Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сағыныш саздары

Сағыныш саздары

Кім болса да туған жерінің қадірін сыртта жүргенде біліп, жүрек сағынышын жасыра алмаған. Оны әсіресе, ақын жырларынан аңғаруға болады. көрнекті қазақ ақыны, жерлесіміз Ә.Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойы туған елінде кең көлемде аталып өтетіні аян.
Қазақ поэзиясында сан қырымен танылған, сыршыл ақын туралы қалам тербеу қуаныш. «Қазақстанның халық жазушысы», ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халқының біртуар ақыны күні кешегі М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин секілді алыптар тобының соңына ерген, кезінде жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың хатшысы болған, ХХ ғасырдың дарабоз ақыны, драматург жазушысы, ғалым, қоғам қайраткері, «Қызылдиқан» ауылының тумасы Ә.Тәжібаевтың есімі біздер үшін тым ыстық. Үлкен ақын Ә.Тәжібаев қазақ әдебиеті мен өнерінің қайталанбас өкілдері Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, К.Байсейітова, Ш.Құсайыновтармен т.б. қызметтес, аралас-құралас болса, замандастары Қ.Аманжолов, Б.Момышұлы, Т.Жароков, М.Қаратаев, С.Мәуленов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Шәріповтермен әдебиет саласында етене жақын болады. Кейінгі толқын інілері М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Е.Букетов, Ш.Есеновтермен сырлас, дас­тарқан басында дәмдес болып, поэзияның ғажайып әлеміне қалам тербеп, бірін ұстаз тұтса, бірін шәкіртім деп отырған. Өлеңдері сезім, көңіл-күй, махаббат лирикаларына құрылып, заман, уақыт жайында философиялық ойларды өрбітеді. Өлең жеңіл оқылып, көңілге жатталып қалады. Бейнебір сол өлеңді өзің жазып тастағандай рахатқа бөленесің. Әбділда ақынның ұлылығы да сонда. Ол – қайталанбас тұлға, жыр алыбы Жамбылдың шәкірті.
Әбділда Тәжібаев өзінің «Есімдегілер» атты кітабында былай дейді.
– Не жаздың? Оны жұрт қалай бағалады? Деген жазуды әрбір жазушы іштей сезініп оты­рады. Мен де солардың бірімін. Тәуірлеу шыққан, өзіңе ұнаған өлеңдердің газетке басылған күні телефон қашан соғылар екен, кім не дер екен деген алаңың болмай қоймайды. Кейде бөтен қалалардағы оқырмандарыңнан телефон соғылып, хаттар да келіп жатады. Осының бәрі жазушы өміріндегі өзі ғана сезініп, өзі ғана жадында сақтап отыратын сүйкімді нәрселер. Менің өлең-жырларыма Алматыда алдымен «оқып», табанда алған жерлерін хабарлайтын екі інім бар. Оның бірі – Сырбай Мәуленов, екіншісі – Қалтай Мұхамеджанов.
– Салаумаликум, мен Сырбай ғой, Әбеке. Халіңіз қалай? Өлең-жыр ағылып-төгіліп жатыр ма? Ха! Ха! – деп бір күліп алады. Бұл азанымен телефон шалып, Сырбайдың мені оятқаны сияқты бір көрінісі. Содан соң оның алдындағы жатқан қағаз сытыры естіледі.
– Мінеки, жаңа ғана алдым «Қазақ әдебиетінен», – дейді Сырбай, Поздравляю, тамаша өлеңдеріңізбен! Көбісін қанаттанып отырып жазған екенсіз, маған да қанат бітірді. Тыңдаңызшы, мен қалай оқыр екенмін. Содан кейін Сырбай трибунада тұрып оқығандай дауылдата жөнеледі. Қалай оқығаным, қалай жерленгенін Қалтай да ертеңгілік хабарлайды. Бірақ оның түсіну әдісі өзінше, Қалтайша «Құйыла кетті ғой жүрек деген немеге, шайқап-шайқап жіберді ғой көңілді» деген сияқты сөздермен айтады. Мен бұл естігендерімді арасын суытпай табанда Сараға жеткіземін. Ол ішек-сілесі қата күледі.
– Мақтау сүйгіш байғұсым-ай! – дейді, мені баладай мазақтап. Айнаға қара, бетіңді көрші өзіңнің.
– Не бар бетімде менің? – деймін айнаға қарап.
– Не деген сенгіш адамсың. Мүмкін олар сені қуанту үшін жорта мақтайтын шығар асырып. Ойлану, ақылға салу керек емес пе? Мен үндемей өз бөлмеме кетемін. Бұл менің тізгінімді қағып, тежеп ұстауға дағдыланған бәйбішеммен келіскенімнің белгісі. Ол дұрыс айтады. Елпілдемеу, желпілдемеу керек. Жолы жеткен адамға ұстамдылық та қажет. Бәрін тындырып тастағандай қуану ұят емес пе? Өткен күнде есеп жоқ екені рас қой. Ойланып қарашы, көз жіберші бүгіннен бастап әріге. Мен 1973 жылғы күнделіктердің бөлшегінің біріне қарап отырсам, 31 қаңтарда кешке Мәлік Ғабдуллиннің қайтыс болғанын естіппін. Сол күні ғана сағат екіде өзіммен шахмат ойнаған әсем жанды, ажарлы достың қайтыс болғаны мені қатты толғантты. Мен сол күйімде отырып, мынадай өлең жазыппын:
Өмір деген осылай,
Орғи-орғи өтеді.
Құлзымына өмірдің,
Кімнің көзі жетеді?
Жарық дүние адамның,
Айнымайтын мекені.
Неге артына сол дүние,
Бір бұрылмай кетеді? – деппін.
Содан екі күн өткен соң, осы өлеңге екі шумақ қосыппын:
Неге артына бұл дүние,
Бір бұрылмай кетеді.
Неге адамның жастығы,
Жылт ете қап өтеді?
Шын екен-ау өмірдің,
Тіпті шолақ екені
Бесік пенен табыттың,
Аралығы екі елі, деп жазыппын.
Осылайша өткенді есіне алған ақын замандастары, ұстаздары, достарына арнаған естеліктері мен жырлары осы бір шабытпен, дарынмен төгілтті. Көрнекті ақын 1934 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының жетекшілерінің біріне айналды, хатшы, төраға қызметтерін абыроймен атқарды. «Жаңа ырғақ» пен «Көне қоңырау» жинақтарының арасында ондаған жыр кітабы, бірнеше таңдамасы, бес томдық шығармалар жинағын дүниеге әкелді. Талантты ақын поэзия саласын зерттей отырып, «Өмір және поэзия» атты көлемді еңбегін жазды. Филология ғылымдарының докторы атанды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Ол сондай-ақ драматургия саласына ден қойып, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» монографиясын жазды. Оның «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез», «Қыз бен солдат», «Жартас» драмалары сахна төрінен орын алды. Ә.Тәжібаев прозада да еркін қалам сермеді. Ол «Есімдегілер», «Жылдар, ойлар», «Жолданатын хаттары» кітаптарын жазып, оны оқырмандар іздеп жүріп оқыды, қолдан-қолға тигізбей жатты. Дарабоз ақын туған жерін, Сыр бойын жырына қосып, асқақтатып отырды, еліне деген сағынышын жасырмады. Ол «Сырдария» деген өлеңінде:
Білем сені, сүйем сені,
Сырдың суы қарт анам,
Сенсің мені әлдилеген,
Туған сенен мен балаң.
Сүйсе Гейне, анам десе,
Сүйген суы Рейнесін.
Сырдың суы туған ол да,
Өз ақынын Гейнесін...
Сол кезде де, жаным, ана,
Өзіңменен тең болам,
Сырда туған Сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам, – деп 1936 жылы жар салды.
Ал 1959 жылы жазған Сыр еліне деген сүйіспеншілігін, жүрек жарды жыр жолдарын «Сыр жырлары» деп атап, перзенттік парызын өтегендей болады.
Осы менің Сырым неткен бақытты!
Тіпті босқа өткізбепті уақытты.
Әбділдаға артып қойып,
Өзі жастық құндағында жатыпты.
Сырым менің, Сырым менің, сырласым,
Секілді едің, бала күнгі құрдасым
Ойнаушы едім ағысыңмен алысып,
Алып қашқан әпкешімнің сырғасын.
Сырым менің, Сырым менің, сырласым,
Алғам сенен Сырдай терең жыр басым.
Ұшырғансың Алатауға мені өзің,
Деп биіктен Әбділдашым арасын... десе,
Кемітеді Сырымды,
Сарыарқалық былай деп:
– Жауыны жоқ, желі көп,
Тұра алмас ем бір ай деп
Кемітеді Сырымды,
Сарыарқалық былай деп:
– Масасы көп, шаңы көп,
Сырдариясы ылай деп.
Бір жылыңа бермес ем,
Мен Сырымның бір айын.
Сағынамын көрмесем,
Шаңы менен ылайын – дейді.
Жаныңа жақын жыр жолдары онан әрі жалғасып:
– Құс аулауға шығамысың?
– Шығамын.
– Айтқаныңды жығамысың?
– Жығамын.
– Мә, мылтығым атамысың?
– Атамын.
– Сен атып қайт,
Мен демалып жатамын.
– Құсың қайда, қарағым-ау?
– Атпадым.
– Таппадың ба тоғайдан құс?
– Таппадым.
– Көп еді ғой көлде де құс...
– Көп екен.
– Неге атпадың?
– Түк дәмелім жоқ екен.
– Атуға сен қимадың ба?
– Қимадым.
Туған жердің құстарын да сыйладым деп, үлкенді де, кішіні де сендіреді, иландырады. Иланбай көріңіз. Поэзияның құдіретті күші құсқа адам басын әсем идіріп тұр. Ұлы ақынның жүрегін жарып шыққан жыр, өресі биік өлең есіңді тез жиғызып, туған жеріңе, елге, оның аң-құстарына да құрметпен қарауды, аты-жөні жоқ атып, табиғатқа зиян келтірмеуді меңзесе, адамгершілікті қай жерде де ұмытпауды ойыңызға салады. Қарапайым сөз әдемі өлеңге айналып, оқи бергің келеді, оқи бергің...
Әбділдә Тәжібаев туған өлкесіне атбасын жиі-жиі бұрып тұрушы еді. Әсіресе, жасы ұлғайған шағында ұлы Рүстемді ертіп келіп жүрді. Әбділдә ақын 1979 жылы 70 жасқа толып, Сыр бойында аунап-қунап қайтқан еді. Сол сапарында Шиелі ауданы тұрғындарымен мәдениет үйінде кездесу өткізді. Аудан басшылары тарапынан құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Кездесу соңында мәртебелі қонақтар Әбділдә Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Әуен Шәріпов және Рүстем сол кездегі аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаиловтың үйінде дастарқан үстінде бас қосты. Әбділдә Тәжібаевпен Әзекең бұрыннан таныс-біліс екен. Сондықтан ағасы Әбекеңді арнайы шақырып, ақын-жазушы достарымен қонақ етіп, отбасын жырға кенелтіп, небір көсем сөздер айтылып, есте қаларлық көңілді кеш болған еді. Қазақтың атақты ақын-жазушылары отырған дастарқанды әкем Әзімхан өзі жүргізіп отырды. Арасында маған Әлмырза Ноғайбаевты шақыруымды тапсырды. Оған дейін Әбділдә ақын бірнеше өлеңін оқып, желпініп, өзін көңілді ұстады. Мерейтой иесі Ә.Тәжібаевтың атына тілектер айтылды, Әлмырза құйқылжытып ән салды, көкесіне арнап жыр жолдады. Әлмырза Ноғайбаевтың ән әлемінде енді ғана аты шығып жүрген кезі болатын. Әнді мұқият тыңдап отырған Әбекең сол жерде «Мынауың әні әдемі Әлмырза екен» деді. Мен бұл жағымды сөзді қойын дәптерге жазып қойдым. Кейін аудандық «Өскен өңір» газетіне «Әні әдемі Әлмырза» деген мақала жаздым. Ол мақаланы белгілі журналист Серік Пірназар екеуміз «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетіне бердік. Осылай Әлмырзаны Республикаға танытып, оның өнер жолының өрлеуіне үлес қосқандай болдық. «Ол Әбділдә ақынның бір ауыз сөзі болатын. Солай тарап кетті. 1981 жылы Әбділдә ағамыз тағы бірде інісі Әзекеңе сәлемдесе келді. Сол жылы ақынның бес томдық шығармалар жинағы Шиелінің кітап дүкендеріне түскен. Бес томдығын сатып әкелдім. Қолыма бесінші томы түсті. Кітабының бетін ашып, «Өркенжан, талабың өркендей берсін! Әкең – Әбділдә» деп қолтаңбасын қалдырды. Қуанып қалдым. Бұл кітап мен үшін ең теңдесі жоқ жиһазға айналды. Иә, ардақты ақын Әбділдә халық есінде мәңгіге қалды. Аудандағы «Қызылдиқан» ауылы Ә.Тәжібаев атымен аталды. Кент орталығындағы бір көше де Әбекеңнің есімін алды. Қызылорда қаласында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жұмыс істейді. Көрнекті ақынның өлмес өлеңдері жыл өткен сайын асқақтай берері анық.

Өркен Исмаил,
ҚР журналистер одағының мүшесі

24 қыркүйек 2019 ж. 920 0