Айдарлы ұлыңыз бен тұлымды қызыңыз болсын
Салт-дәстүрдің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, енді бірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастардың біле бермейтін дәстүрлері жетерлік. Ата-бабадан мұра болып қалған ғұрыптардың барлығы игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Соңғы жылдары ата-аналар балаларының төбесіндегі шашын жіберіп, айдар тағу үрдісі белең алып келе жатқанын байқаймыз. Бұл дәстүр бұрын қаһарлы күш қуаттың белгісіндей болған. Сонымен қатар қазақта ұл баланы зарығып жүріп көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қойған. Ал кейбір деректерде құлдың, күңнің баласына айдар қойылмаған делінеді. Ол көбіне дәулетті, бай-манаптардың ұрпағының әлеуметтік статусы ретінде белгіленген. Ал қазірде айдарды ата-аналар балаларына көбіне көз тимесін деген ырыммен қояды. Бұл көзі өткір жандардың назары баланың айдарына аусын деген сенімнен туса керек.
Бала ес біле бастаған шағында, айдарынан намыстанған кезде оның айдарын алып тастау рәсімі жасалған. Жай ғана ала салмай, ауыл ақсақалдары жиналып, балаға тілектерін айтып, бата берген, мал сойып, ет асқан. Осылайша, ата-ана ұлдарының ер жеткендігін паш етіп, елдің батасын алған. Қазіргі уақытта айдар көбіне мектеп жасына дейінгі балаларға, сүндетке отырғызғанға дейін ғана қойылады.
Кекіл – қызға да, ұлға да тән шаш үлгісі. Кекіл қою дегеніміз – маңдай тұсына шаш қою рәсімі. Жас балалардың қарын шашын тегіс ұстарамен алып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. «Кекіл балаларға жарасымды ажар береді, сүйкіміне сүйкім қосады» деп есептеген және кекілде ата-ананың үкілеген үміті, балаға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі жасырынған деген ұғым болған. Сонымен қатар баланың кекіліне періште ұялайды, оны қорғап жүреді деп сенген. Ғұрыптық мәнге ие бұл рәсім ежелгі дәуірде тек қазақта ғана емес, өзге де көптеген халықтарда болған.
Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдыратын болған. Оны «Тұлым шаш», «Тұлымшақ» деп атайды. Тұлымды да «Қыз балаға көз тимесін, сұлу, сымбатты болып өссін» деген ниетпен қойған. Осы жастан бастап қыз баланың шашын алмай, қарын шаштан қалған тұлымын кейін жетіліп өскен шашына қосып өріп, өсірген.
Қазақтар «Тұлымы желбіреп, бойжетіп қалыпты», «Тұлымды қыз» деп айтады. Қыз балаларға тұлым қойғанда аналар қуанып, дастархан жайып, ағайынның басын қосқан. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қараған. Оларға бар жақсы тілегін тілеп, батасын берген.
Бүгінде айдарлы ұлдарды жиі кездестіргенімізбен, тұлымды қыздар некен-саяқ.
Г.ЯХИЯ