Жастар ісі жаңаша, игілігі баршаға
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында айтылған «Президенттік жастар кадр резерві» туралы өңір тұрғындарының арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындар арасында «Жастар кадр резервінің» танымалдығын арттыру мен оған қатысу мүмкіндігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара сәрсенбі күні аудан әкімдігінде өтті.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров жүргізіп отырды. Сонымен қатар аудан активімен «Президенттік жастар кадр резерві», мемлекеттік қызметтер, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларының сақталуы туралы бірқатар сала мамандары баяндама жасады. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ержан Қарымсақов, мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшылары Еркебұлан Сарымбетов, Ғалымжан Ілкібаев, ҚР мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалының профессоры Ақзада Мадалиева бар.
Баяндама барысында Е.Әділбайұлы «Президенттік жастар кадрлық резерві» тақырыбына кеңінен тоқталып, оған тіркелу жолы, кезеңдері, мақсаты туралы толығырақ айтып берді. Естеріңізде болса, Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеген болатын. Яғни Президенттік жастар кадр резерві осымен сабақтасып жатқанын көруге болады. Ал А.Әлайдарқызы мемлекеттік қызметшілердің жүру тәртібін қадағалау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, президент жолдауы туралы түсіндірді. Жиын соңында көпшілік тарапынан ұсыныс-тілектер де айтылды.
Фариза КЕНЖЕШОВА