Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жампоз өнердің иесі

Жампоз өнердің иесі

«Сыр елі – жыр елі» деп тегін айтылмаса керек. Нартай өнерінің өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейіс өлшеусіз үлес қосты. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында айтылғандай, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың есімі ұлықталуы заңдылық. Келешекке жасалған жарқын қадам екені даусыз.
Жампоз. Осы бір ауыз сөз – жол таңдамайтын, жер таңдамайтын, күй таңдамайтын аламанның алдын бермейтін «хас» тұлпарға арналған теңеу сияқты. Кешегі өткен Құрманбек қым-қуыт өмірдің сан-салалы сынағынан өтсе де, «Жампоз» тіршілігінен танбады. Мынау аумалы-төкпелі, айтыс-тартысқа толы өмірдің талай сынағынан өтті. Құлады, сүрінді, жығылды, құрдымға кете жаздап, қайта тұрды. Қанатын қомдап, қайта самғады. Өмір оған теп-тегіс жол, өрге шығуына дайын саты әзірлеп берген жоқ. Ол тағдырының сан тарау жолынан өзін өнер деген әлемнің алып дариясынан өзінің арнасын таппай біраз жүріп қалды. Сенделді, ұрынды, біраз жанрға ат шалдырып көрді. Әр жағалауға соғылды да. Сөйтіп жүріп ақыры өзі іздеген өнер арнасының қайнар көзі Нартай екенін тапты, сезді, сенді. Нартай атасының ізіне белшесінен жыр мұрасына батқанша сан-салалы өнердің кермек татыған ащы дәмін татып көрді. Оның суығына тоңды, ыстығына күйді. Шар болаттай шыңдала түсті. Ол қай жанрға кіріссе де, алдында жүрді. Бабы болмаса да, бәйгенің алдын бермейтін «етекке шапса төске озған» нағыз жампоз тұлпардың өзі болып шықты. Ол ән салғанда тыңдармандарын қанаттандырып жіберсе, жыр-термеге кіріскенде көпшілікті айрандай ұйытатын. Әзілінің өзі бір төбе болса, сықағы жұртты күлкіге көметін.
Спектакльде ойнағанда өзіне берілген рөлді ойнап жүріп, қасындағы бірге ойнап жүрген әріптесінің сөзін де сыбырлап айтып «суфлердің» де міндетін атқарып жүретін. Бұл өзі үшін қалыпты жағдай болса, сөзін жаттай алмай жүрген басқаларға үлкен көмек еді.
Ал әзіл-сықаққа келгенде бір өзі бір театр болып кететін. Өйткені, ол әңгімені нәшімен айтып, сөйлеп тұрып әрі ойнап тұратын, әзіл-қалжыңға да жетік болатын.
Оның ең басты ұлы тірлігі сонау Мырзабай, Балқашбай, Шәмшат, Тұрсынкүл, Ақмырза, Палжігіт, Арзулла, Айзахан, Мұхамеджан, Әбілаш аға-аналарымыздан мұра болып жалғасып келе жатқан Нартай әндерінің туын көтеріп, оның әншілік мектебін қалыптастыруы.

Тамдыдағы тамшы ой

1989 жыл. Келесі 1990 жылы ақын Нартай Бекежановтың 100 жылдық мерейтойына дайындық басталып кеткен. Мәдениет қызметкерлері, яғни біз де қарап қалмай сол аламанға үлес қосуға ниеттеніп, ауданның атынан «Нартай жүрген ізбенен» деген тақырыпта концерттік-экспедиция ұйымдастырып, Өзбек ССР-і Бұхара облысы, Тамды ауданына шағын топпен сапарға шықтық. Топ жетекшісі өзім, құрамымызда Нартай әулетінің ұрпағы аудандық мәдениет үйінің директоры Әлімхан Оспанов, ­Нартай әндерін орындаушы автоклуб меңгерушісі Құрманбек Бекпейісов, методист Айнаш Жүрсінова, көлік жүргізуші Бакиров Жақан ағамыз.
Жұмысымыз барған елді мекенге «Нартай жүрген ізбенен» деген концерттік жарнама қағазымызды ілеміз де, Нартайды көрген, білген, тілдескен қарияларды іздеп, көшелерді аралап, қарт кемпір-шалдары бар үйлерді жағалап шығамыз.
Сұхбаттасқан кісілермен танысқан кезде Нартайдың жақын немере туы­­сы деп Әлімханды таныстырсақ, ақсақалдардың көзі Құрманбекке түсіп, Нартайдың түрі де, мұрты да айнымай тұрған мына бала шығар Нартайдың туысы? – деп көздерін алмай қарап қалады. Беу, дүние-ай десеңізші...
Қандас болмаса да, жандас болған сол Құрманбегімнің де өнердегі екінші ғұмырының басталғанына да жыл толыпты-ау...

Португалия сапары
Құрманбекпен болған екінші әрі үлкен сапарымыз Еуропа төріндегі Португалия елінде жалғасты.
Ол кезде біздің санамызда «Нарық» деген термин жоқ, қалыптаспаған.
Біздерді күнде теледидардан жарнамалап жатады. Еуропадан барған басқа ансамбльдердің жүргенінен жатқаны көп. Ал бізде дамыл жоқ. Алаң, стадион, қонақ үй, ресторан... Қай жерге апарады, сол жерге бейімделіп концертімізді қойып жүре береміз. Сөйтсек бізді сатады екен ғой. Оны кейін заман өзгергенде біліп жүрміз.
Бір күні бір зәулім бес жұлдызды қонақ үйдің кіре беріс фоесіне өнер көрсеттік. Біздің өнерімізді тамашалап бар-жоғы бес-ақ адам отыр. Әр қайсысы әр креслоға жайғасқан. Даяршылар тіске басары мен сусындарын тасып аяғының ұшымен зыр қағып бәйек болып жүр.
Біз концертімізді бастап кеттік. Мен өзіме тиісті «Перизат» деген әнді домбырамен айтып шықтым. Кезек Құрманбекке келгенде Нартайдың әнін созыңқырап А-Ахоу деп көтергенде оң қолынан гармонның түймелерін босатып жібере салды да, сол қолымен екі түймені басып аккордты ұстап тұрды. Гармон өзінен-өзі сол жақтан кірген ауаның есебінен төмен қарай созылып кетіп барады. Өзі де гармонмен бірге даусын созып тұр. «Ахоу» деп. Гармон созылып жерге жетуге айналды. Бізді тамашалап отырған 5-6 бай манаптар не болар екен деп екі көзі салбырап созылып бара жатқан гармонда. Гармон үні баяулай бастағанда Құрманбек шалт қимылмен сол иығы мен сол қолын көтеріп қалғанда гармон көтеріле жырылып келіп Құрманбектің оң қолына сап ете қалды. Біз циркте өнер көрсеткен жанглёрдың өнерін көргендей болдық. Ал әлгі бай-манаптарымыз ішіне тартқан демін терең алып, естерін жиып, қол соғып жіберді.
Міне, өнер және оның құдіреті осы. Ол бай-кедейге бөлінбейді. Ол бәріне бірдей. Құрманбек те сондай, жампоз өнердің иесі еді.


Әлмырза Ноғайбаев,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,
«Құрмет» орденінің иегері
19 қазан 2019 ж. 633 0