Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңде өмір сүр
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл таяса да, тіліміз мізбағар емес. Сол баяғы Алаш қайраткерлері айтып кеткендей, бәз қалпында тұр. Қазақ тіліне орай айтылған Тұңғыш Президенттің «Қазақ пен қазақ тек қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген секілді Жолдаулардағы даналық сөздер бекер айтылмаса керек. Өз ана тілімізден қашып, басқа тілде сөйлеуіміз қабырғамызға батады. Енді қайтпек керек? Ата-бабамыз көре алмай кеткен ана тіліміздің Президенттен бастап Үкімет саласында, барлық төменгі деңгейдегі мекемелер мен халықаралық ұйымдарға дейін қазақ тілінің қолданысқа түскен жетістігін ең болмаса, біз көрсек қой деп армандайтын болдық. Бүйте берсек қайда барамыз. Не істеуге болады? Жалпы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қаншалықты біздің болашағымызға әсер етуі мүмкін? деген журналист сұрағына танымал тіл жанашыры, саяси ғылымдар докторы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбдіжәлел Бәкір ағамыз бір газетте былай деп жауап беріпті. Әңгіме сол кездегі Елбасының Үкімет пен Парламентке берген тапсырмасы жайлы болса керек. «Бұл шынында үлкен саяси шешім. Мен күні кеше Үкіметке сол жайлы хат жазып, ендігі кезекте Елбасының бұл сөзін құқықтық жағынан негіздеу үшін «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдауды ұсындым. Қажет болса, Ата Заңымыз Конституцияның 7-бабының 2-ші тармағындағы орыс тіліне қатысты норманы да алу керек деп жаздым. Оны қабылдаймыз ба, жоқ па білмеймін. Президенттің бұл айтқаны қазақ халқының болашағын ойлаған шешім. Біз қазақтар ендігі жерде оянуымыз керек! Намыстануымыз керек» деп еді. Біз де ағамыздың батыл сөзін қолдап, қуанып қалғанбыз. Қазақтардың өзі бір-біріне «Біздің тіліміз орысша, қазақтың тілі басқа» деп келемеждейтінді шығарды. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына барсаңыз, әзірге қазақша сөйлеуіміз, қазақ ұлты болып қалуымыз қиын-ау. Аулаларда немерелерін ойнатып отырған қазақтың марғасқа шалдары мен кемпірлері кішкентай ұрпағымен орыс тілінде сөйлесіп, орыс тілін үйретіп отыр. Олар Ресейдің бір губерниясында тұратындай, көрші елдің жерінде отырғандай. Олар қазақ тілін үйренеді деп бергі жарты ғасырда да үміттену бекершілік. Анау отырған кемпір-шал, қасына келген ұлы мен келіні де орысша сөйлеп, ауладағы он шақты адамның бәрі ресми тілге көшіп, түрлері бөлек, тілі бір болып шыға келді. «Қайран жұртым» деп Абайдан артық зарланғың келмейді. Осы нәрсені қазақ байғұстың ғана маңдайына жазып қойды ма? Тәуелсіздік алған Орта Азия және Прибалтика мемлекеттері ел егемендігін де, тіл тәуелсіздігін де қоса алып кетті. Ал қазақ елі жалтақтаумен әлі келеді. Бодандықтың мойылдырығын мойындарына мәңгі салғандай. Ауылдағы қазақ шалдар күйінгенде «Біздің Президентіміз барлық қабылдауын қазақ тілінде жүргізсе, жиналыстарын, шетел қонақтарымен кездесулерін де ана тілінде сөйлеп өткізсе, қарамағындағы Үкімет басшысы мен министрлер, облыс әкімдері барлығы да екі-үш күнде қазақ тілін меңгеріп шыға келеді» дейді.
Ол да рас шығар. Менің туған енем Наталья Ивановна Слепкова ұлты орыс болғанмен, жан дүниесі қазақпын деп отыратын тамаша кісі, өмірге бес ұл, үш қыз әкелген абзал ана еді. Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Неміс фашистері Ростов қаласын басып алғанда, сондағы әскер зауытта жұмыс істеп жүрген орыстың қаршадай қызы екен. Қала азат етілген соң әскери медбике болып жүрген Наташа апам майдан даласында жараланып жатқан Ақмая ауылының жігіті Әбсадық көкемді сүйрелеп, оқ астынан алып шығып, госпитальға жеткізеді. Ем-домын жасап, қасында болады. Адами жанашырлық, достық махаббатқа ұласып, соғыстан соң Наташа Ақмая ауылына келін болып түседі. Қазақ тілін тез меңгеріп алады. Кейуана анамыз ауыл мешітіне барып, мұсылман дінін қабылдап, 93 жасында дүниеден озды. Ол кісі ұл-қыздарының біреуін ғана орыс сыныбына беріп, қалғандарының барлығын қазақша оқытады. Ауылдың қадірлі қариясы, сыйлы еңбек және соғыс ардагері ретінде, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін, өнегесін танытып кетті. Сол кісі біз үйіне барған сайын «Осы Қазақстанның Президентіне, орысша сөйлемесең болмайды» деп ешкім айтып жатқан жоқ шығар. Үлкен кісі қазақша сөйлесінші, талап етсінші, барлығы соның тілінде сайрап шыға келеді. Мен де қазақ тілін екі-үш айда үйреніп алдым ғой» деп жайдары күліп отыратын, ақтарылып шынын айтатын. Адам өзіне қажет болса, күні түссе ғана үйренеді ғой нені болса да деген ойын осылай жеткізген еді. Менің айтпағым да осы болатын. Қазақ тілінің ахуалын айтып та, жазып та жатырмыз. Қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ана тіліне деген құрметін сезіне бастадық. Үштілділік жайында айта келіп, «Ағылшын тіліне біртіндеп көшкен жөн. Қазақ тілі бірінші болуы керек. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы қажет» деуі үмітімізді үкілей түсті. Қай ұлт болмасын, алдымен тілін, дінін қорғайды. Қазақ екенімізді айғақтайтын – ана тіліміз. Сондықтан тіліміз азаттық алмай, өзгелерге тәуелді болып қала береміз. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңімей, нақты талаптар қойылмай, Мемлекет басшысы мемлекеттік тілге бір оң шешім қабылдамай, ғасырдан-ғасырға осы қалпымызда жететініміз аян.
Қазақстан халқы сенім артып сайлаған ел Президентіне қазақ тілі жанашырларының көңілі жетсе екен дейміз. Саяси шешімнің де шешілетін мезгілі бар шығар. Қарға қанша қарқылдағанмен, көктемнің шықпайтыны белгілі. Оны менен бұрын да қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, біз секілді тіл жанашырлары талай мәрте, ғұмыр бойы айтып кеткен. Менің жеке ойым да соған саяды. Шыңғыс Айтматов «Тіл жоқ жерде, ұлт жоқ» депті.
Өркен ИСМАИЛ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі
Шиелі аудандық филиалының төрағасы