АҒАЙ, СІЗГЕ НЕ ҚҰЯЙЫН?
Аптасына бір, екі тойға бармасақ көңіліміздің қошы кірмейтіні белгілі. Әрине, қазақтың тойы бітпесін. Әңгіме, менмұндалаған мейрамханаларда меймандарды күтіп алып, қызмет көрсететін даяшыларда болып тұр ғой.
Жиғанын мейрамханаға шашқан, бірінен-бірі асқан тойлардың куәсіміз бүгінде. Үстел басы меймандар, сол меймандарға жағалай жүріп ішімдік,сусын құйғандар. Ащы, тұщы дәмін, құстың сүтінен басқасының бәрін қойып дастархан жаямыз. Сонан соң сол ащы мен тұщыны ұстазына шәкірті құйып беріп, асты-үстіне түсіп, қызмет етуде. Естіген құлаққа түрпідей тиеді ал, көрген көзге кірпідей көрінеді...
Кенттің кәсіпкерлігі кемелденіп, көркі күн өткен сайын айшықталып келеді. Оның бір көрінісі – саны артып келе жатқан сауда орталықтары мен сән-салтанаты келіскен мейрамханалар. Мейрамханаларда мейман күтіп, қонақ үйлерде қонақ жайлап жүргендердің көбі, дұрысы басым көпшілігі оқушылар мен студенттер. Сабақтан тыс уақытында тойханада табақ тасыған мектеп оқушылары қай уақытта үйіне қайтады? Оларды жұмыс күші ретінде пайдаланып отырған кәсіп иелерінің бұл ісі заңды ма? Осы сұрақтарға жауап алмақ болып АІІБ-нің кәмелет жасқа толмағандар ісімен айналысатын маманы А.Мәдиевпен тілдескен едік. Аудандық ішкі саясат бөлімінің және жастар ресурстық орталығының тиісті мамандарымен бірге арнайы рейдттердің болатынын жеткізді Абай Мәдиев. Алайда, олардың құзыреті кафе мен ойынханаларда беймезгіл уақытта ата-ана бақылауынсыз жүрген жасөспірімдерді жүгендеуге ғана жететін көрінеді. Ал, даяшы болып дастархан жайғандарды, оларға дастархан жайғызғандарды жөнге салу кімнің ісі?
Ұстазына шарап құйған шәкірттер сабағына шаршап барады бүгінде. Халықтың қазынасы болған тойда тәрбие ұлықталатын еді. Тойға келгеннің күйбеңі ұмыт болатын еді. Бүгінде асабамен араласып, даяшымен жағаласып не керек, әйтеуір шаршап қайтасың. «Сізге не құяйын?» деп келген оқушысына ақ шишаны ұстатқан ағайды көріп не дерсің енді... Бақылау болмаса, бетімен кететін балабақшаның баласы емес. Кәсіпкерлер еңбек күшін пайдалануда заңдылыққа сүйенсе, тиісті мекеме мамандары жауапкершілікті талап ете білсе дейміз біз.
Бақытжан ӘЛ-ТЕЛІКӨЛ.