ОЙЫНДЫ ЕМЕС БІЛІМДІ ТАҢДАҒАНДАР
Балалардың асыға күтіп, қимастықпен шығарып салатын жазғы демалыстың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Бірі демалысын лагерьде өткізсе, бірі ата-анасымен қала аралап қыдырды. Ал кейбіреуі білім алуын жалғастырды. Яғни, алтын уақыттарын Алланың үйінде өткізіп, Құран оқып, тәжуит сабақтарын алып, сүрелер жаттады.
«Оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы». Бұл Жаратушы Алла тағала тарапынан түскен алғашқы аят. Кейбір ғұлама ғалымдар осы аятты тәпсірлегенде «Оқы деп тек Құран кітапты ғана емес өзіңнің екі дүниеңе де қайырлы ілім ал, ізден» деген мағына береді деседі. Сәрсенбі күні мешіт қабырғасында демалыс уақытын тиімді пайдаланып, біліммен қатар, тәрбие алған жиырмаға жуық оқушыға арнайы сертификаттар табысталды. Серік Саттарбаев, Ибраһим Иманғалиев, Дамир Саттаров, Саят Сұңғатұлы, Мейрамбек Қазиахметов, Арыстан Абдіраманов есімді шәкірттер Құранның отызыншы парасын, яғни соңғы отыз алты сүресін толық жаттаған. Қалған шәкірттердің көрсеткіштері де жаман емес. Жиырмадан астам сүрені судыратып, қатесіз қайталап бере алады.
Балалардың білімге деген құштарлығына куә болып, сөз сөйлеген ата-ана Мұхаммедәлі қажы Бекбайұлы: «Балам мешітке келіп білім ғана алып жатқан жоқ. Тәртібі де өзгерді. Кейбір дүниелерді баламыздан үйреніп, ұялып қалатын кезіміз де болады. Ұстаздарына рақмет», – дейді.
Шара барысында ауданның бас имамы Бақыт Улжаев шәкірттерге сәттілік тілеп, сертификатпен бірге мектепке қажетті құрал-жабдықтарын табыс етті.
Бетті дайындаған Ерұлан Даткенов