Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалаң аяқ жүрудің пайдасы

Жалаң аяқ жүрудің пайдасы




Бейғам бала күнімізде құм болсын, жар болсын жалаң аяқ жүре беретінбіз. Балтырымызға батпақ бауырласа жабысса да, өкшеміз тілім-тілім күйге түссе де аяқ киімді киюіміз екіталай еді. Сол кезде көнекөз қариялардың өзі «Әй» деп тыйып тастауды білмейтін. Сөйтсек жалаң аяқ жүрудің сырына бұрынғылар әу бастан қанық болыпты ғой. Енді міне, сан түрлі ғалымдар мұны жаңалық ретінде жарияға жар салып жатыр.

Жалпы жалаң аяқ жүрудің пайдасынан қазақ елі ғана емес, ежелгі Мысыр, Грекия, Рим елдері де хабардар екен. Бұған өткен ғасырдың философтары ақыл-ой қабілетін нығайтудың бірден-бір жолы деп баға берген. Ал қазіргі физиологтар адамның табанында сезімтал жүйке ұштары шоғырланғандығын айтуда. Адам жүрген кезде солардың белсенділігі артады. Жалаң аяқ жүру туралы ақ халатты абзал жандардың да айтары бар. Медицина мамандары аяқ киімсіз жүру жүйке-бұлшық етін және тотығу үдерістерін белсенді күйге түсіретіндігін анықтаған. Сонымен қатар ол артериялық қысымды қалыпқа келтіріп, стенокардия, гипертония және басқа да аурулардың алдын алуда айрықша мәнге ие. Бұдан бөлек жалаң аяқ жүру психикалық ауытқушылықты болдырмайды. Адам қозғалысқа түскен кезінде бойында электр заряды жинала бастайтыны бәрімізге белгілі. Ал сіз жалаң аяқ жүре бастасаңыз, ол жерге тартылады. Мұндайда аяқ киімді шешпей жүру оның сыртқа шығуына кедергі келтіреді.
Жалаң аяқ серуендеуге таптырмайтын уақыт – жаз мезгілі. Жылдың осы маусымында балалар да алаңсыз ойнайды. Ал ересектер бір сәт жанына тыныштық сыйлап, өзіне де, аяғына да еркіндік бергені артық етпейді. Алайда, аяқ киімсіз жүргенде жадымызға ұстайтын ережелер де жоқ емес. Соның бірі – гигиеналық тазалықты сақтау. Яғни әр серуендегеннен кейін аяқты сабынмен жуып, қоректік кремді жаққан жөн. Сондай-ақ алғашқы күндері үй ішінде кілемде, еденде жалаң аяқ жүрген жақсы. Содан кейін кедір-бұдыр, салқын жермен жүріп дағдыланған дұрыс. Алғашқы күндері 15-30 минут жүрсе де жеткілікті. Аяқты шынықтыру үшін күн сайын салқын және ыстық суға батыру керек. Қар, мұз, ыстық құм мен тастар табанды тітіркендіреді. Осыдан кейін шөптің немесе жұмсақ заттың үстімен жүру организмге жағымды әсер етеді. Тағы бір ескеретін жайт, бұрыннан ауруы бар адамдар дәрігермен кеңескеннен соң жалаң аяқ жүруі керек.
Әлгінде жалаң аяқ жүрудің әртүрлі ауруға ем екенін тілге тиек еттік. Соның бір айғағы ретінде жарты ғұмырын аяқ киімсіз өткізген «Қазақтың Эйнштейінін» айтуға болады. Бір қарағанда тауды да, тасты да аяқ киімсіз кезіп, тіпті кез келген ғимаратқа жалаң аяқ кірген Нұрғали Қойшыбаевты есі дұрыс емес деп ойлауыңыз бек мүмкін. Бірақ ол дәл осылай жүру арқылы өкпе ауруының емін тапқан. Оған бұл диагноз бала күнінде қойылған. Бірақ дәрігерлерден келер қайран болмаған соң, өзі дәстүрлі емді пайдалануды жөн санайды. Ақыры аяқ киімсіз жүру жақсы әсер етіп, оны өмірлік салты ретінде қалыптастырады. Осылайша «Қазақтың Эйнштейні» дерт жабысқан денсаулығын жөнге келтірген.
Қазір еңбектеген бала ғана емес, еңкейген қария да қалтафонға үңіліп, төрт қабырғаға қамалып үйден шығуға құлықсыз болып барады. Әсіресе, қалалық жерлерде. Мұнда баланың жалаң аяқ жүргені былай тұрсын, аулада асыр салып ойнағанын да сирек көресіз. Тіпті кейбір ата-аналар баласының жалаң аяқ жер басып жүргенін ар санайды. Бірақ аяқ киімсіз жүру денсаулықты жақсартуда маңызды рөль атқаратынын ұмытпайық.

Әзірлеген М.БОЛАТ
13 тамыз 2019 ж. 2 013 0