Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Салтқа адал, дәстүрге берік Бердібай Түменбайұлы туралы бір үзік сыр

Салтқа адал, дәстүрге берік Бердібай Түменбайұлы туралы бір үзік сыр

Бердібай. Түменбайұлы 1949 жылдың қыркүйегінде егін орылып, бақша жиналып, уақ малдың жүні қырқылып, қырда күйек қарқын алып жатқан қарбалас шақта көпбалалы отбасында дүниеге келіпті. Туған жері атақты Бестам өңірінің Бестам (бұрынғы «Ленин») ауылы. Дүрбелең шақта дүниеге келгендіктен бе, жасынан елгезек, еңбекқор болып өседі.
Әкесі мен шешесі колхоздың егіс даласында таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді екен. Түменбай қария – Ұлы Отан соғысының ардагері. Кеудесінде қанша марапаты болса, денесінде сонша жарақаты бар. Қорадағы он шақты уақ мал мен сиырдың күтімі Бердібайдың мойнында.
1966 жылы орта мектепті бітірген соң Түркіменстанның Кушка қаласында екі жылдық әскери борышын өтейді. Келген соң Қызылорда медучилищесінде оқып, фельдшерлік мамандық алып шығады. Шиелі аудандық денсаулық сақтау бөліміндегілер жас маманды қуана қарсы алады. Ауданның бас дәрігері Смайыл Кәрімбаев:
– Дипломыңдағы бағаларың өте жақсы екен. Енді соны іс жүзіне асыруың керек. Сырдарияның арғы жағалауындағы Жуантөбе, Қызылқайың елді мекендеріне жіберемін, шопан отарларында боласың. Өмірді көр, тәжірибе жина. Кейде аурумен бетбе-бет кездесетін, жалғыз күресетін кездер болады, нақты шешім қабылдап үйрен, – дейді бұйрыққа қол қойып жатып.
Бердібай Түменбайұлының еңбек жолы осылайша басталған еді. Біздің қазақ адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деуі де сондықтан. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді ғұлама М.Әуезов. Тере берсек, бұл тұрғыда мақал да, қанатты сөздер де жетерлік. Бұлардың бәрі сөзбен берілетін тәрбие.
«Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген тәмсіл бар. Оқта-текте қолданылып жүр. Жалғыз сөйлемнен тұрса да, мағынасы ұғынықты. Бәрін сөзбен шешемін демей, кейде нұқып қойғанның да зияны жоғын аңғартқандай. Осы мақалдың сыңары бар болып шықты: «Молдаға намаз үйреткен – тамақ». Көрдіңіз бе, қисыны келіп-ақ тұр. Бірінші қатары адамның намазды қорыққанынан оқитынын, екіншісі құныққанынан оқитынын айтып тұр. Екеуі де тәрбие берудің талай талқысынан, сынынан өткен халықтық тәсіл. Әлдекімдер мені ескі әдісті дәріптеп отыр деп жазғыра көрмесін. Айтпағым, көне тәжірибенің әсері мен өміршеңдігі ғана. Бұл сөзіме дәлел де жоқ емес.
Бүгінде жетпістің асуынан асып отырған Бердібай ақсақал бір сөзінде әлемдік айықпас дертке айналған темекіні қалай қойғанын айтқаны бар. Медучилищеде оқып жүрген кезі екен. Жатақханада тұрады. Сабақтан бос кезде курстастарымен бірге темекіге әуестене бас­тайды. Ата-ананың көзінен таса болған соң өз еркі өзіне тиген. Үйренген дағдысымен үй ауласының қалтарысында шылымды сорғыштап отырады. Жатақханада отырмын деп ойлап қалса керек. Темекіні үстін-үстіне сорады. Жыңғылдың солқылдаған көк шыбығы оң жақ жауырынның үстінен осып өткенде ғана не бүлдіріп отырғанын бір-ақ сезеді. «Ойбай» деп артына әзер бұрылып қарағанда, шыбығын сүйретіп кетіп бара жатқан әкесін көреді. Денесі тоқ ұрғандай тызылдап, ауырсынып тұрса да, дереу бойын тіктеп, ауладан сыртқа бір-ақ шығады. Содан бері темекі дегенді қолына алмапты. Темекінің зияны туралы әкесі мораль оқып, пайдалы кеңес бергенімен әсері осындай болар ма еді, болмас па еді? Солқылдақ шыбықтың бір осып өткені жарты ғасырдан астам уақыттан бері темекіден бойын аулақ салуға себепкер болыпты.
1974 жылы қаңтарда Бала би (бұрынғы отыз жылдық) ауылының тұрғыны, мектеп мұғалімі Айымхан­ Тұрсынбайқызымен отау құрады. Арада 2 жыл өткенде 3-4 жыл сыртта дәрігерлік қызмет көрсеткен Бердекең аудан орталығына оралып, аудандық «Санэпидстанция» мекемесіне қызметке орналасады. Сол жылдары Қызылорда қаласындағы пединституттың сырттай оқыту бөлімінің биология факультетіне түсіп, қосымша мамандық алып, білімін жетілдіреді.
Ерекше елгезек, жүрісі ширақ, ісіне мығым Бердібай Түменбайұлы аудан басшыларының көзіне лезде түседі. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Бибіжан Жәукебаева шақырып алып, Қызыл Крест және Жарты Ай қозғалысы аудандық бөлімшесіне төраға болуды ұсынады. 1980 жылдан жауапкершілігі жоғары сол қызметті атқарады. Бердекеңнің өміріндегі қиындық сол кезде орын алады. 1990 жылдан басталған тоқырау, жұмыссыздық, азық-түлік пен киім-кешектің тапшылығы кім-кімді де қынжылтқаны шындық. Оның бержағында 70 жыл бұғауында ұстап келген алып мемелекет бір демде күйреді. Осы кезде халықаралық Қызыл Крест және Жарты Ай қозғалысы көмекке келді. Шет елдерден киім-кешек, дәрі-дәрмек, тамақ келіп жатты. Тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек берілді. Атап айтқанда, Швециядан, Норвегиядан, Ресейден, АҚШ-тан, т.б. шет елдерден үстін-үстін жоғарыдағыдай заттар келіп жатты. Осы көмектерді тиісті отбасына дер кезінде жеткізу аудандық бөлімшеге оңайға түскен жоқ. Күн-түн қатып атқарған жұмыстардың нәтижесінде мұхит асып жеткен азық-түлік пен киім-кешек мұқтаж жандарға жетіп тұрды. Түменбайұлының еңбегі босқа кетпеді, аудан басшылары мен халқының алғысын алса, шет елдердің сый-сияпатын, мақтауларын иеленді.
Бердібай Түменбайұлы 1992 жылдан бастап аудандық «Дезбюро» медициналық мекемесін басқарды. Бұл салада да жемісті қызмет атқарып, аудан жұртшылығының көңілінен шықты. Әлі күнге осы қызметке (қазір жекеленген) жетекшілік етіп келеді.
Зайыбы Айымхан Тұрсынбайқызы туралы бірер сөз айта кеткеніміз дұрыс болар. Айымханның анасы 16 құрсақ көтеріпті, бірақ перзенттері шетінеп, бір қызы қалады. Сөйтіп жүргенде анасының аяғы ауыр тартады. Ата-анасы оны ұл болады деп қуанады. Айы-күні жетіп босанады. Керісінше өмірге ұл емес, қыз келеді. Босандырмақшы болған көршілері «Тұрсекеңе қалай айтамыз, тағы да қыз болды десек, бізге ренжитін шығар» деп қатты сасады. Тіпті кейбірі кіндігін кесуден де бастартады. Сол сәтте Шәрипа есімді көршісі батылдық танытып «Ұл болмаса да ұлдай айбынды, қайратты болсын» деп кіндігін балтамен кесіпті. Қасындағыларға Тұрсынбай қарияға «ұл туды» деп хабарлап, сүйінші сұраңдар депті.
Сол Айымхан – бүкіл саналы ғұмырын педагогикаға, яғни ұрпақ тәрбиесі мен біліміне арнаған абзал жан. Ұзақ жыл орта мектепте мұғалім, мектеп директорының орынбасары, кейінгі кезде балалар бақшасының меңгерушісі болып зейнеткерлікке шыққанша қызмет етті. Облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінен алған мақтаулары, марапаттары, алғыс хаттары сөзіміздің айғағындай болып сақтаулы тұр.
Таң алагеуім мезгіл, төңірек ала көлеңке. Бердібай ақсақал күнделікті әдетімен ұйқысынан оянып, дәретін алып, таң намазын оқуға кірісті. Бетін құбылаға бұрып, екі басбармағымен екі құлағының қалқанын қағып жіберіп «Аллаһу акбар!» деді. Бұл Азан оқығаны. Ары қарай таң намазы рет-ретімен жалғасып кете берді.
Намазын тәмамдап, қорадағы 3-4 уақ малын, құстарын жайғады. Бердібай ақсақал зейнетке шыққалы, яғни пайғамбар жасынан бері намазды серік еткен. Бұл дәстүрлі дінді жалғастырғаны. Ал күнделікті қорада уақ мал ұстауы – әке жолын жалғағаны. Дәстүрге берік, ата салтқа адал, Бердеке, ғұмырың ұзақ болғай!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті журналисі»
14 қыркүйек 2019 ж. 744 0