Елімізде сапасы расталмаған шетел тауарларына тыйым салынбақ
ERNUR.KZ. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов біздің техникалық талаптар бойынша сапаны растаудан өтпеген тауарларды елімізге кіргізуге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Біздің сауда жүйеміздің дистрибьюторлықта құрылғанын мойындаймыз. Алыпсатарлар, оның ішінде импорттаушылар өнімнің сапасына мүдделі емес, оларды тез табыс қана қызықтырады. Әрі олар жиі сертификаттарды сатып алады. Немесе сәйкестікті растау рәсімін бұзушылықпен аккредиттеу органдары берген «сұр» (яғни сынақтар жүргізілмей) немесе жай ғана жалған – «қара» құжаттар», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің баяндауынша, мұндай ахуал Doing business шегінде енгізілген кеденде тауарларды шартты шығару рәсіміне жағдай жасайды. Және рәсімге сәйкес тауар 2 ай ішінде кедендік ресімделуге, сынақтан өтуге және сәйкестік сертификатын алуға міндетті.
«Біз мұндай «импорттық қоқысқа» тосқауыл қоюды және алдын ала сынақтарсыз өнімді Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салуды ұсынамыз. Яғни импорттаушы нарығымызға қойғысы келетін тауардың сапасын, оның техталаптарға сәйкестігін алдын ала растап, кейін оның шекарадан өтуіне құқық алғанын қалаймыз», – деді Сауда және интеграция министрі.
«Екінші мәселе – тауарлардың шығу тегін және олардың стандарттарға сәйкестігін растау инфрақұрылымы. Министрліктің міндеті тиісті зертханалар мен орталықтарды құру арқылы елімізде, сондай-ақ шетелдерде де сапалы тауарлар үшін кедергілерді азайтуға негізделетін болады», – деді ол.