Адамзаттың арманы – ядросыз әлем

Атом полигонын жабу туралы жарлыққа қол қою – тәуелсіздікке қарай жасалған таңдаулы шешімнің бірі болды. Қазақстанда дүниежүзінің кез келген нүктесіне жететін 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыран орналасса да, елдің экономикалық әлеуеті ядролық қаруды сақтауға жетсе де, Елбасы ядролық клубқа мүше болудан бас тартты. Кейіннен оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар залалсындандырылды. Ал 2006 жылы қыркүйекте Қазақстан өзге мемлекеттермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойды. Осылайша Семей полигонының жабылуы еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Бүгінде ядролық сынақтың полигоны жабылған күн – қазақ ұлты үшін ғана емес, әлем халықтары үшін де ерекше маңызы бар тарихи оқиға. Көпшілік осы себепті жыл сайын полигонда бақилық болған ардагерлерді еске алады. Ал көзі тірілерін Отан алдындағы абыройлы борышын адал атқарғаны үшін құрметтейді. Осындай ілтипаттың бір парасы сәрсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінде көрініс тапты. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ядролық сынаққа қатысқан азаматтармен кездесу өткізді. Жиын 70 жыл бұрынғы жарылыс кезінде көз жұмған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Содан кейін өңір басшысы:
– Семей полигонының жабылуы мемлекетте бейбітшілік орнатты. Бұл ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың әлемде қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған шешімі болатын. Ядросыз әлем – адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз. Тек бірлесе қимылдағанда ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз әрі жақсы ете аламыз, – деді.
Кездесуде келесі болып «Семей – Ақиқат – Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Тоқтыбаев сөйледі. Ол «Ажал аждаһасындай» болған Семей полигоны туралы:
– Семей полигоны халқымыздың ғасырлық қасіретіне айналған сынақ алаңдары. Ол 40 жыл өзінің сынағымен ұлттық генетикалық тегімізге айтарлықтай нұқсан келтірді. Бұл сынақтар бейбіт халықпен қатар сол жерде әскери борышын өтеген сарбаздарға да жапа шектірді, – деп өз ойын айтты. Сонымен қатар қариялардың ахуалына алаңдаушылық танытып: «Ардагерлердің хал-жағдайын сұрап барсақ, жанында пакет дәрілер болады. Дәрі қымбат. Берілетін жәрдемақы мөлшері төмен. Жәрдемақының бір дәрінің құнына әрең жететіндігі республикалық баспасөз беттерінде айтылып жүр. Осыған жоғарыдағы билік өкілдері көңіл аударса. Ең бастысы, қоғамдық бірлестік өзіне түскен қаржы арқылы қойған міндетін атқара алады», – деп ұсынысын білдірді.
Жиын барысында аудан басшысы бірқатар ардагерлерге алғыс және құттықтау хатын табыстады. Олардың қатарында Ыдырыс Алтауов, Жамшат Ахметұлы, Бақытжан Ахметов, Қыдырия Күлбаев, Алпысбай Шоман, Марат Рсымбетов сынды азаматтар бар.
Марапаттау рәсімінен кейін ардагерлерге арнап «Нартай» өнер мектебінің өнерпаздары дәстүрлі ән шырқады. Ал жастар қауымы бейбітшілік пен татулық туралы өлең оқыды. Басқосуды аудан әкімі:
– Берекені көктен емес, бірлігі мол көптен тілеген елміз. Бізге керегі – елдің бірлігі. Сондықтан халқымыздан ынтымақ пен бірлік кетпесін, – деген жүрекжарды лебізімен тәмамдады.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ