Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфон ұстамайтын чемпион

Смартфон ұстамайтын чемпион

Болгария елінің астанасы Софияда өткен күрестен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жас қазақ балуаны Саматбек Ізімғали топ жарып, жарқын жеңісімен бәрімізді қуантқан еді. Елге келген спортшы және бапкерімен телефон арқылы тілдесіп, арнайы құттықтап, алдағы жоспарларын сұрадық. 

Саматбек Ізімғали Ақтөбе қаласының тумасы. Отбасындағы үш ұлдың ортаншысы. Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап, қазақ елін әлемге таныта түсу – басты мақсаты. 

Жас қазақ балуаны Нұр-Сұлтанда өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында да алдына жан салмаған еді. Әлем чемпионатында да барлық қарсыластарының жауырынын жер иіскетті. Осы орайда Софиядағы жеңісті жолы жайлы аз-кем айта кетсек.

45 келі салмақ дәрежесінде белдескен Саматбек қарсылас шақ келтірмеді. Алғашқы айналымда отандасымыз Еуропа чемпионы, әзербайжан балуаны Фарид Садихлиді 15:4 есебімен тас-талқан етіп, артынша үнді спортшысы Харштан (9:0) айласын асырды. Жартылай финалда иран балуаны Махди Ахади Зенабаны (7:0) жеңіп, шешуші кездесуде өзбек спортшысы Асадбек Бахромовты бір минутта ұтып шықты.  

- Күреске алғаш 2 сыныпта оқып жүргенімде ағам ертіп апарды. 8 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келемін, - деп бастады сөзін чемпион.


- Әлем чемпионатында барлық қарсыластарыңды тас-талқан етіп жеңдің. Бірақ қарсыластарыңның қайсыбірін алып қарасаң да кіл мықтылар...



- Белдесулерім аса қиын болды деп айта алмаймын. Азия чемпионатында жеңіске жеткен соң өзіме деген сенімділігім арта түсті. Оның үстіне сол кезде мұндай үлкен жарыстардың атмосферасын сезініп, қалай өтетініне бой үйреттім. Бірінші белдесуімдегі Еуропа чемпионы, әзербайжан балуаны Фарид Садихли табанды қарсылық көрсеткеннен кейін шығар, осы жекпе-жегім өзіме қиынға соқты. Ал финалға "тек жеңіс" деген ниетпен шығып, ойымды іс жүзінде дәлелдедім.


- Араға 5 жыл салып кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын алған спортшысың. Тұғырға көтерілгенде қандай сезімде болдың?

- Сөзбен айтып жеткізу қиын. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

- Жасың 16-да. Сабақ пен спортты қатар алып жүрген қиын ба?
- Спорт мектебі болғандықтан бұл жағынан қиындық жоқ. 11 сыныпты аяқтаған соң, болашағымды тек күреспен елестетім.
- Сені смартфон ұстамайды деп естідім. XXI ғасырдың баласы қалайша телефонға жақын емес? Әлде мұның өзіндік себебі бар ма? - Негізі бұл жағынан тыйым жоқ. Ешкім телефон ұстауға болмайды деп тартып алмады. Тек өзім үшін. Бар көңілім спортта болғанын қалап смартфон қолданбаймын.
- Арманың қандай?
- Олимпиада чемпионы болу, - дейді арманы асқақ Саматбек. 

Жаттықтырушысы Жарқын Тұрсынов та Саматбектің еңбекқорлығы мен қайсарлығын атап өтті:
- Саматбек өзінің салмағында басқа балуандарға қарағанда қара күші басым. Еңбекқор. Қайсарлығы өз алдына бір бөлек. Саматбекті Ақтөбеде Айбек Пұсырманов есімді бапкерде жаттығып жүргенде байқап қалып, оның рұқсатымен өзімнің қол астыма алдым. Соңғы 4 жыл менің жанымда жүр.  Әлем чемпионатына жеңіске жету үшін бардық. Жарыс оңай болды деп айта алмаймын. Бірінші кездесуінде азулы әзербайжан балуанын ұтты. Өзге қарсыластары да жоғары деңгейдегі спортшылар. Дегенмен бәрін таза және ойсырата жеңдік. Бұл Саматбектің мықтылығы шығар. Алда жарты жыл кілемге шықпаймыз. Тек дайындаламыз. Ресми жарыстарға қатыспай, демалыс алады.  Шәкірттеріме бірінші кезекте өтірік айтпаңдар деп міндет қоямын. Кілемге шыққанда өздерінің ер-жігіт екенін ұмытпай, намысты бермеуге үйретемін, - деді Жарқын Тұрсынов. Саматбек пен Жарқын Тұрсынов жаттықтыратын барша балуандардың еңбегіне жеміс тілеп, жылы қоштастық. Күрес түрлерінен ел абыройын асырар апайтөс балуандарымыз көп болғай!

Massaget.kz сайты

08 тамыз 2019 ж. 416 0