Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық тәртіп сақшылары қылмыспен ресейлік әріптестерімен бірігіп күреспек

Қызылордалық тәртіп сақшылары қылмыспен ресейлік әріптестерімен бірігіп күреспек

BAQ.KZ. Сырбойылық тәртіп сақшылары ресейлік әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, қылмыспен бірігіп күреспек, деп хабарлайды 24.kz.

Қызылорда облыстық полиция департаменті мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Байқоңырдағы басқармасы басшыларының кездесуінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын ортақ шаралардың жоспары айқындалды. Құқық қорғау органдары қызметкерлері есірткі айналымы, терроризм, заңсыз көші-қон үдерісі мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуде тиімді әріптестіктен ұтарымыз көп деп отыр.

"Ресей мен Қазақстанның үкіметаралық келісімінде көрсетілген екіжақты шаралар жиынтығын талқыладық. Бүгінгі кездесу жемісті болды. Байқоңыр кешенінде қылмыс деңгейін бірге төмендету шараларын нақтылап алдық", - деді РФ ІІМ «Байқоңыр» кешеніндегі басқарма бастығы Алексей Кузьмин.

Құқықбұзушылықтың алдын алу жайы кеңінен талқыланған кездесу соңында ведомство басшылары тиісті құжаттарға қол қойды.

"Ортақ бағдарламаны іске асыру үшін кешенді стратегиялық және тактикалық шаралар жасақтау керек. Бүгінгі басқосуда заңсыз миграцияны тоқтату, қылмыскерлерді іздеу және ұрлық істерін дереу ашу туралы сөз қозғадық. Қостараптық жоспар аясында бірлесе әрекет етсек өңірдегі криминалдық ахуал жақсара түсетіні анық", - деді облыстық полиция департаментінің басшысы Сұлтан Бектөре.
03 қыркүйек 2019 ж. 669 0