«Арыстан патша» кинотуындысы қазақша сөйледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 18 шілде күні Қазақстанда көптен күткен Disney ремейкі «Арыстан патша» кинотуындысы прокатқа шығады. Осы орайда 17 шілде күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында кинотуындының жабық көрсетілімі өтті.
Фильм «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасының аясында дубляждалған. Дубляж демеушісі BI Group компаниясы. Жоба Nur Otan партиясы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.«Бүгін көптен күткен «Арыстан патша» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі болды. Бұл «Өзіңнен баста» жобасы аясындағы 31-көрініс. Қазақша дубляждың демеушісі BI Group компаниясына алғыс білдірем және «Болашақ» корпоративтік қоры мен BI Group компаниясы Walt Disney Pictures, Pixar және Sony Pictures компанияларының тағы жеті фильмін дубляждауға 2020 жылға арналған меморандумға қол қойғаны жайлы жариялаймын», - деді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Чайжунусова.
Динара Чайжунусова «Өзіңнен баста» жобасы мемлекеттік қаржыны тартпайтынын, қазақстандық жеке компаниялар мен меценаттардың демеушілігімен ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Қазіргі таңда кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдер прокатының ыңғайсыз уақыты туралы шағымдар келіп түсуде. 2018 жылы Қор қолданыстағы заңнамада көрініс таппаған сала субъектілері үшін салықтық преференцияларды қоса алғанда, кинотеатрлардағы аудиториялар үшін қазақ тіліндегі контенттің тең қол жеткізуіне қатысты «Кино туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізді. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмысты қазақ тілі мен мәдениетін дамыту саласындағы уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, жалғастыруы керек», - деді Чайжунусова.
Aray Media Group студиясының негізін қалаушы, продюсер Айгүл Қыдырғалиқызы анимациялық туындыны дубляждау процесі туралы айтып берді.
«Арыстан патша» Disney-дің ең үздік он туындыларының ішіне кіреді. Бұл жобаны бүкіл әлем күтіп отыр. Бізге де дүниежүзімен бірге туындыны тамашалау бағы бұйырып тұр. «Арыстан патша» туындысы 1994 жылы 25 жыл бұрын көрсетілді. Көптеген үлкен марапаттарға ие болды. Біз де дубляжға келген кезде ең керемет актерларды алдық. Тіл мамандарының жұмысы өте үлкен. Ағылшын тілінен тікелей аударып, қазақ тіліне бейімдеу және айналдыру процесі жүрді. Мысалы, Scar (кейіпкер есімі – авт.) дегенді орысша аударғанда «шрам» болады, ал қазақша – «тыртық». «Тыртық» деген жағымсыз, контексті игермейді. Ұжыммен ұзақ ойлана келе режиссердің ұсынысы «Ызғар» деп қойдық. Ызғар ол қанішер, қатыгездікпен ақылдылық үйлесімін тапқан ызғар мен арыстанның ырылы бар. Симбаның әкесі Муфасаның аузына қазақтың мақал-мәтелдерін салдық. Тимон мен Пумбада тамаша қазақы қалжыңдар болды», - деді продюсер.
Ал дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстауға шамамен 50-55 күн кеткенін, мәтінмен жұмыс, аудару ең ұзақ уақыт алғанын айтты.
«Кастинг Алматы, Астана қалаларында өтті. Осы жолы кастингке театр актерлері ғана емес, кино актерлері қатысты. Музыкалық туынды болғандықтан өте көп жұмыс атқарылды. Екі аптаның өзі музыканы жазуға кетті», - дейді ол.
Синопсис:Махаббат пен достық, адалдық пен билік үшін күрескен Африкалық Саваннаның мекен етушілері туралы Disney-дің анимациялық кинотуындысы. Аңдардың патшасы Муфасаның мұрагері Симба дүниеге келеді. Фильм мұрагердің тынымсыз еркеден бақытсызға жанға дейінгі, бейқам кезбеден құтқарушы мен барлық аңдардың әміршісіне дейінгі бұралаңға толы өмір жолын баяндайды.