Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тау мен тасты су бұзады, адамзатты ше?

Тау мен тасты су бұзады, адамзатты ше?

«Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген ауыздан шыққан әр лебізге жауапкершілікпен қараған бабаларымыздан көп ілгері кете қойған жоқпыз-ау! Өйткені, бүгінгі сөйлеген сөзіміздің түпкі нәтижесі шынайылықтан ажырай қойған жоқ. Десе де, басына бақ қонып, астына тақ берсең танысым деп жүргенің әп-сәтте танымай шығатыны несі екен тәйірі...
«Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнiң құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес» дейдi қазақ. Оның «Өзiм дегенге өзегiңдi суырып бер, өлмейсiң» дейтiнi тағы бар. Жалпы, қазақ кемшiлiкке төзбеген. Азын-аулақ билiктiң дәмiн татса-ақ өзгеге паңдана қарайтындарға бас имейтiн, от жүректi, өжет бола тұра сабасына тез түсе қоятын пайымды жандарды құрметтеген. Имандылықты, бауырмалдықты, сезiмталдықты қастерлеген. Ұлы даланың ұрпақтары қолына құзіреттілікті берсең айналасын қырып салмаған. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалыпқа салған кірпіштей теп-тегіс біркелкі тәрбиеге негізделген. Яғни, аяқтан шалып, етектен тартуды емес, амалын тауып жәрдемін берудің жолын көрсетеді. Біз ешбір елде жоқ ерекше бауырмалдығымызбен ерекшеміз. Бүгінде қызметін асыра пайдаланатын қызметкерлерден жөн сұрай қалсаң кеудесін керіп, кердең қағатыны қарнымызды аштырады. Иілуге намыс, шалқаюға табыс жібермей ме әлде мансапқа масайрап көзді тұман торлайды ма, беймәлім.
Осы орайда «Ұлық болсаң – кішік бол» – деген мәні зор асыл сөзбен үйлесімін тапқан Шыңғыс Айтматов айтып кеткен мына бір тарихи жәйтті де атап өткен жөн сияқты. Ойлы оқырманға ой салар…
«Римнің атақты императоры Веспасианның ұлы Тит таққа отырған бар-жоғы екі-ақ жыл ішінде өзінің қарапайымдылығы, еңбекқорлығы мен ізгілігінің арқасында күллі римдіктердің махаббатына бөленіп, «адамзаттың асылы» деген ат алған. Бірде Тит нөкерлерінің қоршауымен Рим көшесінде келе жатса, анталап тұрған халық арасынан жұлым-жұлымы шыққан қайыршы бала императорға амандаспақшы болып, қол созады. Бұрын-соңды мұндай сорақылықты көрмеген жұртшылықтың жүрегі тоқтап қала жаздаған. Титтің нөкерлерінің бірі әлгіге дереу қылышын ала ұмтылады.
–Тоқтат! Баланың не жазығы бар? – депті император.
– Сізге қол бергені – шектен шыққан ұятсыздық емес пе, тақсыр? – дейді
– Елімнің жас ұланы үлкен көрегендік танытып тұр. Оның қолын қыспасам, менікі әдепсіздік,– деген Тит: Мен – император, бұл – қайыршы болса, ол – Құдайдың ісі. Ал жылтыраған киім адамшылықтың, шоқпыт-шәркей ақылсыздықтың белгісі бола бермейді, – деп, жез мундирі жарқырап тұрған нөкеріне әжуалай көз тастапты.
Сол сәтте «Жасасын Тит!» деген айғай күллі Рим аспанын жаңғыртыпты. Императорға қол беруге болады екен-ау деп таңырқаған халық, Титтің алақанын аялап қысып алу үшін кезекке тұрған. Ал керісінше, Сиам королі мен ханшайымы өздерін Сарайдағы санаулы ғана лауазым иелерінен басқа тірі жан қол беріп амандасуға, тіпті киімнің сыртынан болса да жұғысуға болмайтыны жайлы қатаң тәртіп қалыптастырған. Ақыры осы бөлектенудің зардабын да тартпай қоймады. Жаздың жайма-шуақ бір күні корольдің зайыбы Сунанда көлде қайықпен серуен құрып жүрген. Кенет жел көтеріледі де, қайық аударылып түседі. Тереңге бір батып, бір шығып, су жұтып жан даусымен айғайлаған ханшайымы жағада тұрған жүздеген қызметшісінің бірде-біреуі құтқаруға тәуекел ете алмайды. Өйткені жоғары мәртебеліге қолыңды тигізсең болды, жазаға тартыласың. Не істемек керек? Улап-шулаған қызметшілер сарайға жүгіріп, лауазымы жоғары біреуді ертіп келгенше, ханшайым тұншығып, о дүниеге аттанып кетіпті».

P/S: Бұл жәй ғана мысал. Санаға сәуле шашар тағылым. Түйсінген адамға байлығына қарай құзіреті, айлығына қарай қызметі жүріп тұрғандардың да дәурені өтері керемет жеткізіліпті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
28 қыркүйек 2019 ж. 1 828 0