"Алдын-ала $2000 жібересіз": Еліміздегі ең қымбат асабалар мен доллармен өлшенетін "прайстары"
Той десе ішкен асын жерге қоятын әр қазақ өз тойында асаба ретінде танымал актерлер мен әзілкештерді, эстрада жұлдыздарын көргісі келеді. Stan.kz тілшісі еліміздегі ең қымбат әрі сұранысқа ие асабаларға хабарласып, бір тойды басқарып бергенге қанша қаламақы сұрайтынын, той иесінің қалтасына қаншалықты қарайтынын анықтап көрді. Сонымен, "бағасын жағдайыңызға қарай келісіміз" деген асабалар мен қызмет ақысын арзандатқысы келмейтін кімдер?
Той десе қу басы домалайтын қазақ өз қуанышынан еш аянып қалмайды. Ең қымбат ресторан, қымбат әншілер мен қымбат асабалар: осының бәрі бір тойда бас қосады.
Тойдың естен кетпестей өтіп, ел аузында ұзақ жүруі тікелей той басқарып тұрған асабаға байланысты. Танымал асабаларды шақыру үшін миллиондар төлеуге дайынсыз ба? Тізімге қарап өз қалтаңыз көтеретін асабаны таңдап аларсыз. Сонымен еліміздегі ең қымбат асабалар:
1.Ең қымбат әрі сұранысқа ие асабалардың көшін бастап тұрған "Әзіл әлемі" театрының басшысы, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов. Бір тойды басқару құны - 15 000 АҚШ доллары. Шамамен, 5 817 600 теңгені құрайды. Бұл бағаның ішіне жолы, жататын орны қоса кіреді. Той болады-ау деп жоспарламас бұрын Қабатовтың сол уақытта кестесі бос па біліп алғаныңыз дұрыс. Өйткені биылғы жылдың желтоқсан айына дейін ол кісінің бос уақыты жоқ көрінеді.
2.Нұрлан Әлімжан. Танымал актерді тойға шақыру үшін 2 миллионға жуық ақшаны той шығындарынан бөлек есептеп қойыңыз. Жақында ғана депутат атанған танымал актердің енді той-томалақтан көрінуі екіталай. Хабарласып сұрағанымызда көмекшісі тойға шығу туралы нақты ешқандай ақпарат бермеді. Десе де, кезінде той басқарған қымбат асаба ретінде шеруімізден құрметті орын беруді жөн көрдік.
3. Нұржан Төлендиев. Танымал актерді тойға шақыру үшін 1 550 000 теңге қалтаңызда болуы керек. Бұл ақшадан бөлек жататын жері мен ұшақ билетіне де ақшаңызды есептеңіз. Алдын-ала төлем үшін 2 000 долларды шотына аударып қоясыз. Ал алда-жалда ақшаңыз жетпей қиналып жатсаңыз, онда Төлендиев сіздің тойыңыз үшін емес. Себебі, мың долларлықтың төртеуін сұрайтын ол өз бағасынан төмен түспейді.
4. Сұранысқа ие асабалардың ішінде Аманғали Сыпабеков те бар. Қуанышыңызға шақыру үшін жарты миллонды қолына санап бермесеңіз, Аманғалиды ұстау қиын. Жолына бөлек төлейсіз. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп қалған актер қанша жалынсаңыз да өз бағасынан түспейді.
5. Тағы бір миллионер асабалардың бірі - Нұрлан Еспанов. Қолына 1 миллионды ұстатсаңыз ақкөңіл, ашық-жарқын әнші өз диджейімен бірге тойыңызды басқарып, әнін айтып, ұмытылмас кеш сыйлайды. Той Алматыда өтсе, жатын орын мен жолына төлеп әуре болмайсыз. Ал басқа қала тұрғындары үшін асабаның жағдайын жасау үшін тағы да қалтасы қағылады.
6. Азамат Сатыбалды. Алматы қаласы үшін 5 мың доллар сұрайтын актер басқа қалалар үшін бұдан қымбат алады. Алдын-ала төлеміне мың долларды берсеңіз, асаба да сенімді отырады. Әр тойына жауапкершілікпен қарап, өте сауатты жүргізетін Азамат мырза той иелерінің жағдайына да қарайтынын, олардың жай-күйін түсінетінін айтады. Тек асабаға бағасын түсіруге міндеттемей, жағдайыңызды айтсаңыз болғаны. Қалғаны адамгершілк таразысына салынады.
7. Нұрлан Абдуллин. Эстрадамызда баритон даусымен, түр-тұлғасы бөлек, алып тұлғалы ағамызды тойыңыздан көргіңіз келсе, кемінде 4-5 мың долларыңызды қысып ұстаңыз. Кілең "элиталы" тойларды басқаратын ағамыз тойдың қалай өтетінін жақсылап жоспарлап келісіп барып шығатынын айтады. Той иесі болып жасырын сөйлескенімізде тойға шақырып, артынан бас тартатындардан әбден шаршағанын байқадық. "Құрсыншы, қымбат қой. Одан да 1000 долларға мықты жүргізетіндер бар" деп шешімдерін өзгертіп жататындардан көңілі қалған. Сондықтан бұл ағамызды шақыру үшін жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз дұрыс.
Қатып қалған баға емес, егер шын пейіл танытып, жағдайыңыздың жететін жерін айтсаңыз ағамыз келісуге дайын. Орысша да, қазақша да қатар жүргізетін ағамыз ақшасын риза қылсаңыз ет табақты да өзім тартам деп әдемі әзілдеп қояды. Тапсырысты 2-3 ай алдын ала айтып қойсаңыз болды.
8. Қанат Әлжаппаров. Автомат ауызды, атақты әзілкеш тойыңыздың көркін кіргізіп кетсін десеңіз 550 000 теңгені, бұдан бөлек бару-келу ұшағына, жататын орнына төлейсіз. Қанатты шақыру үшін күздегі тойына көктемде хабарласып алып қоятындар бар. Бір жақсысы, Қанат мырзамен келісуге де болады.
9. Тойдың көркін келтіріп, қонақтарды қалжыңға қарқ қылып жүрген "Әзіл әлемі" театрның актері, танымал "Шімән апа" да көп сұранысқа ие асабалардың бірі. Ерболат Төлегеннің бір тойды басқаруы 3000 долларды құрайды. Ұшағына билет пен жатын орны бөлек деп есептеңіз. Тойды екі асаба болып басқаратын Ерболат Шімән апа образына енгенде қасында көмектесетін жігіт керек екенін айтады.
10. Ринат Зайытов – айтыскер ақын. Отауызды, орақтілді ақындығымен көзайым болған Ринатты да халық тойын басқаруға жиі шақырады. Оның тойдағы табысы - 3000-5000 доллар шамасында.