғайыптар топқа түсті,
Додадан суырылып тоқталмай нық.
Нұртілек, Мұхаммедәлі әнші аталды,
Шабыты алқалы елге шақ болғай деп.
Сырнайын Нарекеңнің қолына алды,
Өнердің осы жолы бақ болғай тек.
Тұрар мен Елжас та елге танылып жүр,
Жырларын жадындағы оқшантай ғып.
Мінекей, Шиелінің шамшырағы,
Десек те топ алдында мақтанбайық.
Көрінер небір асыл су түбінен,
Көңілдің дариясы жатса шайып.
Өлеңнің ой өрнегін салып өттім,
Белгілі қиял қазына кілтсіз ғайып.
Көп тұрмай керуенге ілесейін,
Өнерде желмаям бар жүзге лайық.
Жазушы Сыр бойының Құрманбегі,
Ағайын артық мінін қылма айып.


Өмір нақылы
Атадан алғыс алса, жігіт асыл,
Әмәндә қарғыс алса, ісі ғапыл.
Ой елек, білген олжа, көрген биік,
Кемеңгер ғұламадай қонса ақыл.
Парасат ар-ожданың ақыл дана,
Иман – нұр, ғибадат – сый, өлім – мақұл.
Дананың тағылымынан тауфиқталып,
Санаңда сатыланса сөзің нақыл.
Я, Алла, ұрпағымды иманды қыл,
Өркендеп өсіп жатсын апыл-тапыл.

Бастау

Отырған үлкен-кіші тыңдап мені,
Ашылсын қиял қазына көңілдегі.
Барлықтың базары бар түске дейін,
Асылы адамзатқа қайырласу.
Бақ құсы баяндаса төбеңдегі,
Оның да өрісі тар көгендеулі.
Көп біліп көсемситін кісі емеспін,
Жырау боп жыр ұстанған ата-тегі.
Атанған жастайынан бала Нартай,
Мен едім Сыр бойының Құрманбегі.
19 қазан 2019 ж. 795 0